Астанада «Ел мақтаныштары» атты фотокөрме ашылды
28.04.2016 2003
Көрменің ерекшелігі аталмыш фотосуреттер бұрын-соңды жарияланбаған және фотокөрме алғаш рет ұйымдастырылып отыр

Шараны ұйымдастырушылар – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі. Фотокөрменің бас серіктестігі: «Bank «RBK» АҚ, ақпарат серіктестігі, «Қазақстан» РТРК» АҚ. 

Көрмеге «Халық қаһарманы», «Еңбек Ері», атақтарына ие болған тұлғалардың, Олимпиада чемпиондары, мәдениет пен экономика салаларындағы, мемлекеттік сыйлық иегерлерінің фотосуреттері қойылған. 

Көрменің ерекшелігі аталмыш фотосуреттер бұрын соңды жарияланбаған және фотокөрме алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана, Алматы қалалары мен Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. 

Жобаның мақсаты – болашақ ұрпаққа арнап, ел Тәуелсіздігін алғаннан бергі 25 жыл ішіндегі орын алған мемлекеттік, қоғамдық және рухани маңызы бар оқиғалар туралы фотошежіре құру.

Шараны ұйымдастырушылар елімізге белгілі фотосуретшілердің туындыларын қамтыған «Қазақ баспасөзінің фотошежірелері» атты фотоальбомды «Халық қаһарманы», тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке тапсырды.

Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуынан келіп қызықтаушы көпшіліктің қарасы мол болды. Жауапты қызметтегі лауазымды тұлғалар мен қолға түсе бермей өнер қайраткерлері және әдебиет майталмандары арнайы келіп, өз фотосуреттерінің қасында суретке түсті.

«National Geographic Қазақстан» жобасы мұндай ауқымды жобалардан тыс қалмайды. Журналдың бжауапты редакторы Мақсат Ясылбайұлы фотокөрмені тамашалап қана қоймай, фотосурет өнерінің қыр-сырлары жайында ойларымен бөлісті.

Фотокөрмеге қойылған өнер және тетар қайраткерлерінің, көрнекті суретшілердің портреттерін тамашалған белгілі тұлғалар эмоциясын жасыра алмады.

Аға буынның өнеріне тамсанған келешек ұрпақтың қызығушылығы басым. Әр фотосуреттің қасында ұзақ аялдаған олар өздері  сырттай білетін тұлғалардың бет-бейнесін жақыннан тамашалап, естелікке суретке түсті.

Заңғар Кәрімхан