Жұбаныш Райымбек: Алаш мұрасы Ақтөбе архивтерінде әлі толық ашылған жоқ
Бөлісу
17.07.20252163
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында жалпыұлттық сипат алған Алаш қозғалысы – ұлт тағдыры үшін күрескен арыстардың мемлекетшілдік идеясы мен азаттық жолындағы жанкешті еңбегінің айрықша көрінісі. Бұл қозғалыс тек орталық қалаларда ғана емес, сонымен қатар өлкелік өңірлерде де кең өріс алып, ұлттық оянудың өңірлік ошақтарын қалыптастырды. Соның бірі – Ақтөбе қаласы.
Ақтөбе өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің ізі, олардың ел мен жер үшін еткен еңбегі, мұралары мен тағдыр жолдары бүгінгі күні әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Бұл бағытта тыңғылықты ізденіс пен архивтік құжаттарға сүйенген нақты ғылыми ізденіс жұмыстары қажет. Алаш идеясын дәріптеу, жергілікті тарихтың көмескі тұстарын қайта жаңғырту – бүгінгі зерттеуші буынның міндеті. Осы орайда біз Алаш қозғалысының өңірлік тарихын зерттеп жүрген өлкетанушы, зерттеуші Райымбек Жұбанышпен сұхбаттасып, Ақтөбе топырағындағы Алаш арыстарының мұрасы, олардың тағдыры мен бүгінгі ғылыми айналымға ену барысы жөнінде пікір алмасқан едік. Зерттеушінің архивпен жұмыс барысындағы жеке тәжірибесі мен тұжырымдары оқырманға тың ой, нақты дерек береді деген сенімдеміз.
– Біз сізді ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғаларды зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы, өлкетанушы ретінде жақсы білеміз. Дегенмен, өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз.
– Аты-жөнім – Жұбаныш Райымбек. Туған жерім – Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Қопа ауылы. Аталмыш ауылдағы орта мектепте білім алып, Ақтөбе қаласында орналасқан Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте бакалавриат пен магистратураны тәмамдадым. 2016 жылдан бері өлкетанушы ретінде Темір ауданының топонимдік жер-су атаулары мен тарихи тұлғалары бойынша зерттеу жүргізіп келемін. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін бес кітап жарық көрді. 2021 жылдан бастап Ақтөбе облысы бойынша күштеп жер аударылған халықтар мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау және оларды көпшілік қауымға таныстыру мақсатында облыстық архив құжаттарын зерделеумен шұғылданып жүрмін. 2023 жылы «Ақтөбе облысына күштеп жер аударылған халықтар: тарихы мен тағдыры» атты монографиям жарық көрді. Бүгінгі күні Ақтөбе өңірінде, оның ішінде бұрынғы Темір уезінде 1926-1933 жылдары жүргізілген «Назар-Жекей» ісі бойынша архив құжаттарына сүйене отырып жазылған тағы бір зерттеу еңбегім ғылыми кеңестің қарауын күтіп отыр. Осы жұмыстармен қатар Ақтөбе өңіріндегі Алаш қозғалысы мәселесімен де шұғылданып жүрмін
– ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ақтөбеде саяси-идеялық ахуал қандай болды? Халық Алаш идеясын қалай қабылдады?
