Гүлшат Рамазанқызы: Әділдік салтанат құрғанда ғана жаңа Қазақстан құрылады
22.08.2022 2578
2021 жылдың аяғында ҚР Президенті архивінде ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу Орталығы ашылды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығының басшысы – саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Рамазанқызы Нұрымбетова «Қазақстан тарихы» порталына Орталықтың немен айналысатыны және қандай мамандар архив құжаттарын жинап, зерттеу жұмыстарын жүргізетіні туралы айтып берді.





- ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығының ҚР Президенті архивінде қалай және не үшін ашылғаны жайында айтып берсеңіз?

- «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығы» Қазақстан Республикасы Президенті архивінде 2021 жылдың қазан айында Президент Әкімшілігі басшысының бұйрығымен құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Алайда Орталықты құру идеясы 2020 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісін жалғастыру тарихи әділдіктің салтанаты екенін мәлімдеуінен бастау алады. Көп ұзамай-ақ, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Республикалық комиссия құрамына белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихшылар кірді. Комиссия қызметінің басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын «толық ақтау», оларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын ақтау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау деп анықталды. Осы жұмыстарды жүзеге асыру аясында республикалық, жер-жерлерде өңірлік, қалалық комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссия жұмысы архив қойнауларында сақталған құжаттармен тікелей байланысты. Осы орайда, бұл құжаттар қайда, кімнің қолында сақталған деген сұрақтар туындайтыны сөзсіз. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінен үш мекеменің арнайы мемлекеттік архивтерінде сақталған. Бұлар ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Әу баста саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтерінде сақталып келген. 2014 жылы ҚР ҰҚК мен ІІМ біріккен бұйрығының негізінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивіндегі саяси қуғын-сүргінге қатысты 176 мың бірлік құжаттар ІІМ архивіне берілген.

Енді Орталықты құруға не түрткі болды деген сұраққа келетін болсақ, жаңа айтып кеттім комиссия мүшелері жұмыстарын архивтен бастады деп. Міне, осы тұста сарапшы-ғалымдар ХХ ғ. 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды сақтау мәселесін көтерді. Соның ішінде, ІІМ мен ҰҚК, Бас прокуратураның арнайы мемлекеттік архивтерінде құжаттарды сақтаудың талапқа сай еместігі айтылды. Аталған архивтерде құжаттар ресми қабылданған ережелерге сай сақтала бермеген. Ғимараттары, кадрлық әлеуеті де төмен деңгейде қалған.

Осылайша ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құжаттарының жүйеленбей, архив құжаттарын сақтауға қойылатын талаптардың орындалмай, әр түрлі архивтерде, әр түрлі жағдайда жатқаны анықталды. Істердің бұлай сақталуы зерттеушілердің жұмысына кедергі келтіріп, архив құжаттарын зерделеуде қиыншылықтар тудырды. Сонымен бірге, арнайы мемлекеттік архивтерде құжаттарды сақтау жағдайы олардың жойылуына тіпті жоғалып кету қаупі бар. Бұл құжаттарды бір жерге жинап, реттеу мәселесі қазір шешілмесе, ертеңгі күні біз олардың ізін таппай қалуымыз да әбден мүмкін еді.



Осыған байланысты арнайы мемлекеттік архивтерде сақталған саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар мен материалдарды ҚР Президент архивіне өткізу, оларды бір жерге шоғырландыру туралы шешім қабылданды. Президент архивінде құжаттарды сақтау, жүйелеу мен цифрландыру үшін қажетті барлық ресурстар мен жағдай бар. Архив заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кезінде ақын айтқан «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген өлең жолдары бәрімізге жақсы таныс. Көпшілік архив десе сөрелерде жатқан шаң басқан құжаттарды көз алдарына елестетері сөзсіз. Алайда, бүгінгі күнгі архив жағдайы бұдан тіптен басқаша. Айтпағым, ХХІ ғасыр архив туралы түсінікті де түбірімен өзгертті. Біздің күнделікті өмірімізге жаңа технологиялар мен байланыс құралдары, онлайн мемлекеттік қызмет көрсету қалай енсе, архивте де осындай өзгерістер баршылық.

