«Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе»
22.09.2022 2691

Биыл Түркия мен Қазақстанның дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда Нұр Сұлтандағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы Елшілігі мен ҚР Ұлттық музейдің қолдауымен «Тарихтың бастапқы нүктесі: Гөбеклітепе» атты фотокөрме ұйымдастырады. Көрмеге Гөбеклітепеде табылған 30 фото қойылады  және  1 апта бойы  ашық болады. Шараның ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, дипломатиялық корпус өкілдері, ҚР Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер қауым  және оқушылар қатыспақшы.


Сондай-ақ, қазақ өнерпаздары Гөбеклітепе кешені табылған орын Шанлы Урфа аймағының әндерін орындайды. 

Астандағыа Юнус Эмре институты директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исинаның айтуынша, Гөбеклітепе ғибадатханасы алғаш рет 1963 жылы Ыстамбұл университеті мен Чикаго университеті жүргізген «Оңтүстік-Шығыс Анадолыдағы тарихқа дейінгі зерттеулер»  кезінде табылған.  Негізгі сенсациялық экспонаттар 1994 жылы Гейдельберг университетінің ғалымы Клаус Шмидт аймақта жүргізген қазба жұмысы кезінде шығарылды.  Ол Түркияның Шанлыурфа қаласының орталығынан 18 км жерде, Өренжик ауылының маңында орналасқан әлемнің ең көне культтік ескерткіші. Бұл құнды ескерткіштер Мальтадағы ғибадатханадан шамамен 6500 жыл, Стоунхенджден 7000 жыл және ал Мысыр пирамидаларынан 7500 жас үлкен.

«Гөбеклітепе осыдан 69  жыл бұрын 1963 жылы басталған Ыстамбұл және Чикаго университеттерінің «Оңтүстік-Шығыс Анадолы тарихнамасы» атты зерттеу жобасы аясында жүргізілген жоба кезінде археологтардың назарын аударды. Қазба жұмыстары ғылым докторы  Халет Чамбел және профессор Роберт Джон Брейдвудтың басшылығымен жүргізілді. 

Зерттеулер кезінде қорғанның бетінен жиналған олжаларға сүйене отырып, Шанлыурфа аймағындағы Бирис қорымы мен Сөгут егіс даласында құнды артефактар бар екені анықталды.  Гөбеклітепе аймағы туралы алғашқы ғылыми жұмыс деп есептелетін  «Оңтүстік-Шығыс Анадолыдағы зерттеу жұмыстары» атты мақаланы  Питер Бенедикт 1980 жылы жазды.  Дегенмен де Гөбеклітепеге бүгінгі мәні мен мағынасын нақты берген зерттеулер 1994 жылы жүргізілді. Мұнда Невали Чори-Аурулар алқабының қазбаларын басқарған профессор Клаус Шмидттің еңбегі ересен» дейді Юнус Эмре институты директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исинаның 

Dr. Харальд Гауптман, кейінірек Клаус Шмидт пен оның командасының қатысуымен үзіліссіз қазба жұмыстары жүргізілген.  Бұл зерттеу барысында алаңда шақпақ тастар, қалақ және тас кесектері, яғни адамдар жасаған еңбек құралдарының өте көп  шоғырланғаны анықталды, алайда  қыш ыдыстар сияқты басқа олжалар табылмаған.

Жүргізіліп жатқан зерттеулер барысында жиналған тас үйінділердің бірінен бұрын Невали Чориден белгілі осыған ұқсас обелискінің басы табылған. Клаус Шмидттің Невали Чори тәжірибесі мен екі олжадағы обелисктердің ұқсастығы Гөбеклитепенің монументалды сипаты мен археологиялық құндылығын түсінудегі ең маңызды мәліметтердің бірі саналады. Гөбеклитепе қазбалары 1995 жылы Клаус Шмидт басшылығымен  Шанлыурфа мұражайының директоры Аднан Мысыр,  Германия археология институтының Ыстамбұл филиалының директоры  Харальд Хауптман тарапынан Шанлыурфа мұражайы атынан жүргізілген. Түркияның Министрлер Кеңесі 2007 жылы арнайы қаулымен  Dr. Клаус Шмидтті төраға етіп тағайындап,   Гөбеклітепе алаңына қазба орны мәртебесін берді. Қазбаға орасан үлес қосқан Шмидт 2014 жылы қайтыс болды. 2011 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының уақытша тізіміне, ал 2018 жылы Тұрақты тізіміне енді. 

