Қазақ-қалмақ қарым-қатынастары: тарихнамадағы қателіктер мен адасулар
28.04.2023 12791

Қазіргі тарихнамада Қазақ хандығының шығыс шекарасында ұзақ жылдар бойы көрші өмір сүрген, белгілі дәрежеде бейбіт араластықта болған мемлекетке қатысты Жоңғария атауы қолданылады. Бұл біздің тарихнамаға және қарапайым халықтың тарих туралы түсініктеріне сырттан, нақты айтсақ Ресей арқылы таңылған атау. Шын мәнінде ХVІІ –ХVІІІ ғасырларда бұл халық өздерін «дүрбен-ойрат» атады, яғни «төрт ойрат», яғни мемлекет атауы Дүрбен- ойрат. 


Бірінші адасу 

Батыр  Убуши Түмен өзінің ойрат тарихына қатысты 1819 жазылған еңбегін  «Дербен-Ойрат шежіресі» деп атайды (Сказание о Дербен-Ойратах//Калмыцкие историко-литературные памятники в русском переводе. Элиста,1969, 15-49 бб.).  Батыр Убуши Түмен  «Зюнгар/Жоңғар» атауын тек чорос/цорос тайпасына  қатысты ғана қолданады. Бұл мәселе түсінікті болу үшін қалмақ шежіресінің орысша аудармасынан бір абзац берейік: «Когда то в древности были Аминай и Демене, они кочевали в безлюдной степи. У каждого из них было по десяти сыновей... Из их числа один охотник отправился в лес ... там нашел маленького ребенка, лежавшего под деревом, так как форма нароста дерева, под которым находился мальчик, была подобна форме цорго, то охотник назвал мальчика  Цорос (цорос- іші қуыс дегенді білдіреді, ал шын мәнінде шор ағаштың түбінен табылған бала, нарост дегеніңіз шор-Ж.А.). Тайчжи (Тайшы-Ж.А.) этого народа   назвав Цороса ...внуком Тенгри, воспитал и сделал нойоном. Нойоны, произошедшие от этого ребенка стали обладателями тех, которые призрели  и воспиатали их родначальника. Вот отчего произошел злобный зюнгарский нутук».  Соңғы  сөз «ел, жұрт, жерлес» деген мағынаны білдіреді. 

Ресей  басшылығы осы Зюнгар (Жоңғар) әулетінен шыққан хандармен дипломатиялық байланысты болғандықтан «Зюнгар» атауы хат-хабарда қолданылып, кейін тарихи шығармаларға мемлекет атауы ретінде кіріп кетті. «Зюнгар» сөзінің негізгі мағынасы –сол қол (қар), бұл Орталық Азияда ерте  замандардан бері  сол қанаттағы әскери қосындарға  берілетін атау. 

Қазақстан тарихнамасына «Жоңғар» атауы тек советтік кезеңде ғана кіріп орнықты, оған дейін қазақтың ауызша дәстүрінде де, жазба әдеби нұсқаларында да  көрші моңғол тілдес, бірақ тіршілік моделі, салт-дәстүрі жақын халыққа қатысты «қалмақ» атауы  қолданылды.

Ойрат атауының мағынасын белгілі бурят зерттеушісі Д.Банзаров (ХІХ ғ. бірінші жартысы) кезінде  «орман елі»  деп түсінідірген болатын.  Бұл ұсынған болжамды қазақ зтарихшысы Тұрсынхан Зекенұлымен бірге біз де қабылдаймыз, дегенмен «ойрат- деген ұғымды  әлі де тексеріске салған жөн болар еді.  Ал қазақ тарапынан қолданылатын «қалмақ» этнониміне келсек «Шаджарат ал-атрак» (XV ғ. ортасы) жазатын Алтын Орда әлемінде ислам  дінін  қабылдамағандардың «қалмақ» атануы туралы әңгімені еске түсіруге келеді  (Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды, 1941, с.206).  

Қазақ шежіресінде қалмақтың бірнеше түрі бар екенін ескертеміз-  қара қалмақ, құба қалмақ, ақ қалмақ т.б. Қара қалмақ –ойраттың, Ресей және Еуропа тарихнамасында шартты түрде «Жоңғария» аталған елдің негізгі бөлігі, құба қалмақ- батысқа қоныс аударған бөліктері- торғауыт, дүрбеттер, ақ қалмақ –Жоңғария мемлекетінің құрамында болған Алтай түркілері (туба, теленгіт, кыргыз). Осылармен қатар шежіреде «Кіші қара қалмақ» деген этникалық атау бар, ол XVІІ ғ. басынан қазақ жерін қоныстанған қалмақ текті топтарға қатысты қолданылады. Бұлардың  бір бөлігі XVІІІ ғасыр ортасында қазақ этносының құрамына кірді.

