Атырауда «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференциясы басталды
27.10.2021 2356

Атырау төрінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Үш күнге жалғасатын шараның шымылдығы «Айбыны асқан Алтын орда» әдеби-театрландырылған қойылыммен ашылды.


Көне Сарайшық. Сарайшықтың әйгілі аңызы – Алтын қайықты қыз. Алтын Орда хандарының шеруі. Ұлы Жібек жолы. Алтын орда мұрагері – Қазақ хандығы композицияларынан тұратын 40 минутқа созылған театрландырылған қойылымды Атырау облысының Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының әртістері сахналады. 


Ұлттық-фольклорлық сарында өткен қойылымның сценарий авторы ақын Әлия Дәулетбаева. Қойылымның режиссері – Жанат Телтаев. 

Тарихи қойылым Шыңғыс ханның төрт ұлына Ұлық Ұлыстарын бөліп беруден басталады. Жошы, Шағатай, Төле, Үгедей ұлыстарының территориялық құрылымдары суреттеледі. Шыңғыстың немерелері Бату мен Берке хандар, сондай-ақ Мөңке Темір, Өзбек, Жәнібек хандарға дейінгі аралықтағы маңызды оқиғалар баяндалады. Қойылым соңы этнофольклорлық ансамбльдың шағын концертімен аяқталады.


Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова конференцияның тарихи мәніне тоқталып, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы Жарлығымен тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жалпыұлттық жоспардың шеңберінде қазан айының соңғы күндері «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты үлкен халықаралық конференция жұмысын бастады. Үш күнге созылатын конференцияның басты мақсаты – Алтын Орданың ежелгі әрі көрнекті қалаларының бірі Сарайшықтың тарихи тағлымын көтеру, елге паш ету, әрі қарай тарихымызды танып, кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдыру. Сарайшықтын орнында қазір үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Сапар орталығы мен күмбезді мешіттер салынуда. Үш күндік конференциямызға АҚШ, Жапония, Ресей сияқты алыс-жақын елдерден ғалымдар ееліп, үлес қосуда. Алтын Орданың ең көрнекті қалаларының бірі – Сарайшық. Атырау облысы Махамбет ауданының жанында орналасқан Сарайшық ауылынан сегізінші ғасырдың көптеген жәдігерлері табылған. Осы жаңалықтардың бәрі конференция қонақтарыныңң назарына ұсынылады», - деді Бақытгүл Хаменова.


Айта кетер болсақ, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) империясының 750 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы мәлімдеді. 


Шыңғыстың немерелері, Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында алып империяға айналды. 1269 жылы Талас өзенінің бойында Шыңғыс ұрпақтары құрылтай өткізіп, алып империяның атын әлемге паш етті. Осылайша тарихқа Алтын Орда немесе Дешті қыпшақ мемлекеті өмірге келді. Алтын Орда ыдырғаған кезде 5-6 мелекетке бөлінді. Соның бірі, Ұлық Ұлыстың заңды мұрагері - Қазақ хандығы болды. 




Фото авторы: Виктор Федюнин