Юнус Эмре институты директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина:

«Гөбеклітепені салушылар оны біздің дәуірімізге дейінгі 8000 жылға дейін басқа мақсатта емес, тек ғибадат орталығы ретінде пайдаланған және оны осы уақыттан кейін тәрк еткен. Ол 12 000 жыл бойы табиғи ортада адам аяғы баспаған маңызды археологиялық олжа болып есептеледі. Мыңдаған адам күші  мен  таңғажайып қиялдың жұмысы Гөбеклитепе - әлемдегі ең көне ескерткіш әрі ең ауқымды ғибадатхана әрі тарихтың бастапқы  нүктесі. 

Бұқа, қабан, түлкі, жылан, жабайы үйрек және лашын сияқты аң- құс, адам қолы, аяғы сияқты мотивтері бар биіктігі 4-6 метр, ал салмағы 2-40 тонналық көптеген тас обелиск табылған. Осыған қарап,  Гөбеклитепенің  елдімекен емес, культ орталығы, ғибадатхана  болғаны туралы айтуға болады. Табылған тастарды егіншілік пен мал шаруашылығын әлі үйрене қоймаған аңшылардың соңғы топтары салып, бір мессадж беруге тырысқан деген жорамал бар. Ескерткіштер қыштан бұрынғы неолит дәуірінде, яғни кем дегенде 12000 жыл бұрын пайда болады деп тұжырымдалады. Маңайында адам баласы тұратын баспана мүлдем табылмаған. Гөбеклитепе жылдар бойы тарих сабақтарында айтылып келе жатқан «Көшпелі қауымдар тек егіншілікті үйренгеннен кейін ғана отырықшы болды» деген тезисті жоққа шығарады. Бүгінге дейін отырықшы өмірге көшу, дағдылану тек егіншілік пен малшылықтан кейін пайда болды деп есептеліп келді. Ал бұл қазба  аңшылықпен күнелтетін қауымдардың да Гөбеклитепе сияқты діни орталықтарда бас қосып, отырықшылық тұрмысқа көше бастағаны анықталды. Бұл тарихи жағынан алғанда үлкен сенсация болып саналады. 

Археология тарихындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі болған Гөбеклитепені маңызды қылатын факторлардың бірі – 12 мың жыл бұрын әлі отырықшылыққа өте қоймаған аңшы қауымының ешбір құралды немесе техниканы пайдаланбай адам күшімен, шақпақ тастармен, аң –құс мүйіздері мен сүйектерімен Гөбеклитепені тұрғызуы. Ол дәуірде арба және басқа да құрылыс материалдары болмағанын ескерсек, мұндай үлкен ескерткіштерді кім қалай тұрғызғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр».

Юнус Эмре институты директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исинаның айтуынша, Гөбеклитепеде әлі  15 монументалды храм және 200-ден астам обелиск бар екені анықталды. Ғалымдар кезінде үсті топырақпен көмілген Гөбеклитепенің толықтай ашылуына мүмкіндік беретін қазба жұмыстарының әлі 150 жыл жалғасатыны туралы айтуда. Қазба жұмыстары кезінде табылған  обелисктер мен  басқа да олжалар тарихқа деген көзқарасымызға түбегейлі өзгеріс әкелді. Гөбеклитепе қазбалары Шанлыурфа мұражайы атынан Неміс археологиялық институтымен  бірлесе отырып,  Dr. Ли Клэр бастаған профессор  Мехмет Оздоған және профессор Гүлриз Козбенің тарапынан және Doğuş Holding, Şahenk  холдингтерінің демеушілігімен әлі де жалғасуда.

Айта кетейік, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы   2010 жылғы 26 мамырда  Түркия Республикасының Президентінің қатысуымен ашылды. Орталық  түрік тілі мен мәдениетіне, өнері мен тарихына қызығушылық танытатын барша  қазақстандықтарға өз мүмкіншіліктерін ұсынып, қазақ пен түрік бауырлас елдерінің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу үшін жоғары оқу орындарымен, қоғамдық және жеке ұйымдармен ынтымақтастық негізінде  ортақ жобалар іске асыруда. Орталық негізінен екі бағытта жұмыс жүргізеді. Түрік тілін үйренушілер үшін курстар ашып, тіл үйретеді. Сондай-ақ, бауырлас ел Түркияны таныту мақсатымен әртүрлі тақырыпты қамтитын мәдени шаралар көрмелер, концерттер, фестивальдер, түрік кино апталықтары, арнайы қол өнер курстары өткізеді.