Түркістан облысының тарихи нысандары
15.09.2021 3131

         Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігінде орналасқан киелі өңір. Осыдан 3 жыл бұрын ғана Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері қала гүлденіп, ерекше қарқын алған. Ал бұған дейін орталық саналған Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кірді. Ендігі біздің тақырыбымыз осы Шымкент пен Түркістандағы тарихи, киелі нысандарға арналмақ.


«Оңтүстік» десе, бірден еске түсетін, қасиетті жерлерімен өте танымал өлке – Шымкент қаласы. Шырайлы, шуақты, қонақжай Шымкент... Арыс пен Бадам өзендерінің бойында орналасып, əйгілі Испиджаб (Сайрам) қақпаларының бірі Неджикет қақпасы аталып, кейіннен Шымкент қақпасы деген атауға ие болған шаһардың тарихы тым тереңде. Сол себепті де мұнда киелі жерлер, əулиелер ізі көп кездеседі. Тіпті Ұлы Жібек жолының оңтүстік жəне солтүстік тармағы осы еліміздің оңтүстік өңірінде түйіскені де бізге көне тарихтан мəлім. Қаланың оңтүстігінен кіре берісте шаһардан 40 км-дей жерден тауды көруге болады. Оның төбесінде үлкен кеме түріндегі ескерткіш бар. Бұл – қасиетті Қазығұрт тауы, ал ескерткіш «Кеме қалған» деп аталады.

…Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол əулие болмаса неге қалған?! –

деген жыр жолдары да ертегідей əлемге тарта түседі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ескі аңыздарда оны «Нұх кемесі» деп те атайтын көрінеді. Өңірде аралаймын, тынығып, серуен құрамын деген адамға саябақ та жеткілікті. Солардың бірі – Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан «Қазына» этно-тарихи кешені. Мұнда кезінде атақты батыр, қолбасшы, дана билеуші болған Бəйдібек бидің монументі алыстан «мен мұндалап» көрініп тұрады. Одан өзге «Сайрам» тұрғын алабындағы жасыл желекті Наурыз саябағы да кіреберістегі мәрмәр тастармен, әдемі аркалармен ерекше сәулет үлгісін әспеттейді.




Осыған дейін Шымқаланың қашан бой көтергенін анықтау мақсатында біраз археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Сол қазба жұмыстарының ерекше бір көрінісі – «Цитадель» деп аталатын көлемді аумақты алып жатқан қамал-қорған. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жерге ең алғаш тұрақты қоныстанушылардың Қангөй мемлекеті дəуірлеп тұрған кезде, осыдан шамамен 2200 жыл бұрын қоныс тепкені расталды. Түрлі дəуір мəдениетін бастан өткерген бұл аймақта қазір қызу жұмыстар жүріп жатыр. Тарих пен дәстүрді дәріптеуде кесенелердің маңызды екені айтпаса да әмбеге аян дүние. Қалада алғашқы дереккөздері ХVІ ғасырдан бастау алатын кесененің бірі – Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі. Рәбия Сұлтан Бегім – Әмір Темір әулетінен шыққан Ұлықбектің(Тимурид Ұлықбек) қызы әрі Әбілхайырдың әйелі болып келеді. Самарқанда өсіп-өнген, сонда білім алған оны Әмір Темір немересі Саид Самарқанды жаулап алғанда Әбілхайыр хан үлкен көмек көрсетеді. Сол жорық кезіндегі әскермен көрсеткен көмегі үшін 1451 жылы Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегімді ұзатқан екен. Қазір реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, жаңарған кесене – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысында 60 метр жерде орналасқан. Кешен 5 бөлмеден тұрады. Сонымен қатар үлкен 8 қырлы залдан, шаршы мен тік бұрышты ғимараттың құрылысына сай бөлмелерден тұратынын да айта кеткен жөн.




Енді жоғарыда жазған «Цитадель» деп аталатын Шымкент қаласының бастауындағы қамалдың бүгінгі жай-күйіне тоқталып көрелік. Мамандар бұл жердегі болған оқиғаны, тарихты ұғындыру мақсатында жаңа технологиялық мүкіндіктерді де мейлінше қолданысқа енгізген. Мысалы, VR көзілдірік арқылы туристер аталмыш қамалдағы тарихи оқиғалармен, оның осыған дейінгі жай-күйімен етене таныса алады. Құдды сол кезеңде өмір сүріп жатқандай əсер сыйлайды. Биіктігі 25 метр жерге қайтадан тұрғызылған қамал кезінде Ұлы Жібек жолындағы Сайрам қаласының қорғанысын күйшейту үшін салынған деген дерек тежоқ емес. Ресми тізім бойынша, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тарихи, сəулет, діни жəне табиғи маңызы бар ірілі-ұсақты 1300-ге жуық нысан бар. Соның ішіндегі ең киелі орындардың бірі – Ибраһим ата кесенесі. Ол Түркістан облысындағы Сайрам ауданының солтүстік-батыс шетіндегі биік төбеде орналасқан. Кесене иесі Ибраһим ата – Қожа Ахмет Ясауидің əкесі. Халық арасында рухани азық беретін, армантілектерді орындайтын қасиетті, киелі жер саналады. Қожа Ахмет Ясауидің əкесі Ибраһим өз кезеңінің сауатты, білімді, діндар адамы болса, анасы Қарашаш (кейбір деректерде Айша деп те атайды) еліне қадірлі, ақылды адам болған екен. Шымкенттегі бірқатар киелі де тарихи орындарды аралап болған соң, бағытымыз Түркістанға қарай ойысты.