Екінші  адасу

Орыстық тарихнамада Қалмақ (Жоңғар, Дүрбен-Ойрат)  мемлекеті XVІІ  ғасырдың 40- шы жылдары ғана пайда болды деген түсінік бар.  Бұл қате түсінік өз кезегінде қазақ тарихнамасында орын алғаны белгілі.

Шын мәнінде дүрбен-ойрат шежірешілері  өз тарихын буддалық діни дәстүрмен Бурхан-Бахши аталатын Шакьямуниден бастайды. Бұл  біздің қазақ шежіресінің  өзінің түп бастауын Ғақаша сахабадан бастайтын әңгімесіне жақын. Одан «Суту Богдо Чингис хан» деп   ХІІІ ғасырды атап өтеді де, бір жазбада  1437, екіншісінде 1527 жылдардағы алғашқы Ойрат мемлекетіне келеді.  Бұл жобамен Тоған тайшы мен оның ұлы Есен тайшының заманы. «Алтын топшыға» қарағанда  Тоған тайшы  1437 жылы қайтыс болды, бірақ мемлекетті  аяғынан нық қойып  кетті.  Есен тайшы мемлекеттік  билікті  одан әрі күшейтті.  Бұл  кезеңде дүрбен-ойрат одағының шекарасы сонау Корея жеріне дейін барды,  олардың Бейжінді шабуы, қытай императорын тұтқынға алуы т.б. маңызды толып жатқан оқиғалар бар. 

Қалмақ әңгімелерінің бір тармағында  ойраттың жеке тарихы, мысалы, хоит көсемі  Есельбейн Ка  (Йобогон мерген, одан Есельбе, одан Сайн- Ка)  тұсынан басталады. Ол халха-моңғолға (түпнұсқада- муңгал) сыйлық апарамын деп хабарлап, өзі болса түйелерге  мұздай қаруланған жауынгерлерді теңдеп артып алыпты-мыс.  Жайбарақат сыйлық тосып отырған халха-моңғолдарды Есельбейн Каның әскері отырған жерінде қырып тастап, осылайша ойраттар бағыныштылықтан шыққан-мыс (Калмыцкие историко-литературные памятники, 1969, с.144 ).

Осыдан біраз уақыт өткен соң, XVІІ ғасырдың 40- шы жылдары,  ойраттың  Тарбағатайдағы Ұлан Буура деген жерде қайта  бас қосып,  бүкіл ойраттық заңдары «Цааджин бічігті» қабылдағандары, мемлекеттің  күшейгені рас, бірақ  бұл Тоған тайшы тұсында құрылған мемлекет құрылымдарының  қайта жаңғыруы деп есептеген дұрыс. Егер біз Қалмақ тарихынан  XVІІ ғасырдың 40- шы жылдарына дейінгі 200 жылдық кезеңді алып тастасақ,  онда  Әбілқайырдың шартты түрде «Көшпелі өзбек» аталатын мемлекетінің соңғы кезеңі, Қазақ хандығының алғашқы қадамдары, Моғолстан тарихы т.б. көптеген мәселелер түсініксіз болып қала береді. Осы күнге дейін солай болып келді де! Қазақ тарихнамасында  қазақ-қалмақ қарым-қатынастары «Ақтабан  шұбырынды» аталатын  1723 жылғы қалмақ шабуылынан басталады және біржақты, яғни тек саяси оқиғаларды суреттеу тұрғысында баяндалады. Тоған тайшы, Есен тайшы туралы  соңғы кезде жарық көрген Т.Зекенұлының «Ойратнама» кітабында (Астана, 2015) болмаса,  басқа әдебиетте жоқ. 

