Парламент «Алаш қозғалысы және Алаш орда үкіметі туралы» заң қабылдауы керек
14.03.2022 3493

Наурыздың 5 күні Ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған күні өтті. Осыған орай Астанада бір топ азамат «Қаламгерлер» аллеясына барып, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлына орнатылған ескерткішке тағызым етті. Аталған жиында азаматтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру бастамасы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары құрмет көрсетумен басталуы керек деген ой айтты.


Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіне 105 жыл толып отыр. Осы тарихи датаға байланысты билік Алашорда үкіметіне ресми баға берілу керек.

Мәселен 1918 жылы құрылған Әзербайжан Демократиялық Республикасын (АДР) Тәуелсіз Әзербайжан елі мемлекеттің бастауы ретінде дәріптейді. Тіпті аталған республика құрылған 28 мамыр күнін Әзербайжанда Республика күні ретінде аталып өтіледі. Біздің елімізде Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметі құрылған күнді Әзербайжандар секілді айтулы датаға айналдыруы керек. Себебі Қазақ елінің Тәуелсіз ел болуы жолында Алаш арыстарының сіңірген еңбегі ерекше.

Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бұл үшін әуелі Парламентте «Алаш қозғалысы және Алаш орда үкіметі туралы» деген арнайы заң ретінде қабылдағануы керек деген пікірде. Аталған заңның ішінде Алаш қайраткерлерінің тарихи еңбегі мен қызметіне Тәуелсіз мемлекет тұрғысынан саяси баға берілуі керек.

«Қазір елімізде репреция құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған дейін аталған комиссияға өзімнің ұсынысымды жазып жіберген болатынмын. Негізі ел арасында «Алаш арыстарын ақтау керек» деген сөз айтылады. Шын мәнінде Алаш қайраткерлері ақтауға мұқтаж емес. Өйткені алаштықтарды ақтайтындай олар біреудің алдында қылмыс жасаған жоқ. Сондықтан да азаматтардың «Алаш арыстарын саяси тұрғыдан ақтау керек» деп айтып жүргені дұрыс емес. Ең дұрысы олардың қызметіне саяси баға беруіміз керек. Менің ойымша, бар мәселе Тәуелсіз Қазақ елінің талап-тілегіне сай баға беруде жатыр. Нақтырақ айтсам, Тәуелсіз Қазақстан тұсында «Алаш қозғалысы және Алаш орда үкіметі туралы» деген саяси құжат дайындалып, ол заң ретінде қабылдануы керек. Аталған құжатта Алаш қозғалысы мен Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ қайраткерлерінің қызметіне саяси баға ресми түрде берілу керек.


Біріншіден, Алаш қозғалысы тек қана зиялы қауым өкілдерінің немесе «Алаш» партиясының қозғалысы емес. Шын мәнінде Алаш қозғалысы қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысы болатын. Өкінішке қарай кейбіреулер Алашты зиялы қауым өкілдерінің тобы деп қарастырғысы келеді. Барлық отар елдердің тарихында яғни Азия, Африка, Латын Америкасында болған ұлт азаттық қозғалыс секілді Алаш арыстарының да өз ұқсастығы бар. Менің түсінігім бойынша ғылымда немесе саясатта болсын, Алаш қозғалысы халықаралық контексте қаралып, соған сай баға берілгені жөн. Егер осы тұрғыдан баға берілетін болса, Әлихан Бөкейхан Қазақ ұлт-азатттық көтерілісінің көшбасшысына айналады. Осыған байланысты Үкімет Ұлт көсеміне құрмет көрсетуі тиіс»,-дейді ол.

Тарихшының айтуынша, сонда ғана тарихи әділеттілік орнайды. Егер тарихи әділеттілік салтанат құрса, ұлттың көші түзеліп, қазақтың тарихи және қоғамдық санасы өз арнасына түседі.

«Мұндай жағдай барлық елдерде болған. Мысалы Латын Америкасында Симон Боливар деген көшбасшы болған. Қазір оның құрметіне Боливия деген мемлекет өз атын атап отыр. Үндістандағы Махатма Ганди, Түркиядағы Ататүрік секілді дәрежеде Әлихан Бөкейханның аты дәріптелуі керек. Бұл құрмет Әлекең үшін керек емес, ол мұндай атаққа мұқтаж да емес. Бұл құрмет ұлттың ұлттық санасын қалыптастыру үшін бізге керек. Өйткені ол ұлттың болашағы үшін өмірін арнап, соның болашағы үшін күрескен айтулы тұлға. Мұндай тұлғалар ұлттың тарихында дәріптеліп, оның қызметіне әділ баға берілу керек. Болашақ ұрпақ Әлихан Бөкейханның кім екенін білуге міндетті. Сонда ғана ұлттың тарихи санасы қалыпты жағдайға түседі. Онсыз ұлттың өсіп-өнуі мүмкін емес. Мемлекеттік комиссия арқылы кеште болса, «Алаш қозғалысы және Алашорда үкіметі» деген құжат қабылданса дұрыс болар еді.

Сондай-ақ мектеп оқулықтарында Әлихан Бөкейхан туралы материал енгізуіміз керек. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Егер біз бұл іс-шараларды жасамайтын болсақ, ұлт ретінде дамып, алға жылжымаймыз. Біз қалай ұлт болып сақталып қалдық? Әлихан Бөкейхан секілді қажырлы азаматтардың Алаш идеяның арқасында өз алдымызда Тәуелсіз ел болып отырмыз.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері құрған Алашорда үкіметі Совет үкіметіне балама үкімет болды. Сондықтан да біз аталған құжатты Алашорда үкіметін лигитимді, заңды үкімет ретінде мойындауымыз керек. Ал Совет үкіметі халықты қырғынға ұшыратып белгілі бір дәрежеде күшпен орнаған мемлекет. Менің ойымша, Совет үкіметін лигитимді емес күшпен орнаған заңсыз үкімет ретінде айтуымыз керек. Совет үкіметін Алаш қозғалысына жасаған қиянытын ерекше атап өтуіміз керек – дейді тарихшы.

Қаңтар көтерілісінен кейін еліміздің саяси бағыты басқа арнаға түскені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Жаңа Қазақстан» құратынын айтып отыр. Біздің ойымызша, «Жаңа Қазақстанның» ең басты қадамдарының бірі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарына құрмет көрсетуден басталуы керек. Ол үшін Мәмбет Қойгелді айтқандай Парламент «Алаш қозғалысы және Алашорда үкіметі туралы» арнайы заң қабылдауы керек. Аталған құжатта «Алашорда үкіметі 1917-1920 жылдардағы Қазақтың ұлттық мемлекеттілігінің жаңғыртып, қалпына келтірушілер ретінде бағалануы керек. Өйткені Алашорда үкіметі мен Тәуелсіз Қазақстанның арасында тарихи сабақтастық, байланыс бар екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Мемлекеттің дамуы тек қана экономикалық көрсеткішке байланысты емес. Егер Үкімет Тәуелсіздік үшін күрескен Алаш арыстарына құрмет көрсетпесе, оның шарықтап дамуы мүмкін емес. Сондықтан да «Жаңа Қазақстанның» ең алғашқы қадамдарының бірі Алаш қайраткерлеріне құрмет көрсетуден басталуы керек.