«Қазақстан тарихы» интернет-порталы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Ауыл тарихы» жобасының аясында ауыл тарихын дәріптеуді, ондағы атқарылып жатқан ілкімді істерді насихаттауды бастап кетті. Осыған байланысты бір ғана ауылда 2720 тұрғын өмір сүріп жатқан Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай ауылының тыныс-тіршілігін баяндап, оның тарихына, бүгінгі хәл-ахуалына тоқталып өтуді жөн көрдік...
Жергілікті жұрт Индербор атап кеткен Индер ауданы Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Біз сөз еткелі отырған Көктоғай ауылы сол ауданнан оңтүстік-батысқа қарай 50 шақырымдай жерде, шөлейт белдеуде орналасқан. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1999 жылдың өзінде аталмыш ауылдағы тұрғындар саны 2378 адам болса, 2009 жылы 2418 адамды құраған. Кейбір деректер бойынша, Зеленый ауылы(бұрынғы атауы) орналасқан тұста 15 ғасырдың аяқ кезінен бастап Көктоғай атты ескі қоныс болған. 1928 жылы ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға сәйкес мұнда сол кездегі «Красный Октябрь» балықшылар ұжымшары құрылып, өзімен аттас ауылдық кеңесте орталық ретінде саналған. 1962 жылы «Красный Октябрь»-ден «Путь Ильича» атты қаракөл қой кеңшарына айналып үлгерген. 1997 жылы Көктоғайда шаруа(фермерлер) қожалықтары құрылды. Ауылда тұрғындарға қажетті кітапхана, мектеп-интернат, емхана мен аурухана, балабақша, мәдениет үйі, байланыс бөлімшелері бар. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевқа арналған ескерткіш те орнатылған. Оған қоса Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп оқушыларға есігін айқара ашып, жұмыс істеп тұр. Өңірде бүлдіршіндерге арналған «Гүлдәурен-7» бөбекжай-бақшасы да бар. Көбіне тұрғындар көрші елді мекендерге автомобильмен, ара-тұра су жолымен қатынайды.
Ауылдан сәл алыстай бергенде, көзіңізге бірден екі үлкен шаруақожалығы түсе кетеді. Ауқымы, маңызы жөнінен жоғары саналатын «Шаңырақты» мен «Уәли ата» қожалықтары бүгінде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, өзге өңірлер мен аймақтарға тауар тасымалдаумен айналысады.
- Екі аумаққа бөлінген 100 және 150 гектар жерде дәнді-дақылдар, жеміс-жидектер өсіріледі. Жұмыс күші негізінен шеттен келгендер мен ауыл адамдарынан құралған. Сағаның бойында отырғандықтан, су жеткілікті. Округ әкімінің жұмысына көңілім толмайды деп айта алмаймын. Керісінше ауыл көркейіп келеді. Осы жерде дүниеге келген адам болған соң да, туған жерге жаны ашымай тұра алмайды,-дейді «Шаңырақты» шаруақожалығының басшысы Амантай Қабдолов.
- 2002 жылы отбасыммен бірге шаруақожалығын құрып, әлі күнге сонда қызмет етіп келемін. Мендегі негізгі түлік түрі – түйе мен жылқы. Қазір қарауымда 200-ден аса түйеміз, 60-тан аса жылқыларымыз бар. Оның бәрін бала-шағаммен бағып, нәпақамызды осы малдан айырып отырмыз. Мал етінен бөлек шұбат пен қымыздан да көрер пайдамыз көп. Ауылымызда кәсіппен айналысамын, өркендеймін деген кез келген адамға түбегейлі негіз бар,-дейді «Уәли ата» шаруақожалығының басшысы Қанатжан Бейсенғалиев.
Ауыл ішіне кіре сала округ әкімін сөзге тартып, ауылдағы іргелі жұмыстарды толығымен баяндап беруін сұрадық. Мектеп, емхана, наубайхана, су тазарту орны, балабақша секілді нысандарды аралай жүріп, жай ғана ауылдық жерде емес, өзімізді қалалық сипаттағы кентте жүргендей сезінген кездеріміз де болды. Ауыл әкімінің қызметіне келгелі 10 жыл болса да, біраз шаруаның басы-қасында болып, көптеген мекемелерді жаңалап, күрделі жөндеуден өткізгені бірден көрініп тұрды. Тіпті ауылда сапалы көлік жолы мен жаяу жүргінші жолы да бар. Бұның бәрі Көктоғай ауылына алғаш барған адамға жылы сезіліп тұрады. Бірақ әкім жұмысы мұнымен шектеле ме? Алда тағы қандай жоспарлар бар? Көктоғайды қандай мәселелер толғандырады? Дәл осы сауалдарға қатысты Көктоғай ауылының әкімі ауыл ішін таныстыра отырып, жүйелі түрде жауап беріп отырды.
- 2011 жылдан бері Көктоғай ауылдық округінде әкім болып жұмыс істеймін. Сол кезден бері тындырылған жұмыстардың бірқатарын тізе кетейін. Ең бірінші 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауылға таза су тартыла бастады. Одан кейін 2013 жылы ауылдағы Б. Нысанбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, 2014 жылы «Гүлдәурен» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 2016-2017 жылдары мәдениет үйі мен әкімшілік ғимараты да күрделі жөндеуден өтті. Аталған мекемелердің ғимараттары түгел дерлік кеңес үкіметі кезінде салынған еді. Ескіріп, тозығы жеткеннен кейін, өз тарапымнан аудан әкімшілігіне ұсыныс бердім. Әрине, кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар істеліп отырды. Оған қоса 2017 жылы жаңадан емхана салынып, пайдалануға берілді. 2018 жылы жазғы су құбырлары тартылды. Қазір оны халық пайдаланып, қызығын көріп отыр. 2020 жылы басталған ауылішілік 13 км асфальт-жолдардың аз бөлігі ғана қалып, бітуге таяп қалды. Биылғы жазда толықтай пайдалануға берілмек. Ауылда жалпы саны 20 көше болса, оның барлығына дерлік асфальт-жолдар төселді. Енді тек 2 км 600 метрдей жердегі жол жұмысы бітпегенмен, ол да аяқталуға жақындап қалды. 4500 метр жерге жаяу жүргіншілер жолы салынып, былтыр оның да жұмысы аяқталды. Білім саласы бойынша ауылда бір орта мектеп бар. Онда 593 оқушы білім алады. Оның 100 оқушысы мектепалды даярлық тобында оқиды. Ал кішкентай бүлдіршіндерге арналған 40 орындық «Гүлдәурен» балабақшасы бар. Шындығын айтқанда, халыққа қажетті нысандардың жұмысы тоқтаған жоқ. Округ әкімі аппаратында қазір 5 маман болса, мені қоса алғанда жалпы 6 мемлекеттік қызметкер бар. Ауылда тұрғын үй құрылысының жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Жылына кем дегенде 1000-нан астам шаршы метр көлемінде тұрғын үй қабылданады. Бұл дегеніміз, жаңадан қоныстанған 10-нан аса тұрғын өзін баспанамен қамтып отырғанын білдіреді. Ауыл халқы газ, электр, су жүйелерімен жүз пайыз қамтылған. Осы жылы ауылымызға жаңадан салынатын тұрғын үйлер жерінің 1 км 300 метріне газ желісі, 1 км-іне таза су желісі тартылса, 8 км-іне электр желісінің жұмыстары басталады. Ауыл шаруашылығы мәселесіне тоқтар болсақ, ауылда қазіргі таңда 58 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Бір қуантарлығы, ауылымыздан шыққан кәсіпкерлер, жанашырлар қайырымдылық іс-шараларын жиі өткізеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде еріктілердің, кәсіпкерлердің арқасында 4 млн-нан аса қаражатқа жұмыстар жасалды. Ауылдың атауы жазылған арканы 3 миллион теңгеге мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер бірлесе отырып, жасады. Ауылдың кәсіпкерлері былтыр ғана ауылдағы аз қамтылған отбасыларға 1,5 млн теңгемен жәрдемдесіп, көмек қолын созды. Бұл – әр жылы түрлі деңгейде жүзеге асатын көмек. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында ауылдың жетістіктері аз емес. Өздеріңіз куә болған мысалы, «Уәли ата» шаруа қожалығы түйе өсірумен айналысады. Өнімдерін аудан, облыс базарларына дейін, тіпті елордадағы жәрмеңкеге дейін апарады. «Алға 1» мен «Құлыншақ» секілді шаруа қожалықтары жылқы, түйе өнімдерін сатумен айналысады. Соған сәйкес жеткілікті деңгейде пайда да көріп отыр. Біздегі басты мәселе – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жоқтығы еді. Бүгінгі таңда ол мәселе де шешіліп, нысанның жұмысы басталып кетті. Одан бөлек, алдағы уақытта қосымша 120 орындық мектеп салынуы жоспарда бар. Әр жерден ойын алаңдарын салу жұмыстары да кезең-кезеңімен ұйымдастырылады. Ауылда мал дәрігері мамандығының жұмысына аздап сұраныс бары рас. Бірақ жалпылама кадр тапшылығы жоқ,-дейді Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайынов.
Біраздан бері туған жерінің төл перзенті атанып, оны көркейту жолында ілкімді істер атқарып келе жатқан Мәмбетқали Құсайынов осы жылы жаңадан ауыл әкімдерінің тікелей сайлау науқанында өз кандидатурасын ұсынып, биыл да жеңіске жетіпті. Ауылды аралау барысында ат басын тіреген шаруашылық басшыларының сөзіне сенсек, Мәмбетқали Құсайынов әкім болғалы ауылда жұмыс орындары көптеп ашылып, жаңартылған құрылыс нысандары көбейген. Мұны ауыл тұрғындары да растап отыр.
- Ауыл халқының қазіргі әлеуметтік жағдайы жақсы деп есептеймін. Осыдан 10 жыл бұрын ауылға Мәмбетқали Жолдасқалиұлы әкім болып келгелі елде тұрғындар қанағаттанатын істердің бәрі жасалды. Мәдениет үйінен бастап мектепке дейін күрделі жөндеуден өтті. Оның бас-аяғында әкімнің өзі жүріп, қадағалағанын көзімізбен көрдік. Мен оны нағыз елдің азаматы деп білемін. Оның істеген әрбір жұмысына менен басқа ауыл тұрғындары да оң баға береді деп ойлаймын,-дейді зейнеткер әрі ауыл тұрғыны Ибрайым Қисметұлы.
P.S. Иә, мақаламызға мұрындық болған Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай ауылы терең тарихымен ғана емес, әлеуметтік жағдайының өзге ауылдарға қарағанда жақсырақ екенімен де көзге түседі. Ауылда «жұмыс істеймін», «туған жерге туымды тігіп, қызмет етемін» деген саналы адамға мейлінше жағдай жасалғанын айтсақ, артық та болмас. Өйткені халық пен жергілікті биліктің өзара сенімді қатынасының арқасында мұнда ауызбіршілік орнай білген. Сонымен мұнайлы өлкенің шалғайындағы шағын ауылдың тарихы һәм бүгінгі тыныс-тіршілігі осылайша сыр шертеді...