Үшінші адасу

Иә, енді біздің жазушылар мен тарихшылардың басты назарындағы XVІІІ басында орын алған «Ақтабан шұбырындыға» келейік.  Бізде оқырмандарға ғылыми білім бермек болып энциклопедиядан энциклопедияға көшіп  жүрген бір ғұлама «narrative» бар. Қысқаша үзінді келтірейік «1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданған бейқам қазақ еліне жоңғарлардың  қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Тарихшы Алексей Левшиннің жазуынша және қазақ жырауларының куәлігіне қарағанда Жоңғария қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақтарды шапқан. Олар Балқаш,  Қаратау бағытымен жылжып (қолбасшысы Қалдан Серен), Алтай асып,  Көктал өзені бойымен өрледі (қонтайшы Құлан Батур), Нұра өңірін қанға батырып (Әмірсана), Шелек өзені (Доржы),  Есік көлі (Лама Доржы), Шу өңірін таптап (Дода Доржы), тоқтаусыз Іледен өтіп (Севан Рабдан) қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді...». 

Біріншіден, А.И.Левшин  «Ақтабан шұбырынды» заманы туралы жақсы деректер қалдырған, бірақ  «қалмақтың 7 қолы» туралы жазбайды, қазақтың жыраулары «қалмақтың 7 қолы» туралы куәлік бермейді. Бұл орыс тарихнамасы бізге ұсынған идеологеманы  барынша дәлелдеуге тырысқан, шыңына жеткізген қазақтың өз шығармашылдығы. «7 қолды» басқарғандардың бірі Лама Доржы Қалдан Серенұлы 1727 жылы туды, ол тумай жатып қалай әскер басқарып жүр?!  «Нұра өңірін қанға батырған Әмірсана» 1723 жылы әлі асық ойнайтын да жасқа жеткен жоқ, 1722 жылы туған.  Құлан Батур, Доржы, «Шу өңірін таптаған Дода Доржы» кімдер болды екен?  Бұл адамдар не қалмақ жазба деректерінде, не ауызша әдебиетінде жоқ, сонда біздің қазақ жазушылары қайдан алды бұларды? Осылардың қиялында шек болмайды, әлде бірдемені шегіп алады ма?! «Қолбасшысы Қалдан Серен»  Сыбан (Цеван) Рабданның ұлы, 1700 жылдары туды, ол қалай «тоқтаусыз Іледен өтіп»  әкесі тұрғанда  қолбасшылық жасайды?

Шын мәнінде  1723-1725  жылдары қазақты «Ақтабан шұбырындыға»  ұшыратқан қалмақ  жорығын  Сыбан Рабданның  кіші ұлы Шуно- Дабо   басқарды. Оның  жасы сол  жылы 25-ке жаңа  толған еді.  Сыбан-Рабданның бәйбішесі Күнкеден Қалдан-Серен  жалғыз, ал  тоқалы Аюке хан қызы Сетержабтан төрт  ұл бар: Шуно-Дабо, Шуно –Кашка, Баган, Бараң. Шуно-Дабоны қазақ аңыздарында   Сына  батыр деп атайды

Шуно-Дабоны қалмақ  ордасының  маңындағылар онша  ұната  қоймағаны  белгілі, оны  қазақтан  келген олжа бала  деген өсек  бар.   1697 жылы .Еділ бойынан аттанған Сетержаб көші  Кент-Қазылық ішінде қыстайды.   Бұл жерде кезінде хошоуыт  Күнделең тайшы салғызған  Қызыл-Кеніш атты ғибадатхана болған, қалыңдық көші соған түседі.  Бұл әңгімелерді кезінде Қарқаралы ауданының Кент ауылының  қариялары жыр қылып айтып отырушы еді.   Міне, осы  Шуно –Дабо  Сыбан -Рабдан 1722 жылы  Қытаймен бітімге  келгеннен кейін –ақ  әкесінің  батасын алып  қазаққа қарсы  аттанып кетті. Шабуыл Сыр бойындағы қалаларға қарсы бағытталды,  мақсат қалалық өңірді бағындыру еді.   Осы оқиғаны  орыс  елшісі И.Унковский былай  деп  сипаттайды: «В прошлом  де  лет послан контайшин  сын  Шуно-Дабо против   Казачьей  орды, а ныне де  ведомость есть, что  он Казаков повоевал и три городка ему поддались, 1000 семей Казаков везут, которых  ожидают вскоре;  а города  поддались: Ташкент,  Сайрам, Харамурт» (Унковский И. Посольство к зюнгорскому хун-тайджи Цэвэн-Раптану и путевой журнал его в 1722-1724 гг. ЗИРГО по отд. Этнографии. Т.Х. Вып.2. 1887, с.102).

