Екі мың жиырма бірінші жылдың қазан айының басында біз – Қаратай атаның ұрпақтары: Дәулет Әшімхан, Әділ Сайлаубек, Мерей Қайнарұлы төртеуіміз Астанадан аттанып, Қарағанды облысындағы Ақсу-Аюлы өңіріне бет алдық. Жолсерігіміз – Дәулеттің дәу Джипі. Темір тұлпарымыз тақымға ыңғайлы, жүрісіміз жеңіл, көңіл-күйіміз көтеріңкі. Жол бойы өскемендік жігіттермен әзіл-қалжың аралас әңгіме-дүкен құрып, көзді ашып-жұмғанша Ақсу-Аюлыға жеттік.
Онда бізді күтіп отырған – өңірдің қадірлі қариясы, шежіреші қаламгер, кәнігі өлкетанушы Кәмел Жүністегі ағамыз еді. Ағамызға арнайы сәлем бере барып, сапарымызға ақ батасын алдық. Дастархан басында көзіміз бірден қабырғаға ілінген Кенесары ханның ас ішкен үлкен табағына түсті. Тарихи жәдігерге қарап отырып, өткеннің ізімен тілдескендей күй кештік. Қаламгердің үйінің бір бөлмесі – кішігірім музей дерсің. Мұнда көненің көзі – ескі домбыралардың түр-түрі, ас бұйымдары, ат әбзелдері мен садақ, жебе, қылыш секілді қару-жарақтар, аңшылық құралдары қатар тізіліп тұр.
Қош, сонымен келесі бағытымыз – аңызға толы, тарихқа бай Тайатқан-Шұнақ өлкесі болатын...
Ұлан-ғайыр даланы дүбірлетіп, соңымыздан ұбақ-шұбақ шаң шұбатып, өзіміз де елеңдеп, ойлы да сырлы сапарымызды жалғастырып келе жатқанбыз. Киікті стансасының адырлы өлкесіне ене бере, айнала мүлгіген тыныштық пен сары даланың сарыны бізді өзгеше күйге бөлеген. Шамамен елу шақырымдай жол жүріп, алыс көкжиекке көз тігіп отырғанымызда, қыр басында сұлбасы айқындалып, алыстан мұнартып бір зират көрінді.
Бұл – Қаратай бабамыздың мәңгілік мекені, қасиетті моласы еді…
Осы тұстан тура жеті шақырымдай жерде тағы бір еңселі зират бар – ол даңқты Ағыбай батырдың кесенесі. Батыр рухына қызмет етіп, шырақ жағып жүрген ақсақалдың есімі Хамит Мұсабеков екен. Ол кісі бұл даланың шежіресін сонау адамзаттың алғаш пайда болған кезеңінен бастайды. Бұл жайында кейінірек толығырақ тоқталамыз.
Ал әзірге біз – жанымызда жер тарихын жетік білетін шежіре қарт, өлкетанушы Кәмел Жүністегі бар – Қаратай бабаның киелі зиратына келіп жеттік.
Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ пен қалмақ арасындағы ең соңғы кескілескен шайқас осы өлкеде, 1771 жылы өткені айтылады. Жоңғарияға кері шегінген Еділ қалмақтарының соңынан Әбілқайыр хан бастаған қазақ жасағы мен орыстың бір дивизиялық әскері аттанып, бұл қырғын соғысқа араласқан. Бұл оқиға жайында зерттеушілер капитан Рычковтың жолжазбаларын алға тартады.
Әрі қарай Ағыбай батыр кесенесінің шырақшысы, дала тарихының тамыршысы Хамит ақсақал сол замандағы ауызша деректерге сүйене отырып, әңгімені былай өрбітеді:
– 1771 жылы қазақтың қалың қолы мен қалмақ әскері осы маңда бетпе-бет келіпті. Сонда қалмақ ханы «170 мыңдай халқым қалды, құдай жаратқан халықты қырып жіберу не әдеп?! Қырық батырға – қырық батыр шығарайық. Кім жеңсе, соның айтқаны болсын», – деп бітімге келудің жолын ұсынады. Қазақ жағы бұл ұсынысты қабыл алады. Жекпе-жекке шыққан қазақтың қырық батыры жаудың батырларын түгел жайратқанымен, сол шайқаста Көкжарлы Қаратай батыр ерлікпен қаза табады.
