Т.Майдан: Қазақ балалары «Бэтменге» емес, Бөгенбай мен Қабанбайға еліктеуі тиіс
Т.Майдан: Қазақ балалары «Бэтменге» емес, Бөгенбай мен Қабанбайға еліктеуі тиіс
20.05.2025 1102

1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы көпшілікті жаңа премьерасымен қуантпақ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарық көрген «Алтын Адам» толықметражды анимациялық фильмі – қазақ анимациясы тарихындағы жаңа белес. Аңқыл есімді Сақ жауынгерінің Хан Тәңірі шыңына Өмір Отын іздеп аттанған оқиғасы арқылы фильм тек көне дәуірдің жауынгерлік болмысын ғана емес, рухани кемелдік пен адамдық асыл қасиеттерді де бейнелейді.


Біздің ата-бабамыз болған ежелгі Сақтардың салт-дәстүрін, өмір салтын, мәдениетін заманауи анимация тілімен жеткізген бұл туынды – жас ұрпақтың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын оятып қана қоймай, патриоттық рухын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Осы орайда біз «Алтын Адам» фильмінің режиссері, белгілі мультипликатор Тұрдыбек Майданмен арнайы сұхбаттасқан едік. 

– Тұрдыбек мырза, «Алтын Адам» анимациялық фильмі бірнеше жылдан бері жасалып жатқаны белгілі. Бұл жобаның идеясы қалай туып еді?

– Бұл мультфильмнің жыры көп әрі жарыққа келуі күрделі болды. Біз «Мұзбалақ» жобасын жасап жатқан кезде келесі тақырып қандай болады деп ойландық. Сол кезде «Алтын Адам» идеясы туған еді. Бұл ұсынысты сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына айтқанымызда, ол бірден қолдады. Министрлік әуелде нақты бюджет бөлмегенімен, сценариін дайындай беріңіздер деген ұсыныс болды.

– Сценарийді кімдер жазды?

– Сценарийді жазу үшін бірнеше сценарийспен сөйлестім. Соңында Әннәс Бағдатты таңдадық. Ол: «Бұл жоба өтер, өтпесі белгісіз. Бірақ мен уақытымды жұмсасаймын, сондықтан бірден гонорар төлеңіздер», – деді. Біз келістік. Жарты миллионнан екі бөліп, бір миллион теңге бердік. Екі ай отырып сценарийді жаздық. Бұл 2018 жылдың соңы еді.

– Қазақфильм тарапынан қабылдануы қалай жүрді?

– Сценарийді Қазақфильмнің анимация бөліміндегі эксперттік кеңеске тапсырдық. Олар жақсы қабылдады. Кейіпкерлер де дайындалды. Алайда 2019 жылы ақпанда жоба күтпеген жерден тоқтатылды. Министрлік жобаны басқа студияға беретінін айтты. Бұған қатты қарсы болдық. Жобаны өзімізде қалдыру үшін біраз күресуге тура келді…

– Бұл қиындықтар қай уақытқа дейін созылды?

– 2020 жылы Кинофондқа ұсыныс бердік. Сол жылы жобаны қайта қолға алдық. Бірақ бұл жолы да түрлі кедергілер кездесті. Жоба бірнеше рет тоқтады, сосын қайта жалғасты. Қолдау тұрақсыз болды. Сөйтіп 4 жылда тек 382 күн ғана жұмыс істедік қой. Қалған уақыт тек күтумен, үмітсіздікпен өтті.

– Сценарийге қайта-қайта өзгеріс енгізілгені рас па?

– Иә, басында жазылған сценарийге редакция жасадық. Өйткені бастапқы сценарий тарихи тереңдік тұрғысынан әлсіздеу болды. Ұларбек Нұрғалым да кейбір диалогтарға атсалысты. Бірақ соңғы редакция кезінде сценарий авторлығы сол күйінде Әннәс Бағдаттың атымен қалды. Ал іс жүзінде диалогтар мен мазмұн, локация мүлде өзгерді. Тек кейіпкерлердің аты ғана қалды.

– Фильм идеясының өзегі қандай?