Шуно-Дабо  әскері қазақ  жеріне  Жетісудан келіп  килікті, Сыбан -Рабданның ордасы ол кезде Іле өзенінің жоғарғы жағында, Құлжаға жақын орналасты.  Бұл кезеңде бүкіл Шығыс Түркістан  қалмаққа бағынышты еді.

Шуно-Дабо  - Сына батырдың қол астында қанша әскер болды? Деректерге қарағанда онша көп болған жоқ.  Дегенмен Сыр бойын жаулап алу  оңай шешілді,  неге?   Бірінші себеп Қазақ хандығында 1715 жылғы Әз Тәуке хан қайтыс болған соң  басталған саяси дағдарыс, екінші себеп- қалалардың құлдырауы, экономиканың кері кетуі, үшінші себеп- Түркістан өлкесіне келген жұт, оның сипаттамасын   И.Жылқайдаровтың   «Шақшақ ұлы Ер Жәнібек»  (1946 ж. Орталық Ғылыми кітапхана. КР ҰҒА. Папка 585 №2)  поэмасынан оқуыңызға болады: 

Жып - жылтыр  дүние жүзі  болды  айнадай,

Құз бен тау,  қалың  орман сап  жадағай.

Мешіті  Түркістанның көк   күмбезі,

Көрінді  мұз қапталып  пияладай.

 

Жалғыз  шөп жерден жұлмай  қақиды  мал,

Бәрінің  кетіп дәрмен  құрыды әл,

Деген  бар мал адамның  жан  азығы,

Адамдар  алас ұрды  таппай  амал.

Төртінші адасу:

Біз Советтік тоталитарлық жүйеден жақында ғана шықтық, шынын айтқанда әлі де шығып болғанымыз жоқ. Әлі де сол билік дәстүрі, сол кезде атқа мінгендер  жалғасып келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Тоталитарлық кезең өзіне сай белгілі бір сөздік қорды қалыптастырады. Оның біреуі қандай тарихи кезеңді жазсақ та «қырып-жоюдан» бастайтынымыз. 

Мысалы «Ақтабан шұбырындыны»  суреттегенде «Екпіні қатты шапқыншылар Қазақстанның оңтүстік аудандарындағы бейбіт елді аяусыз қырғынға ұшыратты», немесе «Мың-мындаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мындаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады, мал-мүлік талан-таражға түсті, бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды», «бейбіт халықты қара шыбындай қырып салды» т.б.  Шын мәнінде Батыс пен Шығыс арасындағы континненталды сауда мухитқа ауып  кеткен соң біздің қалалардың «гүлденіп тұрғаны» шамалы еді.

Қазақ-қалмақ қарым-қатынасын  барынша қантөгіс, қырғын, қырып жою терминдері арқылы суреттеу жалпы Советтік тарихнамаға дейін-ақ қалыптасқан. Ресейдің империялық тарихшыларының негізгі идеологемасы  қазақ орысқа қалмақ қырғынынан жан сақтау үшін, амалы қалмағаннан кейін кіріптар болғанын дәлелдеу болды. Ресей осынау бейшара халықты қанатының астына алды, жарқын болашаққа бастады дегенге келеді. Ресей тарихнамасында қалыптасып қалған бұл нарративті ұлттық тарихнамаға алғашқы кіргізген адам –Ш. Құдайбердіұлы. Ақындығы, ойшылдығы тұрғысынан алдына жан салмайтын Шәкәрім атамыз «Қалқаман-Мамыр» жырында  «Ақтабан шұбырындыны» былай сипаттайды:

Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,
Қазақ, қалмақ атысқан, мұны да біл.
Қалмақтың бастаушысы – Суан Раптан,
Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл.

Шеп құрып соғысыпты қазақ, қалмақ,
Қорқаққа оңай емес шепке бармақ.
Бабаңның бес баласы садаққа ұшып,
Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.

Қазақты ол ұрыста қалмақ алды,
Үш есенің екеуін қырып салды.
Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойында,
Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Осы жол – бар қазаққа белгілі жол,
«Ақтабан шұбырынды» дегенің сол.
Жаяу жүріп табаны аппақ болып,
Қорлық көріп қазақтың шұбырғаны ол.

Сол себептен Қалқаман қалды ізделмей,
«Іздемейін» деген жоқ, шама келмей.
Ол түгіл Әнет бабаң көшке ере алмай,
Тірідей дөң басында қалған өлмей.