Осыған куә болған Абылай сұлтан:
– Бұл жота бұдан былай «Қалмаққырған» деп аталсын. Көкжарлы Қаратайды төбе басына жерлеп, үстіне күмбез орнатыңдар! – деп бұйрық береді. Хамит ақсақалдың айтуынша, Абылай заманында батырлар кесенесі күмбезді киіз үй пішінінде тұрғызылған екен. Расында да Қаратай батырдың кесенесі биік дөңнің үстінде тұр. Маңайынан көзге түсетін үйінді тастар сол бір шайқаста шейіт кеткен сарбаздар басына қойылған ескерткіш тастар болуы әбден мүмкін.
Ежелгі дәстүр бойынша, жауға шапқан, ел қорғар ерлер қаза тапса, олардың рухына тағзым ретінде биік төбеге жерленіп, басына белгітас орнатылатын. Қаратай батырдың мәңгілік мекеніне жеткенімізде, дөң басындағы мазарат жанынан шашырай жатқан үйінді тастар соны меңзесе керек. Тегі, олар да осы өңірде болған қанды шайқаста қапыда жан тапсырған сарбаздардың жатқан жері болса керек...
Қаратай мазарынан сәл әрірек тұста көзге оттай басылған қара гранит тас орнатылыпты. Онда: «Найман Көкжарлы Қаратай. ХVII–XVIII ғғ. Батыр бабаға – катонқарағайлық ұрпақтарынан» деген жазу қашалып жазылған.
Мазардың кіреберіс есігіне қашалған найман таңбасы көзге бірден түседі. «Бісміллә» айтып, тарлау есіктен еңкейе жүріп, ішке ендік. Тынысты тарылтқан ауыр салмақ, тылсым тыныштық ішінде үш адамның жерленгенін көрдік.
Көнекөз қария Хамит ақсақал батыр баба рухына құран бағыштап, дұға жасады. Біз де іштей үнсіз дұға тілеп, қол жайып бет сипадық. Осы қасиетті сәтте шырақшы ақсақал бізге өзінің жадында сақталған ескі естеліктерді, көнеден жеткен киелі әңгімелерді сабырмен шертіп айтып берді...
Бұдан бөлек, ел мен жер тарихын тереңнен зерделеген жазушы, қазақ әдебиетінің классик тұлғасы Қалихан Ысқақ Қаратай батырдың қолбасшылық ерлігіне тоқтала отырып, оның тағдырын күрделі кезеңдермен сабақтастыра сипаттайды:
«Қилы-қиын заманда Сырға дейін шегініп, бабасының моласын Қаратауда қалдырып, атасының зиратын Арқадағы Тайатқан-Шұнақта тастап, Маңырақтан туған жері Катонқарағайға XVIII ғасырдың ортасында әрең жеткен Ергенектінің Қаратайы...»
Қазақ тарихының терең қатпарларына үңілсек, Қаратай батырдың Тайатқан-Шұнақ жеріне жерленгені жайлы пайым білдірген тарихи тұлғалардың бірі – Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан екені жөнінде де деректер айтылады. 1920 жылы Семейде өткен Алашорда съезінде Әлекеңнің Шыңғыстайдан келген сенімді серігі, алаш қайраткері Әбдікерім Ережепұлынан:
– Бабаңыздың басы қайда жатыр, білесіз бе? – деп сұрағанда, досы:
– Шұнақ дей ме... Осы Арқада дейді, анығын білмеймін, – деп күмәнмен жауап берген.
Сонда Әлекең:
– Сенің бабаң – Тайатқан-Шұнақта жатыр, – деп кесімді пікір айтқан екен.
Әлиханның бұлайша нақ әрі сенімді айтуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол Ф.Шербин (1896-1903) мен академик С.Швецов (1903-1904) басқарған ғылыми экспедициялардың құрамында жүріп, Тайатқан өңірін терең зерттеген. Екіншіден, бұл деректі кім көрінгенге емес, тек рухани деңгейі биік, сырға берік Әбдікерім секілді тұлғаға ғана сеніп айтқаны анық.
