Бекасыл Биболатұлының туғанына 200 жыл
20.09.2022 2227

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылында ғұлама ғалым, өз заманының данагөйі болған Бекасыл Биболатұлының 200 жылдығына арналған  халықаралық форум өтті. 

Қазақ-қырғыз зиялыларының басын қосқан алқалы жиын  қатысушылары алдымен Бекасыл әулиенің кесенесіне барып, құран бағыштады. Ауыл орталығындағы музейінде болып ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. 

«Дархан даламызда өсиет сөз, өшпес із қалдырған тұғырлы тұлғалар аз емес. Сол тарихи тұлғалардың бірі – «сахара ғұламасы» атанған Бекасыл Биболатұлы. 

Қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келіп, ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұламаның «Зикзал» атты еңбегі халқымыз үшін асыл мұра. 

Бекасыл Биболатұлы – ғасырлар бойы халқымыздың бойында жинақталған өмірлік тәжірибені, салт-дәстүрді, дала даналығын жеткізген ағзам жандардың бірі. Ол өмір бойы адалдық пен тазалыққа, еңбекқорлық пен отансүйгіштікке үндеген. Бірлік пен ынтымақты ту етіп, халықты татулық пен бауырмалдықты сақтауға шақырған. Өзінен бұрынғы ойшылдардың шығыстық тағылымын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін медресе-мектеп ашып, білім мен мәдениетті дамытқан. 

Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ғұлама Бекасыл Биболатұлын аса құрметпен ұстаз деп мойындап, оның «Зикзал» атты еңбегін баға жетпес құнды ғылыми туынды деп бағалаған. 

Ғұлама Бекасыл Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы Халықаралық форумның аясында атап өтілуде. Мен баршаңызды қасиетті тұлғаның салтанатты шарасының басталуымен құттықтаймын. 

Бұл той – қазақ руханиятының, түркі ойының тойы!» делінген Президент жолдаған құттықтау хатта. 

Мемлекет басшысының құттықтау хаты ғұлама әулиенің ұрпағы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Исақұловқа табыс етілді.

Бекасыл әулие

Бүкіл саналы ғұмырын халық руханиятына арнаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба Биболатұлы ғылым мен білімнің шамшырағы болды.

Бекасыл әулие 1822 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора дейтін үш өзеннің тоғысқан жеріндегі Есім ханның ордасының жанында өмірге келген. 

1915 жылы 93 жасында туған жерінде қайтыс болған. Оның төртінші атасы Құдайберді би Есім ханның орда биі. Үшінші атасы Түгелбай батыр 1689 жылы «Қалмаққырылған» шайқасының шейіті аруағы. Түгелбайдың ұлы Мырзакелді Тауке ханның мың басы батыры. 

Бекасылдың әкесі Биболат би Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржандарға қамқорлық жасаған Қоқан хандығының уәкілі болды. 

Биболаттың ұлдары Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл. Олардың  ұрпақтары:  бүгінгі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы ауылдарда - Кенесарық, Қасқасу, Тасарық, Оңтүстік және Астана, Алматы, Шымкент және Леңгір қалаларында тұрады. 

Бекасыл Биболатұлы жас кезінде Сайрам, Қарнақ, Тәшкен, Самарқан медреселерінде оқыған.   Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесін тауысқан. Сосын Шам (Сирия) еліне барып, сол дәуірдің ғұламаларынан тәлім алған ерен ілім иесі. 

Туған жеріне оралған соң барлық ғұмырын білім мен ілімге арнады. Шығармашылықпен айналысып, көптеген кітаптар жазған. Бүгінде жұртшылыққа кеңінен танылған «Зикзал» атты екі томдық кітабының қолжазбасы сақталып қалған. 

Рухани ұстаз

Қазақ руханиятындағы алып тұлғаларды, дала даналары мен ғұламаларының есімін қайта жаңғыртып жатырмыз. Солардың арасында Бекасыл Биболатұлы - түбі бір түркі жұрты руханиятының орнығуына мол еңбек сіңірген рухани ұстаз. Оның шығармаларының мұраты – ізгілік, адамгершілік, мейірімділік, әділдік, отансүйгіштік, жақсылыққа баулу, жамандықтан жиркендіру, көмектесу, ауырды жеңілдету. Ол шығармалар қай заманда да құндылығын жоғалтпайды, ел мұратына қызмет ете береді. 