Тағы қайталап айтқым келеді, Орталықтың Қазақстан Республикасы Президенті архивінде құрылуының басты себебі Архивте құжаттарды қабылдап, сақтауға барлық мүмкіншілік те, жағдай да бар. Айтпағым, құжаттарды орналастыратын барлық талаптары (температуралық режим және т.б. ) сақталған қойманың болуы, сондай-ақ архив оларды арнаулы өңдеуден өткізіп, өңдейтін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

 

- Мамандарды іріктеп алу қиынға түскен шығар? Ұйымдастыру жұмысы қалай жүрді?

- Кез келген жаңадан құрылған ұйымның алдында ұйымдастырушылық міндеттер тұратыны белгілі. Сондықтан Орталық та бірінші кезекте материалдық-техникалық, кадрлық қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды шешумен айналысты. Жалпы кез келген істі бастау қиын ғой. Сол сияқты Орталықты құру барысында да өзіндік қиындықтары болды. Егер, жоқ бәрі жақсы, барлығы жедел де тез шешілді десем, оған сену қиын болар. Сондықтан мамандарды іріктеуде де, ұйымдық жұмыстарды шешуде де өзіндік қиындықтары болды. Мәселен, мамандарды іріктеуді айталық. Орталықтың алдына қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға, орындауға сай келетін қызметкерлерді табу оңайға соққан жоқ. Себебі, олар бір жағынан саяси қуғын-сүргін мәселесін жете білулерімен қатар архив саласының маманы болуы тиіс. Мұндай қиындықтарға қарамастан бұл мәселенің де шешімі табылды. Архивтің осы үстіміздегі жылы қабылданған тұжырымдамасына сәйкес оның (Архив) қызметінде ғылыми-әдістемелік бағыт анықталып, түбегейлі өзгерістерге бет бұрыс жасалып отыр. Осыған сәйкес Орталық қызметін қамтамасыз ететін қызметкерлер екі топқа, яғни ғылыми және архив қызметкерлері деп бөлінді. Тап қазір Орталықта жоғары оқу орындарын бітірген тарихшылар, саясаттанушылар, архив мамандары еңбек етіп жатыр. Араларында ғылым докторы мен кандидаты да бар. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивімен тығыз байланыс орнаттық.

Орталықты ұйымдастыру барысында материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бірінші кезекте қызметкерлерді жұмыс орнымен, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Айта кеткен жөн, Президент архиві Орталықты құруға үлкен дайындықпен келді. Орталықты ұйымдастыру мәселелерін шешуде Архив қызметкерлерінің осы мәселеге қатысты алыс-жақын шетел тәжірибесімен жақын таныс болуы да маңызды роль атқаруда.

 

- Орталық немен айналысады? Сіздер тек архив құжаттарын жинақтаумен айналысасыздар ма, әлде зерттеу жұмыстарын жүргізесіздер ме?

- Жаңадан құрылған Орталық немен айналысады, міндеттері қандай деген сұрақтар көпшілікті алаңдатары сөзсіз. Орталықты құрудағы басты мақсат ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты материалдар мен құжаттарды бір жерге шоғырландыру, жүйелеу. Орталық бірінші кезекте арнайы мемлекеттік архивтердің құжаттарын қабылдаумен, одан кейін ғылыми-техникалық сараптама жүргізу, құжаттарды жүйелеу және қорларға бөлу, оларға қажет ғылыми-анықтамалық аппаратты дамыту, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және ғылыми айналымға енгізу, құжаттарды электрондық түрге көшіру және электрондық деректер базасын құру, ХХ ғ. құжаттарымен архивтік жұмысты ғылыми және әдістемелік сүйемелдеу, ғылыми-зерттеу қызметі, әлеуметтік-құқықтық сұранымдарды орындау тәрізді өзекті істермен айналысады.

Бүгінгі күні Архив ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратурамен арнайы мемлекеттік архивтердегі құжаттарды тапсыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы келісімдерге қол жеткізді. Бұл құжаттар құрамы мен саны туралы мәліметтер нақтылануда. Осы арнайы архивтердегі ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды қабылдауды бастадық. Құжаттардың мазмұндық сипатына келер болсақ, бұл құжаттардың денін ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық істер, сот органдары ақтаған қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істер, Германиядан оралған бұрынғы КСРО азаматтары мен бұрынғы әскери тұтқындарға қатысты іріктеу және трофейлік материалдар, қарсы барлау істері, арнайы қоныстанушыларды есепке алу бойынша архивтік істер, қауіпсіздік органдарының хат алмасулары, саяси қуғын-сүргін бойынша материалдар мен құжаттарды іздеуге қатысты нормативтік құқықтық актілер мен өкімгерлік құжаттар құрайды. Аталған құжаттардың тарихи құндылығы жоғары, олар жаппай қуғын-сүргін тарихының ғылыми қауымдастыққа беймәлім жаңа қырларын ашады, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы қорытынды қабылдауға құжаттық негіз болып табылады.