– ХХ ғасырдың басы тек қазақ жерінде ғана емес, әлемдік деңгейде саяси бетбұрыстар басталған кезеңмен ерекшеленеді. Оның ішінде қазақ жерін барынша иеленуге тырысып, отарлық бұғауды одан әрі тарылта түскен Ресей империясы да жаңа бір кезеңнің табалдырығында тұрған еді. Міне, осындай саяси процестер шиеленіскен тұста қазақ қоғамы да қарап қалмай, алдағы өзгерістерге мүмкіндігінше дайындала бастады. Оған ғасырдың басында өткен «Қарқаралы петициясы» секілді қазақ зиялылары қол қойған үндеу хаттарды мысалға келтіруге болады. Дегенмен, осындай саяси процестер мен айтулы тарихи оқиғаларды сөз еткенде жергілікті жерлердегі саяси қайраткерлер назардан тыс қалып жатады. Осы кезеңде Ақтөбе өңірінде Б.Қаратаев, А.Қалменов секілді І Мемлекеттік Дума депутаттары, Ресейдің ішкі облыстарында білім алып жүрген жас студенттер мен діни қайраткерлер жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын жете түсініп, халықты ескі рулық-патриархалдық жүйеден арылтып, жаңа кезеңге аяқ басуға әрекеттенді. Олар әртүрлі қалаларда білім алып жүрген кезінде елге келген сапарында барынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ұлттық тұтастық жолында бірлікке шақырды. Осы кезеңде Ақтөбе өңірінде жаңаша ойлай білетін, алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясымен ортақ идеяға тоғысқан жаңа толқын пайда болды. Олардың қатарында Т.Шонанұлы, Т.Жаманмұрынов, Ә.Жүндібаев, С.Досжанов, Ғ.Есенғұлов және басқалар бар еді. Бұл азаматтар Ақтөбе өңірінде Алаш идеясын одан әрі нығайтуға күш салды. Сонымен қатар, жергілікті байлар мен діни қайраткерлердің де еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Олардың көбінің жеке іс-қағаздарында 1917-1920 жылдар аралығында Алаш идеясын қолдағандары жайлы нақты деректер кездеседі.
Жергілікті халық Алаш идеясына теріс қарамаған. Оған мысал ретінде азамат соғысы жылдарында Жаһанша Досмұхамедұлы бастаған Алаш жасағын Ақтөбе өңірінің азаматтары ерікті түрде толықтырып отырғанын айтуға болады. Ж.Досмұхамедұлының жасағы Темір қаласына келгенде Е.Каналин, Ғ.Есенғұлов, Б.Қожахметов бастаған жергілікті азаматтар жасақты толықтырып, өздері жол көрсетіп, бүгінгі Ізімбет станциясы маңында қызыл әскерге тойтарыс бергені жөнінде архив деректері куәлік етеді. Сонымен қатар, Ақтөбе өңірінде Алаш идеясы Темір, Қобда, Ойыл, Шалқар, Ырғыз өңірлерінде кеңінен насихатталып, кеңес билігі бұл жерлерде Алаш партиясының ұяшықтары ретінде жекелеген тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жүздеген адамның тізімі жасалып, олар саяси қудалауға ұшырады. Ақтөбе өңірінде Алаш идеясы берік орнығып, стратегиялық маңызы бар аймаққа айналғанының тағы бір дәлелі 1917 жылы Мұстафа Шоқайдың осы қалаға келуі. Ақтөбенің теміржол бойында орналасқанын негізге ала отырып, М.Шоқай бұл қалада аялдады деп айтуға болады. Алайда мәселе тек географиялық ерекшелікте емес. Бұл өңірде М.Шоқаймен пікірлес, әртүрлі съездерде бас қосқан, саяси көзқарасы ортақ қайраткерлердің болуы да оның келуіне әсер етті. Орынборда өткен Жалпы қазақ съезінің делегаттары С.Досжанов, Ә.Жүндібаев, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, А.Кенжиндер осы өңірде тұрған еді. Ақтөбеде тұрақтай алмаған Мұстафа Шоқай Темір қаласына барған. Онда оны С.Қаратілеуов, А.Кенжин, Ғ.Есенғұловтар күтіп алғаны ешқандай дау туғызбайтын тарихи факт. М.Шоқайдың жары Мария Шоқайдың естелігінде айтылатын Темір қаласындағы тұрған үйлері әлі күнге дейін сақталған (1-сурет). Екі күннен кейін ақ гвардияшылар Темір қаласын басып алған соң, Мұстафа Шоқайға арба тауып беріп, оны Ойылдағы Халел Досмұхамедовке қарай шығарып салады. Міне, осы деректің өзі Ақтөбе өңірінде Алаш идеясының қаншалықты деңгейде өрістеп, мемлекеттік дәрежедегі маңызы болғанын дәлелдейді.
1-сурет. Темір қаласында М.Шоқай тұрақтаған ғимарат
– Алаш идеясын қолдаған, Ақтөбе өңірінен шыққан қайраткерлердің ішінен кімдердің есімін ерекше атап өтер едіңіз?
– Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, оның Ақтөбе жеріндегі алдыңғы қатарлы мүшелерінің бірі – Әбдіхамит Жүндібаев (2-сурет). Ол 1917 жылы шілде және желтоқсан айларында өткен Жалпы қазақ съездерінде белсенділік танытып, шұғыл түрде автономия жариялау керектігін жақтаушылардың қатарынан табылды. Әбдіхамит Жүндібаев қазақ съезі қабылдаған шешімге сәйкес Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Бірімжановтармен бірге Алаш партиясының бағдарламасын жасақтауға қатысады. Одан кейін де саяси істерде белсенділік танытқанымен, өкінішке қарай, өмірден ерте өтті.
Одан бөлек, С.Досжанов пен Т.Жаманмұрыновты да атап өтуге болады. Бұл азаматтар туралы бүгінгі күні біршама баспасөз беттерінде мақалалар жарық көріп, жергілікті тарихшы-ғалымдардың зерттеулері арқылы мемлекеттік деңгейде таныла бастады. Дегенмен, олардың толыққанды ғылыми айналымға енуі әлі де болса кенжелеп келеді.
Ғылыми тұрғыда зерттелуі кеш жүріп жатқан тұлғалардың бірі – Темір өңірінен шыққан дәрігер, Уақытша үкіметтің Темір уезіндегі комиссары, Алаш қайраткері Ғұмар Есенғұлов. Бүгінде Ғ.Есенғұлов туралы баспасөз беттерінде бірлі-жарым мақалалар жазылған. Алайда оның Орынборда өткен Жалпы қазақ съезіне қатысуы мен 1925 жылдан кейінгі тағдыры архив деректерімен әлі де толық дәлелденуі қажет.
1923-1926 жылдары Темір уезінде «Назар-Жекей» жаласы кезінде Ғ.Есенғұловты «Назар» руының жетекшісі ретінде айыптайды. Тіпті, оны 1927 жылдың 30 сәуірінде Саратов қаласына жер аударады. Алайда оның елге нақты қашан оралғаны белгісіз. Өйткені 1965 жылға дейін Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қурайлы ауылында дәрігер болып қызмет еткені анық (3-сурет). Ал кейбір еңбектерде Ғ.Есенғұлов 1930 жылы дүниеден өткен деп көрсетіледі. Шын мәнінде, ол ЕТЛ-дан (еңбекпен түзеу лагерінен) аман өтіп, өз ажалынан 1970 жылдың 28 шілдесінде қайтыс болған. Жерленген жері бүгінде анықталып отыр. ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлерімен бір көзқараста болып, Темір уезіндегі ниеттес азаматтардың бірі – Каналин Елтай. Қызмет жолына қарайтын болсақ, ол әуелден-ақ революциялық көзқараста болып, жергілікті биліктің назарына іліккен. Мысалы, 1905 жылы Темір қаласына Ипмағамбетов Нұрғалидің келуімен Темір уезінде бірқатар көзі ашық азаматтарда патшаға қарсы революциялық пікірлер қалыптасып үлгерген. Олардың қатарында Каналин Елтай да болды. 1917-1920 жылдары саяси істерге белсенді араласып, кейін үкімет тарапынан қуғынға ұшырайды. Темір уезіндегі «Назар-Жекей» ісі бойынша жетекшілік етті деген айыппен 1927 жылы Қазан қаласына жер аударылған. Үш жылға жазасын өтеуге кеткен Елтайдың елге нақты қашан оралғаны белгісіз. Алайда 1930 жылдан кейін оның есімі контрреволюциялық ұйымның жетекшісі ретінде айтыла бастайды. Осы іске байланысты 1933 жылы 25 наурызда өте құпия түрде жазылған Ақтөбе облыстық ОГПУ-дің есептік құжаты сақталған. Құжатта контрреволюциялық ұйымдарды әшкерелеу кезінде Ақтөбе облысы бойынша буржуазиялық-ұлттық ұйымның ашылғаны және оның мүшелерінің тізімі келтірілген. Дерекке сәйкес, ұйым 1930 жылдан бастап Ақтөбе, Ақбұлақ, Ойыл, Темір, Табын аудандарына тараған. Темір өңірі бойынша колхоздарды да қамтыған. Оның ішінде №7, 8, 13 және 14 ауылдар бар.