Түркістанға барар жолда Қазығұрт ауданындағы Шымкент-Ташкент күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешені мен «Мəңгілік ел» саябағын көруге болады. Тарихи кешенді аралай жүріп, кешегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дəуірінде «Елім-айлап» көшкен жұрттан бастап, бүгінгі бейбіт күнге жалғасқан тарихқа куə бола аламыз. Мұнда сонымен қатар əр түрлі өңірдің жомарт азаматтары сыйлаған ескерткіштер де бар. Мəселен, Атырау, Маңғыстауға аты жайылған азамат Төкен Жұмағұловтың бастамасымен орнатылған əйгілі үш биге арналған «Ұлы дала даналары» ескерткіші тұр. Енді одан ары жүргенде Арыс өзенінің төменгі сағасындағы Отырар қалашығына соқпай кетуге болмайды. Қалпына келтіру жұмыстары тоқтамаған Отырар оазисі Тарбанд, Тұрарбанд, Тұрар, Фараб секілді ірі қалашық-кешендерден тұрады. Тарихшылар оның гүлденген уақыты – біздің дəуіріміздің ХІІІ ғасырына дейінгі кезеңде де ғалымдар, ғұламалар, өнер мен қолөнер шеберлері, болжаушылар мен зергерлер көп болғанын айтады. Отырардан шығып, екі шақырымдай жүрсеңіз, Арыстан баб кесенесіне маңдай тірейсіз. Арыстан баб – Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы əрі рухани тəлімгері. Сол себептен де Ясауиге арнайылап келген əрбір жан ең алдымен өз жолын Арыстан баб кесенесіне тəу етуден бастайды, содан кейін ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келеді. Көп ұзамай, Түркістан қаласына да жеттік. Əдебиеттен, тарихтан оқығандағы əсердей емес, қазіргі Түркістанның келбеті мен кескіні өзгеріп, жаңаша қарқын алған. Əдемі ою-өрнектермен безендірілген көп қабатты зəулім үйлер, көздің жауын алатын нысандар да көптеп кездеседі. Облыс орталығына айналған аз ғана уақыттан бері қаланың шырайы кіре бастаған.

Əрине, Түркістан десе руханияттың еске түсетіні, соның ішінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құндылығы ерекше байқалады. 1385-1405 жылдар аралығында салынған сəулет жауһарларының күні бүгінге дейін сақталуы кім-кімді болмасын елең еткізбей қоймайды. Бірнеше тарихи апаттарды бастан кешсе де, нысан қалпына келтіру жұмыстарынан өткен. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесене Түркістан қаласының ғана емес, күллі түркі əлемінің рухани символы екені айтпаса да түсінікті жайт. Одан бөлек, киелі мекенді түлету мақсатында елдің əр өңірі бір-бір нысаннан тарту еткен. Мысалы, солардың арасында Атырау облысының тартуы ерекше көзге түседі. Түркістан жерінде сəулет өнерінің үздігіне айналарлық «Ұлы дала елі» рухани орталығында Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, жаңа дəуір дамуына дейінгі əр түрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи залдар қамтылған екен. Қысқасы, жаңарған, жасарған Түркістанды аз ғана күннің ішінде аралап шығу мүмкін емес. Қала бұрынғыдай қалыпты кейпінен кетіп, керісінше аса маңызға ие мегаполис қалалардың дүрмегіне ілескен. Құдды ежелгі «Қазақ хандығының астанасы» деген мəртебені қайтадан жаңғыртып жатқандай сезіледі. Сондықтан оның дамуы да, өркендеуі де осымен шектелмесі анық.

Кие қонған, бабаның ізі қалған Оңтүстік өңірдегі аталмыш жерлер – бұл тек тарихтың бір парасы ғана. Одан өзге өңірде басқа да тарихи нысандар мен киелі жерлер жетерлік. Сол үшін оңтүстіктегі тарихи жерлерге қатысты жазбамыздың жалғасы болатынына сенімдіміз...