– Біз Алтын адамның сыртқы келбетін емес, ішкі рухани мәнін – мейірімділік, парасаттылық, батырлық сынды құндылықтарды көрсеткіміз келді. Бұл фильм тек тарих туралы емес, бүгінгі ұрпақтың қандай адам болуы керектігі туралы. «Алтын адам» дегеніміз – жүрегі мен ойы алтын тұлға.

– Тарихи дәуірдің көріністері, байлық пен сән-салтанат, ежелгі мәдениет көрсетілді ме?

– Өкінішке қарай, бастапқы сценарий мен жоспарымызда болған тарихи локациялар, алтынмен көмкерілген кең сарайлар, көк тастармен әшекейленген ер-тұрман, арбалар, әскери шеру бәрі қысқартылып тасталды. 

– Не үшін?

– Бұның тікелей саясатқа қатысы бар-жоғын білмедім. Бірақ тарихи бейнелерге келгенде «қазақтар жертөледе отырған, ондай бай-қуатты болмаған» деген көзқарастардың айтылғаны рас. Бұлай бола берсе біз ондай тар түсініктен арылып, терең тарихымызды қашан батыл көрсете аламыз?!

– Қаржы, уақыт, кадр мәселелері қалай болды?

– Қаржы аз бөлінді. Көп жағдайда тоқтап қалдық. Мамандар да сенімсіз болды, жоба тоқтап қала ма деп күмәнмен қарады. Соған қарамастан 4 жылда 382 күн жұмсап барымызды салып, жұмысты бітірдік.

– Қазіргі прокаттағы нұсқа сіздің ойыңыздағы мультфильм бе?

– Негізінде Алтын адамды қазақтың бренді ретінде көрсетеміз деп ойлағанбыз. Көрермен өз бағасын бере жатар. Бірақ біз жасағымыз келген дүние толық жүзеге аспады. Мысалы, «Мұзбалақтың» өзі 70-80% орындалған жоба болатын. Бұл жолы көп кідіріс, қысқартулар, қолдаудың жоқтығы өз әсерін тигізді.

– Сіз үшін тарихи тақырыптар неге маңызды?

– Тарихи жад – ұлттың негізі. Біз өз тарихымызды балаларға мультфильм арқылы жеткізуіміз керек. Мультфильм – өте қуатты идеологиялық құрал. Мысалы, осыны ерекше ескерген жапон мен қытайдың мультфильмдерін қараңызшы, деңгейі қандай! Қазақтың балалары қашанғы «Бэтменге» еліктейді?! Балаларымыз Бөгенбай мен Қабанбайға еліктеуі тиіс қой. Бірақ ондай фильмдер жоқтың қасы.

– Болашақта бұл бағыттағы басқа да жобалар бола ма?

– Иә, қазір «Күнби» деген анимациялық жоба бастап жатырмыз. Бұл – жеке инвесторлардың қолдауымен жасалып жатқан жоба. Тақырыбы – Жібек жолы, көне дәуір локациялары. Осы жоба арқылы өз ойымызды толық жүзеге асырамыз деп үміттенеміз. 

– Болашақта жасанды интеллект сіздердің орындарыңызды баса ма, әлде көмекшілеріңізге айнала ма? Сіздер оны қаншалықты «қолғанатқа» айналдырып жүрсіздер?

– Жасанды интеллект әзірге біздің салада толық қолданылмады. Себебі қазақ тілінде дамымаған. Жасанды интеллектпен жұмыс істеу үшін оның қауіпсіздік жүйесі сенімді болуы керек. Қазір ол тек көмекші құрал деңгейінде.

– Мультипликатор ретінде қазақ мультипликация саласы қандай деңгейде дамып жатыр және болашағы қандай деп ойлайсыз?

– Біріншіден, заң керек. Мультфильм – жай ермек емес, ол – идеологиялық құрал. Жапонияда, Қытайда мультфильмдер – ұлттық идеологияны жеткізудің ең қуатты құралы. Бізде бұл сала жүйесіз дамуда. Мемлекеттік деңгейде қолдау болмаса, әркім өз күшімен сүйреп жүреді. Болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің бір жолы – осындай тарихи тақырыпты өзек еткен мультфильмдер. Біз осы жолда күресіп те, күш салып та келеміз.

– Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы істеріңізге береке тілейміз!