Бекасыл бабаның кітаптарын оқыған адам шипагерліктің, дұғамен емдеудің, зікір байлаудың, жадыны ашудың көптеген түрлерімен таныса алады. Аталмыш еңбекте әріптердің құпия сыры, жұлдыздардың жұмбағы, мезгілдердің адамның мінез-құлқына қалай әсер ететіндігі, ауру-сырқаулардан дұғамен және қандай ем-домдармен емделу керектігі, зұлым күштер тарапынан жадыланған сәтте, одан айықтыратын Құран мен хадиске сай бекітілген дұғалар көрсетілген. Осы тақырыптар бойынша өмірлік тәжірибеден нақты мысалдар (қисса) берілген. Сондай-ақ, күнделікті өмірдегі адамдардың әдет-қылықтарының сыр-құпиясы, оны дін шарттарына сай қалай жасау керектігі де қамтылған. Түрлі кәсіптердің сыры, бақытқа жетудің жұмбақтары, тарихта болған адамдардың мистикалық халге душар болған сәттері, жалпы, адам баласының әртүрлі рухани күйлері діни тұрғыда талданған. 

Бұл кітаппен әлем жұртшылығын таныстыру үшін оны ағылшын, орыс, түрік және өзбек тілдеріне аудару мәселесі бүгінгі кеңесімізде айтылар тақырып. 

Ата – бабаларымыздың ерлік дәстүрі мен әлемдік өркениетті дамытуға қосқан ғылыми еңбектерін  дүние – әлемге танытумыз парыз.  Біз Ұлы дала ұрпағымыз, Бабаларын  қадірлей білген қазақпыз!

«Зикзал» ғибрат кітабы

Бекасыл Биболатұлының екі томдық«Зикзал» атты ғибрат кітабы – халқымыздың тəуелсіздік жылдарында тапқан асыл қазыналарының бірі. Он тоғызыншы ғасырда қағазға түскен құнды қолжазбаны, 2003 жылы Бекасыл əулиенің шөбересі, Парламент Мəжілісінің депутаты болған генерал Ержан Исақұловтың қолына тигелі бері міне, төрт рет кітап болып шықты. Қазір ғылыми айналымға түсіп, бірнеше конференцияларда талқыланды. 

Бұл ғылыми негізделген жауһар кітаптарда басынан бағы тайып, тіршіліктің тар жол, тайғақ кешулеріне кездесіп, торыққан, неше түрлі қиын сынақтарға тап болып, қиындықтан шығатын жол таппай сеңделген, дертке шалдығып жаны жүдеген, перзентке зар болып қасірет шеккен, өмірден түнілген адамдарға өмір тылсымдарының сырлары мен құпияларын ашып, дертіне дауа болатын ғылыми мәліметтердің, шешімдер мен тұжырымдардың, қағидалар мен нұсқаулардың, нақтылы ақыл – кеңестер мен ұлағатты өсиеттердің жинағы баяндалған. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

«Қос халықтың бауырының бүтін, туырлығының тұтастығын күзеткен Төле биден тараған ғұлама қайраткер, ірі оқымысты Бекасыл әулие Биболатұлының 200 жылдық мерейтойы алқалы басқосудың айшықты мағынасын арттыра түседі. Олай дейтініміз, Бекасыл әулиенің мектебінен шыққан шәкірт Қазанғап Байболұлы Түркістанды түгел билеген Ер Есім дастанын жырласа, Алатаудың алып шайырының бірегейі Тоғалақ молда Байымбетұлы «Еңшер бойлы Ер Ешимді» қаһармандықэпосқа айналдырды. 

Өздеріңізге белгілі, Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен шыққан Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» және бүгін тұсауы кесілгелі отырған Тоғалақ молда Байымбетұлының «Ер Есім», «Жаныш-Байыш» жыры әлем жұртының әдеби және тарихи мұрасын молайтты».

Ержан Исақұлов, Бекасыл атаның ұрпағы,саясат ғылымдарының докторы, генерал:

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Бекасыл әулие» жеке қоры құрылды. Аталған қордың қызметінің мақсаты - Бекасыл Биболатұлының бүкіл адамзаттың қымбат жауһарларының бірі саналатын «Зикзал» атты еңбегімен қазақ халқын кеңінен таныстыру.

Бұл еңбектегі исламның асыл қасиеттерін, адамзаттың байтақ тәжірибесі мен дәстүрін, өмір салтын, замананың ой-санасын, ғылымның сан-саласын қамтыған, қазақ топырағында бұрынды-соңды кездеспеген Бекасыл Биболатұлының аса құнды, тағлымды, ғибратты мұрасын қоғамның игілігіне пайдалану.

Осы орайда «Бекасыл Әулие» интернет-порталы ашылғанын жариялаймыз. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабының электрондық нұсқасын арнайы төлемді сайтқа шығардық.

Ендігі кезекте ғылыммен, дін істерімен, мәдениет, білім беру үрдістерімен айналысатын мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен жан-жақты және кешенді өзара әрекет жасау, олардың көмегімен арнайы «Бекасылтану» орталығын ашу жоспары тұр.

Бекасыл Биболатұлының кітапханасын іздестіруді бекасылтанушылар қолға алған болатын. Сол жанашыр қауымның қолдауымен Бекасыл Биболатұлының музейі құрып, бабаның 200 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды.