Түркі халықтарының осындай ұлы мақсатынан туындаған жазу мәдениетінің тарихы тым тереңде. Көптеген зерттеулер тасқа басылған суреттер (петроглифтер) мен таңбалар сонау тас дәуіріне дейін баратынын көрсетіп отыр. Яғни адамзат баласының ойын жазбаша, яғни таңба түрінде беруге деген ынтасы тым ертеде басталған. Біздің жазу тарихына қатысты жетістігіміз өте көп әрі көп салалы.
жалғасы…
– Осылайша түрік бітіг жазуы тарих сахнасынан біртіндеп ығыстырыла бастады дейсіз ғой...
– Иә, манихей жазуы жазуына негізделген ұйғыр жазуының қолданыс аясы кеңейіп, ұзақ уақытқа созылған түрік бітіг жазуының қолданыс аясын тарылта бастады. Жазу тарихында жазудың шығуына сұраныс тудыратын негізгі факторлар ретінде сауда-саттық, орталықтанған билік жүйесі (салық мәселесі), дін аталады. Сауда-саттық заттардың бағасын, санын тіркеуге және заттардың алуандығына байланысты атауын тіркеуге деген құлшыныс негізінде жазуға сұраныс тудырады. Бұған мысал ретінде соғды жазуын атауымызға болады. Орталықтанған билік жүйесі алым-салық мәселесі бойынша салық жинау және есеп жүргізу бойынша жазуға сұраныс тудырады. Ал дін адамзаттың құдайға құлшылығын реттеу үшін, сол діннің тәртіп, ережесін түсіндіру үшін және талапқа сай дұға жасау үшін жазуға сұраныс тудырады. Бұған мысал ретінде Манихей жазуын айта аламыз. Ұйғыр қағанаты өзінің өркендеу барысында көшпеліліктен қалалық мәдениетке көшудің алғашқы үлгілерін көрсетті.
Сол кезеңдегі ел астанасы Қара Балғас қаласы сол дәуірдегі үлкен қалалардың біріне айналды. Қолөнер мен сауда саттық дамыды, әдебиет, дін, өнерге деген қызығушылық артты. Сауда саттық ел кірісінің маңызды бөлігін құрағандықтан көптеген керуен сарайлар салынып, сауда-саттыққа деген қолдау артты. Орталық Азиядағы сауда жолдарында соғдылардың ықпалы, соғдылардың Ұйғыр қағанатындағы рөлін арттырды, олар билік орындарына қызметке алынды. Соғдылардың ұстанған діні Ұйғыр қағанатында қолдау тауып тез тарала бастады. Басқа елдерде қысым көрген манихей діні өкілдері осы Ұйғыр қағанатынан пана тапты. Дін миссионерлерінің ықпалымен көптеген ұйғыр ақсүйектері манихей дініне өте бастады. Биліктен қолдау тапқан манихей діні 692 жылы таққа отырған Бөгү қаған тарапынан ресми діні ретінде мойындалды. Манихей жазуымен ұйғыр тілінде діни мәтіндер аударыла бастады. Манихей жазуына деген сұраныс күн өткен сайын артып соңында билік тарапынан ресми түре манихей жазуы ұйғыр тілінің фонологиялық ерекшелігіне бейімделіп «Ұйғыр жазуы» деген атаумен қолданыла бастады.
Осы өтпелі кезеңдерде қолданылған кейбір Манихей жазуымен жазылған мәтіндерде жазу таңбаларына қосымша белгілер қойылып қолданылуы ерекше назар аударады. Бұл манихей жазу таңбаларының ұйғыр тіліне бейімделуінің алғашқы белгілері болса керек.
Оқи отырыңыз: Талғат Молдабайұлы: Көне түрік бітіг жазуының таралуы Орхон, Таулы Алтай және Енисей аймақтарымен шектелмейді
Соғды жазуы сол кезеңдегі стратегиялық маңызға ие Жібек жолы сауда жолында үстемдікке ие соғды саудагерлердің ықпалымен Түрік қағанаты құрылғаннан бастап қолданыста еді. Оған дәлел ретінде Мұқан қағанға арнап тұрғызылған Бұғыты мәтіндасы, Ұйғыр қағанаты дәуірінде жазылған Қарабаласағұн мәтінтасы (ІХ ғ.), Оңтүстік Гоби аймағынан табылған Севрей мәтінтастарындағы соғды жазуымен жазылған мәтіндерден байқауға болады. Көне түрік әдебиетінде ерекше орынға ие жазу жүйелерінің бірі көне ұйғыр жазуы. Себебі осы ұйғырлар кезеңінде көптеген басқа тілдегі жазбалар ұйғыр тіліне аударылып, жазылды.
– Көшпелі тайпалар нақты қай кезеңнен бастап ұйғыр жазуына көше бастады. Нақты деректер бар ма?
– Көне ұйғыр жазуының белсенді түрде қолданылу кезеңдерін А. фон Габен 750-827 жылдар аралығы деп көрсетсе, ұйғыр жазуын зертеген түрік ғалымы С.Шағатай VІІІ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап ІХ ғасырдың ортасы деп көрсеткен. Ал С.Г. Клоусон ұйғыр жазуын VІІІ ғасырда көптеген еңбектердің жазылғанына тоқталып, бұл жазудың осы кезеңнен бұрын қолданысқа енгендігі жөнінде пікір білдірген. Ғалымдардың жоғарыда келтірілген пікірлерін ескере отырып және ғылыми айналымдағы ұйғыр жазуымен жазылған мәтіндерді ескере отырып біз көне ұйғыр жазуының шамамен VІІІ ғасырдың басынан бастап ІХ ғасырдың ортасына дейін белсенді түрде қолданылып келді. Кейіннен көшіріліп болса да жазылып ХVІІІ ғасырларға дейін жалғасты.
– Бітіг алмастырған ұйғыр жазуының түркі мәдениетіне әсері қалай болды? Жалпы қолдану аясы қандай еді?
– Қолданылу ареалы Оңтүстік Сібір, Енисей өзені бойы, Моңғолия, Шығыс Түркістан (ҚХР), Еділ өзені алабы, Транскавказия, Азербайжан, Грузия және Осман империясын қамтыды. Қазіргі таңда Манжу, қалмақ, бурият, ойрат этностарының ұлттық жазуы ретінде қарастырылып жүрген жазу жүйесінің осы ұйғыр жазуынан бастау алғандығын ұмытпауымыз керек.
Соғды жазуы жүйесі негізінде сол кезеңдегі көне ұйғыр тілінің фонологиялық ерекшелігіне бейімделіп қолданылған бұл жазудың орта ғасыр түрік жазба мәдениетіне қосқан үлесі өте үлкен болды. Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін оның орнын басқан Найман хандығы осы ұйғыр жазуын қолданды.
Сол секілді Шыңғыс ханның да өзі құрған империясының негізін осы Найман хандығы мемлекеттік жүйесі мен жазуынан бастағанын тарихтан білеміз. Осыдан-ақ ұйғыр жазуының салмағын бағамдай беруге болады.
Көне Ұйғыр әліпбиі 18 әріп таңбасынан тұрады және жоғарыдан төмен қарай жазылған, жазу жолдары оңнан солға қарай тізбектеліп жазылатын жазу жүйесі. Бұл әріп таңбаларының үшеуі дауысты дыбыстарды таңбалауға, қалған 15 таңба дауыссыз дыбыстарды таңбалауға арналған. Үш дауыссыз дыбысты таңбалайтын 3 графеманың біреуі а,е дауысты дыбыстарын таңбаласа, біреуі о, у, ө, ү дауысты дыбыстарын, үшіншісі ы, и дауысты дыбыстарын таңбалаған. Яғни, бір графема бірнеше фонемалық бірлікке телінген. Әр әріп графемасының таңбалануы сөздің басында, ортасында және соңында түрлінше таңбаланған.
Бұл жерде тағы бір дүниені айта керек болып отыр. Ұйғыр қағанаты дәуіріне тән түркі мәдениетінде брахми жазуының да ізі бар. Брахми жазуының Финики жазу таңбаларымен аздаған ұқсастықтарына қарамастан оның Сами жазуының Арамей нұсқасынан тараған жазу түрлерінің бірінен шыққандығы жөнінде пікірлер бар. Соңғы кездегі зерттеу нәтижелері брахми жазуының жергілікті үнді мәдениеттерінің бірі дравит мәдениеті өкілдеріне тиесілі үнді дін адамдарының суретті жазуы негізінде ойлап тапқан жазу түрі болуы мүмкіндігі жөніндегі пікірлер басымдыққа ие болып барады (Lundysheva т.б., 2021). Брахми жазу шамамен б.з.б. VІІІ ғасырдан бастау алып б.з. VІІ ғасырына дейін қолданыста болғандығын дәлелдейтін жазба ескерткіштер бар. Б.з. ІІІ-ІV ғасырларынан бастап белсенді түрде Брахми дінін таратушы миссионерлер тарапынан жаппай қолданылуына байланысты және осы дінге қатысты мәтіндердің барлығының осы жазумен жазылуы жазу жүйесінің де «Брахми жазуы» болып аталуына себеп болды.
– Бұл жазу сонда көшпелі мәдениетке будизм дінімен келген бе сонда?
– Бұл жазу Түрік қағанаты тұсында да бірен саран жазбаларда қолданылғанына қарамастан түрік халықтары тарапынан кең көлемді қолданылуы Ұйғыр қағанаты тұсына сай келеді және негізінен Будизм дініне қатысты жазбаларда қолданылды. Түріктердің бұл жазуды кең көлемде қолданылуы А. фон Габен ханымның пікрінше Ұйғыр қағанаты кезеңі б.з. Х ғасырларына сай келеді деп көрсеткен. Г. Клоусон Брахми жазуының түрік халықтары тарыпанан қолданылуын І Түрік қағанаты дәуірінде тұрғызылған Бұғыты ескерткішінің бір бетінің осы жазуымен жазылғандығын ескере отырып шамамен VІ ғасырдан бастау алады деген пікір білдірген.
Жазылу жүйесі солдан оңға қарай бағытталып жазылатын бұл жазу, буындық жазу жүйесіне негізделген жазу. Ұйғыр қағанаты дәуірінде түрік халықтары тарапынан қолданылуының артуына байланысты, Брахми жазуын өздерінің фонологиялық ерекшеліктеріне бейімдеп негізгі 28 әріп таңбаларына өздері 7 әріп таңбасын қосу арқылы қолданған. Осы кезеңде жазылған брахми жазуымен жазылған будизм дініне қатысты жазбаларда бұл ерекшелікті анық байқауға болады. Қазіргі таңда осы Ұйғыр қағанаты тұсында жазылған брахми жазулы түрлі бағыттағы жүзден астам мәтін кездеседі.
Жалпы көшпелі түркі мәдениетінде ұйғыр, брахми жазуынан бөлек тибет жазуының элементтері болғаны белгілі. Б.з. VІІІ-ІХ ғасырларда Ұйғырлар мен Тибеттіктер Гансу аймағында көршілес өмір сүрді және осы кезеңде Тибеттіктер айналасындағы халықтарға Будизім діні арқылы әсер етіп, рухани үстемдік орната бастаған еді. Гансу аймағындағы тибеттіктермен көршілес түрік халықтары будизм дінін қабылдай бастады. Бұл Будизм дінінің ресми жазуы болып саналатын Тибет жазуының да таралуына алып келді.
Тибет жазуы 30 буындық және алфавиттік таңбалардан түзілген, оңнан солға қарай бағытталып жазылатын жазу түрі. 5 таңба дауыстыларды, төрт таңба қосымша рөл атқарады. Үнді текті нагари жазуынан шамамен VII ғасырда шыққан деп есептеледі. Осы Тибет жазуымен жазылған мәтін үлгілерінің ҚХР Дунхуан аймағындағы Мың Будда үңгірінен табылған жазбалар арасынан бірнешеуінің табылып, қазіргі таңда Парижде Ұлттық Кітапханада (Biblioteque National) сақтаулы екендігі жөнінде ақпарат бар. Тибет жазуының түрік халықтары арасында таралуы Будизм дінімен және Шығыс Түркістан аймағын жаулап алуға деген тибеттіктердің ынта жігерінен туған саяси себептерден бастау алады десекте болады. Дегенмен бұл жазудың түрік текті халықтар арасындағы таралу ареалы осы Гансу аймағымен ғана шектелді.
– Оған не себеп болды?
– Біздің заманымыздың ІІ ғасырында християн діні Азия бағытында белсенді үігіттеліп, тарала басталды. Осы кезеңде Орталық Азияға келе бастаған миссионерлер VІІ ғасырда өз мақсаттарына жетіп Християн дінінің Сириялық бағытынан тараған Несториян мәзхабын түрік халықтары арасында қабылдатты. Христян дінін ресми дін ретінде қабылдаған Найман және Керей хандықтары болғаны тарихтан білеміз. Осындай себептермен уақыт өте келе кейіннен Несториян дініне байланысты мәтіндер түрік тіліне аударылып, қолданыла бастады. Бұл да түркі мәдениеті үлкен әсер етті.
– Бұл енді өз алдына бөлек тақырып дейсіз ғой...
– Дәл солай! Адамзат өркениетінің пайда болуымен қатар өз ойын жеткізуге деген талпыныс жазу өнерін тудырғанын білеміз. Түркі халықтарының осындай ұлы мақсатынан туындаған жазу мәдениетінің тарихы тым тереңде. Көптеген зерттеулер тасқа басылған суреттер (петроглифтер) мен таңбалар сонау тас дәуіріне дейін баратынын көрсетіп отыр. Яғни адамзат баласының ойын жазбаша, яғни таңба түрінде беруге деген ынтасы тым ертеде басталған. Біздің жазу тарихына қатысты жетістігіміз өте көп әрі көп салалы. Мәселен, ҚХР-сының, Турфан аймағында Несториян шіркеуінде Эстрангело, яғни, Сирия жазуының көне түрлерінен бірімен жазылған мәтіндер табылған. Бұл мәтіндердегі жазудың түрік тілінің фонологиялық ерекшелігіне байланысты кейбір әріп таңбаларына қосымша белгілер қою арқылы түрік тіліне бейімделгендігі байқалады.
Дала көшпелілері өмір сүрген аймақтардан табылған петроглифтер мен таңбалар өте көп. Осындай әр таңбада түрік жазуының архетипі ретіндегі болмысы жатыр.