Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Бұл мерейтой Қазақстанда ғана емес халықаралық деңгейде атап өтілгелі отыр.
Бүгінде Абайдың әдеби мұрасы, философиялық ойлары мен қоғамдық қызметі ұлттық мәдениетіміздің негізіне айналып отыр. Сондай-ақ оның шығармашылығы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.
Абай мұрасының маңыздылығын насихаттаудың бір жолы – оның өмірі мен шығармашылығына арналған көркем фильмдер. Бүгін біз ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы қарсаңындаАбайдың асқақ бейнесін сомдаған кинолар туралы сөз қозғамақпыз.
Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы қазақ кино өнерінде бірнеше рет бейнеленген. Оның бейнесі экранда әр түрлі режиссерлердің көзқарасымен көрсетілді, бұл Абай мұрасының әмбебаптығын және оның әр дәуірдегі маңыздылығын дәлелдейді.
Абай туралы ең алғашқы фильм 1945 жылы түсірілді. Ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай түсірілген бұл туынды Абай әндері» деп аталды. Фильм Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясында (қазіргі «Қазақфильм») түсірілді. Ұзақтығы - 90 минут.
Режиссерлері Григорий Рошаль мен Ефим Арон, сценарий авторы Мұхтар Әуезов болды. Фильмде басты рөлді Қалибек Қуанышбаев сомдап, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Әмина Өмірзақова сынды өнер майталмандары ойнады.
Қалибек Қуанышбаев Абайдың ішкі жан дүниесін, ойшылдығын шебер жеткізді, әсіресе ақынның қарасөздеріне терең үңіліп, образды шынайы аша білді. Фильм Абай өмірінің бір қырын, оның халық қамқорлығын, озат ойлы жастармен байланысын суреттейді. Негізгі оқиға Абайдың шәкірті Айдардың ескі дәстүрді бұзып, Ажар есімді қызды алып қашу оқиғасынан өрбиді. Абай жастарды қорғап, әділдік үшін күреседі, бірақ тойы үстінде Шәріп қымыз құйған кесеге у салып, бақталасы Айдарды өлтіреді. Айдардың улануы ақынға ауыр соққы болады.
Фильм театр өнеріне жақын стильде түсірілгенімен, 1946 жылы Мәскеуде өткен тұсаукесер рәсімінде көрермендер жылы қабылдады.
«Бұл фильм Мұхтар Әуезовтің сол кезде жазып жүрген Абай жөніндегі эпопеяның бір үзігі, бір көрінісі секілді. Оған ұлы ақынның бейнесі толық көрінбейді деп кінә артуға болмайды. Ол бір фильмге ауыр жүк. Бірақ Абай өмірінің басты оқиғалары мен бағыттарын көрсете алған. Абайдың ойшылдығын, ақындығын, халық қам¬қоры екендігін, озат ойлы адамдармен жақындығын, жаңаша жастармен бірге екенін суреттеген», - деп жазған екен «белгілі қоғам қайраткері, публицист Камал Смайылов өзінің Абай әндері атты мақаласында
Биыл фильмнің шыққанына тура 80 жыл толды. «Абай әндері» фильмі ақын бейнесін экранға шығарған алғашқы әрі ерекше туынды ретінде тарихта қалып отыр. Сонымен қатар, бұл фильм соғыс жылдарында түсірілгеніне қарамастан, қазақ киносының дамуындағы маңызды қадам болды.
Арада 50 жыл өткен соң яғни ақынның 150 жылдығына қарсаңында (1995 жылы) Ардақ Әмірқұловтың екі бөлімнен тұратын «Абай» атты көркем фильмі өмірге келді. Фильмнің сценариі белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен жазылды.
Аталмыш фильмде режиссер ақынның өмірбаянын кеңінен қамтуға тырысқан. Фильмде Абайдың балалық шағы, білім алуы, қоғамдық қызметі және шығармашылық жолы түгел көрсетіледі. Фильм Абайдың философиялық және әлеуметтік ойларын тереңірек ашуға тырысады, сонымен қатар оның шығыс және орыс мәдениеттерін зерттегенін бейнелейді. Абай рөлін Ғабиден Тұрақбаев сомдады. Фильмге сонымен қатар Б. Римова, Ф. Жантілеуова, Б. Бейшеналиев секілді талантты актерлер ойнады. Туындыға Әбіш Кекілбаев әдеби кеңесші болды.
2020 жылы Хәкім Абайдың 175 жылдық мерей тойы қарсаңында тағы бір фильм түсірілгені белгілі. Бас-аяғы алты сериядан тұратын үшінші фильм «Qazaqstan» корпорациясының төл туындысы. Телехикая «Абай» деп аталды. Телехикая Абайдың кемеліне келген кезі мен балалық шағынан сыр шертеді. Сондай-ақ Абайдың болыс болған шағы мен сол дәуірдегі саяси әрі тарихи оқиғалар көрініс тапқан. Фильмнің қоюшы-режиссері – Мұрат Бидосов. Телехикаяға жазушы-драматург Дулат Исабеков кеңесшілік етті. Басты рөлді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сомдады. Сценарий авторы – Сержан Зәкерұлы .
Меге жоба ретінде түсірілген бұ туындыны көрермен үлкен ықыласпен қабыл алды.
Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Хабар» телеарнасының төл өнімі «Абай жолы» деп аталатын сериал жарыққа шығады деген ақпарат тараған еді. Бірақ жоба туралы нақты ақпарат таба алмадық.
Абай Құнанбайұлы (1845–1904) – қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы және қоғам қайраткері. Ол шығыс пен батыс мәдениеттерін ұштастыра отырып, қазақ халқының рухани әлемін байытты. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері әлеуметтік, моральдық және гуманистік мәселелерді қозғайды, оның шығармалары бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның «Қара сөздері» философиялық тереңдігімен және классикалық стилімен ерекшеленеді, ал өлеңдері халықтың санасын оятуда маңызды рөл атқарды. 2025 жылы Абайдың 180 жылдығына арналған мерекелік шаралар 1 тамызда «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл цифрлық платформа ақынның шығармашылығын жүйелеп, зерттеушілер мен қалың оқырманға қолжетімді етуді мақсат етеді.
Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында жаңа киножобалардың түсіріледі деп күтіліп отыр.
Он күнге созылған мерейтойлық шаралар республиканың барлық өңірінде өткізілді, соның ішінде халықаралық конференциялар, әдеби кештер және шығармашылық жобалар ұйымдастырылды.