Облыстық орталықтағы жетекшілер – 25 адам. Темір ауданы бойынша: Каналин Елтай, Жауымбаев Қажығали, Өтепбергенов Ілияс, Қожахметов Бексұлтан, Құлбасов Жұмабек, Нейталин Ысқақ, Нұрпейісов Ерпейіс, Сарбасов Абдолла (Каналин Елтаймен бірге Бершүгір лагерінде болған).
Ұйымның негізгі мақсаттары:
Аудандардағы кеңестік шаруашылық құрылысын жою;
Орта Азияға қарай жаппай көшу ұйымдастыру;
Қарулы бандалық көтерілістер ұйымдастыру.
Міне, осындай айыптаулар арқылы Каналин Елтайды Ақтөбе өңіріне жолатпауға тырысқан. Бұл істе басқа да көптеген азаматтардың есімдерін атап өтуге болады. Бірақ қазіргі зерттеп жүрген тақырыбыма сәйкес қысқаша шолу жасауға тура келді. Осы тұрғыда Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде Алашқа қатысы бар көптеген тұлғалардың есімдері сақталған. Бүгінде осы тізімде көрсетілгендердің жеке іс-қағаздарын тауып, ғылыми айналымға енгізу қажет деп есептеймін.
2-сурет. Ахмет Байтұрсынұлының артында, ортада тұрған Әбдіхамит Жүндібаев3-сурет. Ғ.Есенғұловтың 1950 жылдары Қурайлы ауылында дәрәгер болып жұмыс жасап жүрген кезі
– Есімі аталған қайраткерлердің ғұмырнамасын зерттеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Жергілікті мұрағаттарда сақталған тың деректер бар ма?
– Ең басты қиындық Каналин Елтай, Қожахметов Бексұлтан, Қалменовтер әулеті болсын, олардың нақты архивтік деректерінің тапшылығы. Өмірбаяндарына қатысты мәліметтер бар, бірақ саяси қызметтеріне байланысты жазылған деректер өте аз. Себебі, аталмыш азаматтардың жалпы көзқарастары жөнінде нақты мәлімет беретін айғақтар қажет болып отыр. Бүгінгі күні Бірінші Мемлекеттік Дума депутаты, өзі де, балалары да Алаш идеясын қолдаған Алпысбай Қалменовтің жерленген жерін анықтау қажет. Деректерде оның 1939 жылы Қызылорда қаласында дүниеден өткені айтылған. Сол сияқты, қолымда 1927 жылы түсірілген Елтай Каналиннің інісі Ғиззаттың отбасылық суреті бар (4-сурет). Бұл фотосуретті маған 2014 жылы бір әйел адам келіп беріп кеткен. Суретке қосымша берілген анықтамалықта байланыс нөмірі жазылған, алайда көрсетілген нөмір тіркелмеген болып шықты. Ал ол әйел Каналиндер әулеті туралы ақпарат беретін бірден-бір адам болуы мүмкін еді. Өкінішке қарай, оны табу да мүмкін болмай отыр. Бұл тақырыпты зерттеудегі басты қиындықтардың бірі. Тиісінше, олардың ұрпақтарын тауып, тарихи тізбектің сюжетін ашу – бүгінгі күннің кезек күттірмес маңызды мәселесі деп есептеймін.
4-сурет. 1927 жылы Темір қаласында түсірілген сурет(Ескерту: сурет қайта өңделген). Елтай Каналиннің інісіҒиззат Каналин отбасымен
– Ақтөбелік Алаш арыстарының мұрасы мектептер мен ЖОО-ларда жеткілікті дәрежеде насихатталып жатыр ма?