Тайатқан-Шұнақ өлкесі – тұнып тұрған тарихи мекен. Тайатқан-Шұнақ тауының етегінде, Сарыбұлақ өзенінің аңғарында орналасқан Ағыбай батыр кесенесін де ел тарихымен, жер тағдырымен сабақтасқан қасиетті орын деп білеміз. Бұл өңірдің табиғаты қатал бооғанымен, тарихилығы жағынан қастерлі кеңістік. Бір жағында – Бетпақдаланың бозғыл баялышты шөлейт даласы жатса, екінші бетінде – Сарыарқаның самал желі ескен, көкорай шалғыны жайқалған жазығы құшағын жаяды. Осындай тылсым үйлесіммен өрілген өлкеде ел қорғаған ер баба – Ағыбай батыр ғұмырының соңғы жылдарын қарапайым тіршілікпен өткізіпті.
Бүгінде әлеуметтік желі кеңістігінде Ағыбай батыр бабаның кесенесіне тағзым еткендердің бейнежазбасы тарап жүр. Ондағы бейнематериалда шырақшының: «Мұнда бір мәйіт бассыз жерленген, ол – Кенесарының денесі» деген сөзі көпшіліктің көңілін елең еткізді. Бұл сөз желдей есіп, ел арасында түрлі жорамалдарға себеп болды.
Алайда бұл тұжырым шындықтың нақты айғағынан гөрі, көкжиектен көрінген сағым секілді әсер қалдырады. Оның түпкі мәніне жету – болашақтың еншісіндегі іс. Бұл үшін архивтік деректер, тарихи куәліктер, археологиялық зерттеулер мен ғылыми сараптамалар қажет. Әсіресе ДНК мәселесі үлкен рол ойнайды. Әзірге ол – шындық пен аңыздың арасында тербелген беймәлім сыр, көмескіленген ақиқат. Бірақ бұл да зерделеуге, зерттеуге тұрарлық үлкен тақырып.
Біз де бұл әңгімені сене қоймадық. Сенбейтін де жөніміз бар.
Қазақ Ордасының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қазасы туралы деректер қазақ пен қырғыз тарихында өте күрделі әрі қайшылықты екені мәлім. Бұл оқиға – XIX ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынасының ауыр да қайғылы беттерінің бірі. Оның өліміне қатысты дереккөздер бірнеше түрлі бағытта баяндалады және көбіне аңыз, шежіре, ауызша әңгімелер мен ресми жазбаларға сүйенеді.
Бұл тақырыпқа қатысты нақты әрі құнды деректер қырғыздың көрнекті тарихшысы, Алаш қайраткері Белек Солтоновтың «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабында біршама келтірілген. Аталған еңбекте Кенесары хан мен оның қырғыз еліне жасаған жорығы жайлы арнайы бір тарау арналып, тарихи оқиға тереңінен талданады.
Белек Солтонов бұл тарауда Қазақтың соңғы ханы Кенесарының қырғыз еліне бейбіт мақсатпен барғанын, алайда жағдайдың ушыққанын, екі жақтың арасындағы шиеленіс аяғында ауыр қантөгіске ұласқанын, сол майданда Кенесары ханның трагедиялық қаза тапқанын жан-жақты баяндайды. Белгілі оқиғаға зерттеуші тарихи деректер мен ауызша мәліметтерді шебер ұштастырып, шындыққа суарылған сипаттамалармен жеткізеді.
«Осыдан кейін Кенесары: «Қырғызбен татуласу үшін елші жіберейік, егер көнбесе, күшпен бағындырамыз!» – деп шешіп, 1846 жылы көктемде Шу өзенінің сол жағалауына, Қалығұты мен Қайқатас аймағына көшіп келеді. Қырғыздың манаптары Жанғараш, Жантай, Тынаалы, Төрегелдіге елші жібереді.
Елшінің сөзі:
«Орыс деген – көп ел. Қарсы келген жауын жайпап, селдей ағып, Еділ мен Жайықты кешіп, Оралдан өтіп, Сарыарқада орналасқан қалың қазақты бағындырып, Ертістен өтіп Ілеге таяп қалды. Арқа, Алатау, Іле, Шу бойын бағындырып келеді. Қырғыз бен қазақ ежелден шекарадағы елміз, жауға бірге қарсы тұрғанбыз. Малымыз аралас, қыз алысып, қыз берісіп, бауыр болып кеткенбіз. Біріксек – Ташкент, Қоқан, Самарқан біздің ықпалдан ұзап кете алмас. Мен ханның бұйрығын жеткізуші елшімін. Егер бірікпесеңдер, ауыр күш келеді. Кенесары ханның сәлемі осы».