Әрине, Шуно-Дабо қолы  үстерінде келіп қалғанда қарсыласқан қазақ аз болған жоқ,  өлгені де аз емес, өзге жұртқа  қашқаны да көп. Қырғын туралы  М.Ж.Көпейұлының қалмақпен соғысқа 16 ұлымен шыққан атасы Тілеуімбет, М.Тынышбаевтың өз атасы Жомарт батыр  туралы жазғанын оқысаңыз хабардар боласыз.  Молла Нияз Қоқанди деген тарихшының «Тарих-и-Шахрухи» кітабы 1723-ші жылдан бастап Мауреннахр өңірінең шықпай қойған көшпелі-тайпалардың дені қоңыраттар мен қарақалпақтар дейді. Олар Самарқанд пен Бұхарадан әрі асып, Шахрисяб пен Қаршыны жайлап, оған да тоқтамай Қарсы мен Құзарға /тексте : Гиссар и Куляб/ дейін барды дейді. Бұл жер қазақтың Жиделі Байсын атайтын өлкесіне  таяу, Бұқар жыраудың Абылайды мақтап «Қарсы менен Құзарға, дәу даласты үніңіз» дейтін жері. Одан әрі Жиделі өлкесі, Байсын қаласы. Ертеде қазақ баласының жырға қосатын жұмақ өлкесі осы Шығыс Бұхара. 

«Ақтабан шұбырынды» жылдары Самарқанд елі жоқшылыққа шыдамай көпшілігі аштан қырылды, жеті жыл бойы ел қайта жиналмай қойды дейді деректер. Қаланың құлазыған көшелерінде «Жарқанаттардың патшасы» аталатын бір сопы ғана жүріпті. Сол жылдары Бұхарада екі мәхәлла ғана аман қалды, атақты қаракөл қойын  жан-жақтан аш шұбырған  ел түгел жеп қойған  дейді.

Бірақ бұл жаугершілікте Шәкәрім жазатындай     «Үш есенің екеуі» қырылған жоқ.   Егер қара қалмақ  санын мемлекет дүрілдеп тұрған Сыбан-Рабдан, Қалдан-Серен тұсында 600 мыңдай деп шамаласақ,  қазақтың да саны осы шамалас.  Екі халықтың да санын көбейтіп тұрған  оларға бағынышты отырықшы-қалалық аймақтар. Егер қазақтың үштен екісі қырылса, тірі  қалған 200 мыңының  қайта бас көтеруі неғайбыл.  «Ақтабан шұбырынды» тақырыбын зерттеушілер Қайып ханға қарсы болып 1717-1718 жылдары Түркістаннан Сарыарқаға ауып кеткен  қазақты есептемейді, ал олардың саны аз емес. Олар Сарырақада орнығып, ол жердегі қалмақты ығыстырып, қалғанын өзіне қосып алды.  Бұхар хандығын 1711-ші жылдан  1747-ші жылға дейін билеген Әбілпейіз  ханның тарихын жазған Әбдірахман- и Тали Мауреннахрға  келген  қазақ руларының  Хиуа хандарының тұқымы  Раджаб- ханды  қолдағанын, оны Самарқандта  атақты көктасқа  отырғызып,  ақ кигізге салып хан көтергенін жазады. Бұлар да аз болмаса керек. Шежіреде  Ұлы жүз елі Жиделі Байсынға алты рет  ауыпты делінеді: «...Төле би қалмаққа бағынамын деп кісі жіберіп  алдап, өзі Сиқым Мәлік батыр, Бөгежіл Көтен батыр, Шымыр Қойкелді батыр, Сіргелі Қаранай батыр, Қаңлы Құнан батыр, Қоңырат Төлебай батыр, Рамадан Алшынбай батырлармен келісіп, Шыршықтың тасып жатқан өзенінен Қожакенттің көпірімен өтіп, Жиделі Байсынға көшіп кетеді. Жалпы көшті Қаранай батыр басқарады. Үш жүздің қалғаны қалмаққа бағынып қалады. Алты жылдан соң қалмақтарға шешек ауруы тарап, олар Ташкенттен кетеді.  Оны есітіп, Төле би ауған елдермен қайта оралады» (Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. Ташкент, 1994, 80-81бб).

Сонымен «Ақтабан шұбырындыдан» қазақтың үштен екісі қырылды деген қисынсыз және делелсіз  әңгіме болып шығады. 

Жалғасы бар