– Жалпы, ғылымда белгілі бір деңгейге жету үшін біраз еңбек ету қажет деп есептеймін. Өйткені бұл тақырып, жоғарыда айтып өткенімдей, жекелеген авторлардың зерттеулері мен ғылыми мақалалары түрінде немесе мерзімді баспасөз беттерінде ғана жарияланып келеді. Алайда Ақтөбедегі Алаш мәселесіне қатысты толыққанды, жүйелі зерттеу еңбектері әлі де жазыла қойған жоқ. Дегенмен, бұл бағытта зерттеуге талпынып, архивтік материалдармен жүйелі түрде жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Мектеп деңгейінде бұл тақырып ғылыми жобалар аясында оқушылар тарапынан таңдалып, олардың жас ерекшелігіне сай жұмыстар жазылып жүр. Ал жоғары оқу орындарында студенттерге Алаш мәселесі, оның ішінде жергілікті қайраткерлер туралы бүгінде көбірек айтылып жүр деп ойлаймын. Өйткені магистранттардың диссертациялық тақырыптарында саяси қуғын-сүргін, ұжымдастыру, діни қайраткерлер, кәмпеске мәселесі жиі көрініс табуда. Сондықтан Алаш тақырыбы да бұл бағытта назардан тыс қалмайды деп толық сеніммен айтуға болады.
– Алаш қайраткерлерінің идеялары қазіргі Қазақстан қоғамына қандай үлгі бола алады?
– Расында, Алаш арыстары аңсаған азаттыққа қазақ баласы бүгінгі күні қол жеткізді. Бірақ олар мақсат еткен көптеген мәселелер бойынша бүгінде қалыс қалып келеміз. Бұл, әсіресе, ғылым, білім, мәдениет салаларында айқын байқалады. Алаш арыстары мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесіне айрықша назар аударып, аса ыждағаттылық таныта білді. Тіл мен дін мәселесіндегі қазіргі жіберіп жатқан кемшіліктерімізді олар сол кезеңнің өзінде жүйелі түрде көтеріп, шешу жолдарын ұсынған. Бастауыш сыныпта ана тілінде білім беру, дін мен мемлекеттің бір-бірінен бөлінуі, демократиялық қоғам орнату сынды мәселелер қазіргі қоғам үшін үлгі болуға тиіс. Жастарды ғылымға баулу, ғылыми дәреже беру ісінде де Алаш қайраткерлері өз дәуірінен озық ойлай білді. Сондықтан ұлтты тәрбиелеу жолындағы олардың ұстанымдары мен идеялары біз үшін әрдайым үлгі болуы керек деп есептеймін.
– Алаш мұрасын танымал ету үшін қандай бастамалар қажет деп есептейсіз?
– Алаш мұрасын зерттеу ісі тәуелсіздік алған уақыттан бері қарқынды түрде дами бастады. Қазіргі таңда зерттеу бағыты біртіндеп жекелеген тұлғалардың саяси қызметін зерделеуге ойысқан секілді. Бұл мәселені терең зерттеуге бетбұрыс жасалғанын білдіреді. Жалпы сипаттағы тақырыптар зерттеліп болғаннан кейін, ендігі кезекте жергілікті деңгейдегі Алаш мұрасын нақты архивтік материалдар негізінде зерттеу – басты міндеттердің бірі. Осы тұрғыда ғылыми мақалалар мен монографиялардан бөлек, көпшілік оқырманды тартуға бағытталған жұмыстар қажет. Ол үшін бірінші кезекте оқырманның сұранысына сай кітаптар жазылуы тиіс. Кітаптарда қатып қалған ғылыми терминдер мен күрделі концепцияларды молынан қолдану оқырманды жалықтырып жібереді. Біз көбінесе ғалымдардың көңілінен шығу үшін мәселені тым күрделендіріп жібереміз. Ал қарапайым оқырман сіздің жазбаңыздан өзіне қажетті мәліметті ала алмай жатады. Сондықтан ғылыми талапты сақтай отырып, тілі жатық, түсінікті әрі жеңіл оқылатын еңбектер жазуға бейімделуіміз қажет. Екінші маңызды мәселе – заманауи технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалану. Бұл ретте зерттеуші мамандардың қатысуымен жұмыс жүргізген абзал. Технологияның әлеуеті мен зерттеушінің мазмұндық біліктілігі ұштасқанда, екі жақты аудиторияны қамтитын тиімді контент қалыптастыруға болады. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктер ашылады. Міне, осылайша заман талабына сай, оқырман сұранысына бейімделген форматта жұмыс істей білсек, Алаш тақырыбын одан әрі кең ауқымда дамыта түсуге толық мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.
– Сұқбатыңызға көп рақмет! Ғылыми зерттеу жолыңызға табыс тілейміз!