Қырғыздар: «Біз кеңесіп, бірлесіп жауап береміз» – деп, елшіні шығарып салады.
Кейін қырғыздар ақылдаса келіп: «Қазақпен бірде ел, бірде жау болғанымыз рас. Бірақ қасірет-қуанышымыз, ар-ұжданымыз аралас ел едік. Қандай жағдайда да ел болып тұрайық», – деп шешіп, жолбарыс терісі жабылған шабдар атты сыйға тартып, Тыналы, Бәйтерек пен Үкі би баласын елші етіп қайтарады».
Оқиға бұдан кейін мүлде басқаша өрбиді.
Дәл елшілер келген түні Бөлөкбай қырғызынан шыққан Төкөлдөш руының Илип есімді бір жігіті Кенесары ханның тоғыз биесін ұрлап әкетеді. Биелердің бірі сол түні сойылып, қалғаны із-түссіз жоғалып кетеді. Бұл жылқы Кенесары ханның ерекше бағаланатын, торы тұлпарлары еді. Ханның адамдары ат ізін суытпай келіп, жоғалған малды сұрастырғанымен, Бөлөкбайдың бозбалалары еш қымсынбастан: «Бізге қазақ жылқышылары келген жоқ қой», – деп мысқылдай жауап береді.
Жылқылардан үміт үзілген соң, елшілер болып қайтқан жігіттер ханға келіп, болған жайды түгел баяндайды. Сол тұста Кенесары хан да қырғызбен ашық соғысуға сылтау іздеп жүрген болатын. Осы оқиға таптырмас себепке айналды.
Хан дереу шешім қабылдап, әскерін екіге бөліп, ауылын Қалығұтының тау бөктеріне қарай көшіріп жібереді. Ал өзі Тыналыны жолбасшы етіп тағайындап, Шу өзенінің солтүстік жағалауымен, оның төменгі ағысымен кешқұрым жүріп отырып, қазіргі Покровка ауылынан шамамен үш шақырым төмен орналасқан Пронза қаласының солтүстік-шығысындағы Қарасудың шығыс жиегінде отырған тынай қырғыздарының 12 шаңырақты Қалпақ ауылына тұтқиыл шабуыл жасайды. Бұл оқиға Кенесары сарбаздарының Қалпақты өлтіріп, ауыл әйелдерінің ішін жарып, жас балаларды қылыш жүзінде турап, кереге басына іліп кетумен тіпті шиеленісіп кетеді.
Кене хан қырғыз еліне жорыққа шығар алдында оның қарындасы Бопай ханым: «Түсімде самайым жанып кетті, қырғызға аттанбаңыз», – деп ескерткен екен.
«Күншығыс жағынан Эсенқұл, саяқ, Талқан рулары, су жағынан Бөлөкбай, Тынай, черікші рулары тосқауылдап, қазақты қырғыздар қоршап соғысқан. 5-6 күн ішінде қырғыздар түгел атқа мініп шабуыл жасап, қатты шайқас болған. Екі жақтан да көп адам қаза тапқан соң екі жақ та уақытша шегінген.
Одан кейін қырғыздар жаппай атқа мініп, Шу өзенінің суын таспен бөгеп, су бағытын Қызылсу мен Шамшы алқабына бұрып жіберіп, қазақтарды судан айырып тастаған. Суға барған бірен-саран қазақты қырғыздар өлтіріп отырған. Таулы жақты да солто, сарбагыш және саяқ рулары бөгеп, Қарақоңғыз суына да жол бермеген. Бірақ көп қырғыз қаза тапқан соң бұл қорғаныс та бұзылыпты» деп жазады Б.Солтоноев.
Енді Кенесары ханның қазасына қарай ойысайық.
Шұбыртпалы Ағыбай батыр өз тобындағы қазақ жауынгерлерінің бір бөлігін бөліп алып, оларды қырғыздардың қуғын-сүргінінен аман сақтау үшін жар түбіндегі қалың шілік арасына жасырады. Қырғыздар шілікті байқамай өтіп кеткен соң, Ағыбай сол тобымен Токмақтың арал жолына түсіп, қауіптен құтылып шығады. Ал қазақтардың бір бөлігі Мисте асуынан өтіп, Ырғайты даласына дейін қуғынға ұшырайды.