Жалпы ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргін құрбандарының құжаттарын ғылыми-техникалық өңдеу, жүйелендіру, қорға бөлу жұмыстары үлкен ыждаһаттылықты талап етеді. Қолға алмақ істеріміздің бірі – бұрын құпия болып келген құжаттарды құпиясыздандыру. Бұған түрлі мекемелер мен ведомстволар мамандарын тарту арқылы қол жеткізуге болады. Осы жағын да ойластырып жатырмыз. Орталық ХХ ғ. 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды жинақтау, зерттеушілерге қолжетімді етумен қатар болашақта осы мәселені жан-жақты зерттеумен де айналыспақ. Тоталитарлық режим әкелген апаттар – қуғын-сүргін және ашаршылық қайталанбауы үшін олардың тарихы тереңінен зерттелуі қажет. Бұл Орталықтың алдында тұрған келесі бір үлкен міндет. Оны жүзеге асыру үшін зерттеушілердің жаңа буыны сапқа тұруы керек, біздегі құжаттар десте-дестесімен жарық көруі керек. Демек уақыт факторымен есептескен жөн.

 

- Енді қуғын-сүргін тақырыбы сізге өте жақын тақырып қой. Осы орайда мына бір сауалды сізге қойғым келіп отыр. Қазақстандағы сталиндік репрессия я саяси режимнің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

- Қазақстандағы қуғын-сүргін Орталықтың, яғни Кремльдің бастамашылдығымен өмірге келді. Оның дем берушісі әрі авторы Сталин десек қателеспейміз. Кеңестік тоталитаризмнің қуғын-сүргінді Қазақстанда ерекше қатігездікпен ұйымдастыруының бір себебі – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының сандық әрі сапалық тұрғыдан өте биік деңгейде тұрғаны. Орталық билік Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Смағұлов сынды тұлғалардан сескенді. Олардың көзін жоймай ойлаған істерін жүзеге асыра алмайтынын жақсы білді. Қазақстандағы қуғын-сүргіннің жаппай сипат алуы Мәскеудің қолшоқпары Голощекин арқылы жүзеге асты. Большевиктік осынау кадр саясатының заңды жалғасы ретінде Д.Қонаевтың орнына Колбиннің келуін жатқызуға болады. Голощекин мен Колбин Қазақстандағы қуғын-сүргінді белсенді ұйымдастырушылар ретінде тарихқа енді.

 

- Мемлекеттік комиссияның қызметінің тарихи, әлеуметтік, саяси қырларының қайсысы маңызды деп есептейсіз?

- Соңғы 60 жылдан астам уақыт бойы жазықсыз жапа шеккендерді ақтау ауық-ауық қолға алынғаны баршаға мәлім. Елімізде жүзеге асырылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісінің 4 кезеңін ажыратып көрсетуіміз керек. Алғашқы екі кезең кеңестік дәуірде жүзеге асырылды: 1. Хрущевтік жылымық кезеңі (1953-1964 жж). 2. Горбачевтік кезең (1988-1991 жж.). Келесі үшінші кезең тәуелсіздігімізді алғаннан кейін басталды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, құрбандарды ақтауға құқықтық негіз қаланды. Ал 1997 жыл қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде ұлттық тарихымызға енді. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған он төрт «Аза кітабы» жарыққа шықты. Төртінші кезең - 2020 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қ.Тоқаев кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісін жалғастыру тарихи әділдіктің салтанаты деп мәлімдеген еді. Осы уақыттан бастап елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстар жаңаша жалғасты. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің басты тақырыбына айналды. Мемлекеттік комиссияның құрылып, жұмыс істегеніне де екі жылға жуық өтті. Осы кезеңде комиссия мүшелерімен талай құжаттар ақтарылып, талай істер қаралды. Менің ойымша, мемлекеттік комиссия қызметінің маңызды қыры – саяси, құқықтық, тарихи, әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру. Әділдік салтанат құрғанда ғана жаңа Қазақстан құрылады.


- Сұхбатыңызға көп Рақмет!