Соңғы шайқас кезінде тынай қырғыздарынан Дайырбек пен Қалша деген азаматтар таң сәріде Наурызбайды қолға түсіреді. Сонымен қатар тынай руының Кармыш деген адамның балалары Кенесары ханды Текеліктің тауларында сәске кезінде ұстап алады.
Тұтқынға түскен Кенесары мен Наурызбай қырғыздарға:
– Егер араларыңда өз бастарыңа ие бола алатын ақылды адамдар болса, он екі адам екенсіңдер, бәріңе тойғандарыңа жетерлік алтын береміз. Бізді еліме апарып тастаңдар, – деп ұсыныс айтады.
Алайда қырғыздар бұл ұсынысты қабылдамай, оларды Токмақ тауының Алмалы деген қыратындағы бір төбеге апарып, үш күн бойы күзетіп ұстайды. Үш күннен соң ғана Жантай батырға хабар беріледі.
Жантай екі күннен кейін келіп, бұл істі Ормон ханмен ақылдасады. Сонда Ормон:
– Жөнелтіңдер, ат-шапан айыбымен құрметтеп шығарып салыңдар, – деген.
Бірақ бұл шешім жүзеге аспайды. Өйткені Кенесары Наурызбайдың қолға түскенін естіп, «оны өлтіреміз» дегенді білген соң, Кенесары жатқан лашықты бір топ қырғыз қоршап алады...
Бүкіл қырғыздың бас адамдары Ормон ханның жанында бас қосып, кеңес құрып: «Қазақпен тату болайық, өлген – өлді, қалғанымыз ел болайық. Кенесары мен Наурызбайға қатын алып беріп, еліне шығарып салайық», – деген бастабында.
Бірақ былтырғы жылы соғыста өлген боздақтардың туыстары ғана емес, аналары мен жесірлері ауылды қоршап алып, оларды тірі жіберуге қарсы болған. Кенесары мен Наурызбайды екі бөлек ауылда 7-8 күндей ұстайды.
«Өлтіреміз-өлтірмейміз» деген екіұдай ұзақ ырғасудан кейін «қырғыздар Кенесарыны өлтіруге келісіп, арнайы кісі жібереді. Ол: «Өткен жылы маған елші жіберген адам болса, келсін», – дегенде, Кенесары: «Болса – болар», – деп жауап берген.
Кенесары өзінің өлтірілетінін білген соң былай дейді: «Маған дәрет алып, таң намазымды оқуға мұрсат беріңдер. Намазымнан соң ишарат етемін, сол кезде жанымды қинамай, қылышпен бір-ақ шауып өлтіріңдер», – дейді.
Таң намазынан кейін ишарат бергенде, былтыр Кенесарының қолынан қаза тапқан Ормонбек пен Субанбектің інісі Тайсары Таштанбектің болат қылышымен салып жіберіп, Кенесарының басын шауып түсіреді. Басы домалап қозғалып жатқанда жесір әйелдер келіп, құлақтарын кесіп алған.
Мәйіті Қызылсу мен Шамшының арасындағы Борду деген сайдың орта беліндегі төбеге жерленген. Кенесары өлтірілген сәтте аспан күркіреп, қатты жаңбыр жауған» дейді қырғыз тарихшысы...
Ағыбай батыр кесенесі – ХІХ ғасырдың 80-нші жылдары тұрғызылған сәулет өнерінің тарихи ескерткіші. Бұл тек қазақ халқының біртуар баһадүріне қойылған мазар ғана емес, сонымен қатар өткен мен бүгінді жалғап тұрған мәдени-рухани мұра іспетті.
Кесененің жалпы аумағы 8,80х8,58 метр, құрылымы бір бөлмелі, күмбезді нысан. Сыртқы бұрыштары жұп-жұп мұнаралармен сәнделіп, күмбезі көркем етіп өріліп шығарылған. Бұл сол дәуірдегі далалық сәулет өнерінің өзіндік стилін танытады.
Кесенеге кіреберіс оңтүстік жағынан орналастырылып, жеңіл ағашпен жабылған айван үлгісінде салынған. Ішкі бөлімі жинақы әрі ықшам. Ғимарат ішінде 12 мәйіт жерленген, бұл жердің қасиеттілігін, тарихының тереңдігін байқатады. Шырақшы ата соның біреуі «Кенесарының денесі» дегенді әлденеше рет айтты...
Ағыбай батырдың мәңгілік мекенінен оңтүстік-батысқа қарай үш шақырымдай жерде көне дәуірлерден сыр шертетін петроглифтер шоғырланған. Сөзіміздің басында Хамит ақсақалмен танысқанда кейінірек жазамыз дегендегі кебіміз осы. Көнекөз қария көп жыл Алматыда өмір сүріп, бір үлкен маңызды мекемеде қызмет істеген. Алатаудың баурайынан оны Арқаға, Тайатқан-Шұнақтың бөктеріне жетелеп әкелген – осы өлкенің тылсым күші, тарихы мен тағдыры сияқты. Хамаң Ағыбай батыр туралы ғана емес, Қаратай баба туралы да, өзі тұрған аумақтан оңтүстік-батыс бағытқа қарай үш шақырым жердегі көне петроглифтердің де парқын жақсы ажыратады. Тайатқанның қойны-қонышы ежелгі адамзат өркениетінің ізіне толы, осы маңда жер бетінен тыс жаратылған әлемге әйгілі Шұнақ метеорит кратері орналасқан. Диаметрі – 3100 метр, яғни АҚШ-тағы әйгілі Аризона кратерінен екі жарым есе үлкен. Тереңдігі 400 метрге жуықтайды. Хамит ақсақал бұл петроглифтердің мерзімін тым ұзақтан бастайды, Адам Ата мен Хауа ананың қонысы деп түсіндіреді. Қысқасы, тау қиясында қашалған тасқа түскен таңбалар – мыңжылдықтар үнін жеткізген үнсіз тіл іспетті.
Осылайша Тайатқан-Шұнақтың баурайындағы осы үш тарихи ескерткіш туралы Хамаңдай білетін адам кемде-кем. Ол – жергілікті тарихты терең меңгерген, батырдың өмір жолын жіті зерттеген, діни сауаты мол, зиярат етушілерге ғибадат жолын нұсқай алатын нағыз бесаспап шырақшы. Бүгінгі ұрпақ үшін майлы орын мен жайлы төсектен саналы түрде бас тартып, дәруіштің тірлігін қалап алған Хамит Мұсабеков сынды жандар – ел мен жердің аманатын арқалаған алтын көпір, тірі шежіре.
Тайатқан-Шұнақ мекені ішкі туризмнің алтын арқауы болуға сұранып-ақ тұр. Рас, көлік жолы сайрап тұрған жоқ, бірақ бұл сапардың құны асфальтпен емес, руханиятпен өлшенбек. Киелі жолдың қадірі оның үстінен өткен арбаның доңғалағында емес, жүректен өткен тағзымда, өне бойды өртеген рухында. Бұл – елдің өткенін тануға, ерлікке тағзым етуге бастайтын рухани жол.
Бұл сапар біз үшін тек тарихи орындарға жасалған жолсапар ғана емес, жүрекке ой салып, рухты жаңғыртқан ерекше тәжірибе болды. Тайатқан-Шұнақтың тылсым таулары мен тарихқа тұнған жоталарын артқа тастап, ақырын қозғалған көлігімізбен елордаға қарай бет алдық.
Жол бойы әркім өз ойына шомып, үнсіздік орнады. Біріміз Қаратай мен Ағыбай батырлардың ерлігіне тағзым етсек, енді біріміз Кенесары ханның қасіретті тағдырына тебірендік. Көкжарлы Қаратайдың күмбезі көз алдымыздан кетпей, Ағыбай батырдың кесенесіндегі шырақшы аталардың сөздері жадымызда жаңғырып тұрды.
Сары даланың сары қоңыр бояуы, самал желі, таста тұнған тарих – бәрі де жан дүниемізге салмақ салып, санамызға елдік пен ерлік жайлы сыр шертті. Қайтар жолда үнсіздігіміз – бабалар рухына деген ішкі құрметтің белгісі еді. Сол сапардан кейін біз бұрынғы біз емес едік…