СӘКЕН және ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ
22.06.2021 4209

XX ғасырдың басы қазақ үшін бірнеше билік жүйесінің ауысуымен қатар, алапат ашаршылық пен жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан ауыр жылдармен басталды. Қазіргі күнде саяси қуғын-сүргін жылдары ретінде 1921 жылдан 1953 жылдар аралығын негізге алып жүргенімізбен, Ресей билігіне қараған үш ғасырға жуық уақытта бас көтерер азаматтарға қаратылған жазалау мен қудалау бір сәтке де тынған емес. Ғасырлар бойғы осындай аласапыран ұлтты құртып жібермесе де, рухсыз, қорқақ, жалтақ мінездерге шалдықтырды. Президентіміз Н. Ә. Назарбаев 1997 жылы 31 мамыр күнін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп белгіледі. «ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері – Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды» деп Елбасымыз атап көрсеткендей, бұл жылдарды еске алып, тарихымызға тәу етіп, бүгінгі арқалаған аманат пен ертеңгі болашақтың мәнін тану, маңызын ұғыну әр бір қазақстандық үшін басты міндет.


1924-1933 жылдардағы аштық 2,5 милион қазақтың өмірін жалмаған. Қазақстанда 1937-38 жылдары 107 мың адам репрессияға ілігіп, 27 мыңы атылған. 1921-1953 жылдар аралығында жалпы Кеңес халқының 5,5 миллион азаматы қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 642980-і атуға кесілген. 2369220 адам кемі 5 жыл немесе 25 жылға лагерьге айдалған, түрмеге қамалған және ұзақ мерзімге жер аударылған. Тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылған, ал түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстанда Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер жұмыс істеген. Қазақстанның өзінде «Халық жауының» әйелі болғаны үшін 18 мың әйел азап лагерінен өткен.

Өктем халықтардың отар елді әрқашан да тұқыртып ұстауы әуелден мәлім жай. Екі ғасырға жуық патша үкіметі жүргізіп келген аяр саясат Кеңес үкіметі тұсында өрши түспесе кеміген жоқ. 1919 жылдың басына қарай Қазақстанға кеңес билігі орныға бастады. Алаш қайраткерлеріне кешірім жасалды. «Ақ болсын, қызыл болсын бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтын тебiннен құтқарып, соның мүддесiн қорғайтын мемлекеттi жақтаймын», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, өзге де Алаш қайраткерлері енді Кеңес үкіметі мүмкіндік берсе, ұлтына адал еңбек етіп, ойға алған ұлы мақсаттарын қолдан келгенше орындап қалуға тырысты. Алайда үкімет билігі күшейіп алғанша ғана қулық жасаған кеңестік құрсау сорпа бетіне шығар зиялы қауымға қайта шүйлікті. Әлихан Бөкейханды Қазақстан жерінен шеттетті. Артына аңду салып, әр басқан қадамын қадағалап отырды. Әуелі 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде аштан қырылған елге көмек көрсету үшін елден мал жинаған қайраткерлерді Кеңес үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырды деген жаламен ұстайды. Алғашқы құрбандардың бірі болып Жүсіпбек Аймуытов атылып кетті. Шетелге қашпақшы болды деп Шәкәрім Құдайбердіұлын сұраусыз атып тастады. Одан әрі Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Сымағұл Сәдуақасовтарға қара бұлт төнеді. Бірінен кейін бірін ұстап, түрмеге жапты. Әрине бұрынғы «Алашорда» мүшелерін тазалап болған соң, кезек Кеңес үкіметіне шын сенген, оны ортануға еңбек еткен ұлтшыл қайраткерлерге келеді. Отаршыл үкіметтің мақсаты қарауындағы бодан елде ешбір бас көтерер азамат қалмауы керек еді.

Сталин Қазақстандағы бас кесері болған Ежовты Мәскеуге алдырып генарал атағын  беріп, қазір бізге бағынбаушылық, ұлтшылдық көбейіп бара жатыр, жалпы жағдай әрдайым назарыңда болсын деп нұсқау береді. Ол Қазақстанның НКВД басшыларына – Мұхтар Әуезов неге әлі бос жүр, мен оны бұрыннан білем, деп телефон соғады. Сол кезде  республиканың бас газеттерінде халық жаулары туралы мақалалар жиі басыла бастайды. Онда Сәкен Сейфуллиннің де аты аталады. Соның алдында Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-ші хатшысы Левон Мирзоян қазақтың бірінші ақыны деп өз қолымен Сәкеннің кеудесіне «Еңбек қызыл ту» орденін таққан болатын. Бұл оқиғадан кейін Сәкен Мирзоянның қабылдауына жазылып, мәселенің мәнісін сұрайды. Сонда Мирзоянның – «Қымбатты, Сәкен! Қазір газеттер менің бақылауымнан шығып кетті», деген сөздері архивте сақталып қалған деген мәлімет береді профессор Тілеу Көлбаев.

Осы процестердің қалай жүріп отырған туралы ГПУ тергеушісі коммунист Ф.Иванов «БКП(б) Қазақ Өлкелік комитетіне – Голощекинге және Сәдуақасовқа ГПУ қызметкерлерінің жауапты қазақ қызметкерлерінен мәліметтерді іс жүзінде қалай жинайтыны туралы» мынадай мағлұмдама жазды.

«Қызылорда қаласы. 1926 жыл 10 қыркүйек.

Мен, ГПУ-дің қызметкері, Шишко, Берестин, Озол, Альшанский сияқты губерниялық европалық қызметкерлер тобының жүргізіп отырған саясатына көзбе-көз куә боп отырғандықтан да мынаны мәлімдеуді парызым деп есептеймін: бұл топ өзінің қарамағындағы барлық күш пен мүмкіндікті пайдаланып, жинақталған материалдарды қазақ қызметкерлерінің соңына түсіп, қудалауға қасақана бағыттап отыр» деп басталған бұл хатта, «ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады» деп көрсетеді. Жалған деректерді жинау үшін қылмыскерлерді жалдау, барымташыларды тұтқындап, жалған көрсетінді жаздыру; тінту жұмыстарын күшейтіп, қазақ қызметкерлерін бір-біріне қасақана айдап салып, бір-бірін кіналату секілді тәсілдер қолданып отырғанын айтады. «ГПУ-дің төтенше шараларының нәтижесінде кедейлер мен орта шаруаларды қазақ қызметкерлеріне жолатпай, олардың арасына жік түсіру үшін жыл сайын ондаған кедей құрбандыққа шалынады. Біз оларды өз қолымызбен өлтірмесек те, орыс бұзақыларының қолымен көзін жоямыз… Орыс тұрғындарына: барымтаны, тонауды ұйымдастырушылар солар деп көрсетеміз, ол ойымыз жүзеге аспаған жағдайда, бұл қылмысты орыс кулактары мен атамандарына, қазақтың рубасыларына аудара саламыз. Бұл – Қазақстан жағдайында жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы күнделікті қолданылып отырған ең ұтымды әдіс…» [Жұртбай Т. «Ұраным Алаш». «Ел-шежіре», 2008. 128 б.]

Жоғарыдағы арандату мен жала жабудың қитұрқы тәсілдері барлық қуғын-сүргін құрбандарына жүргізілді. Ұлтым деп, тілім деп арпалысып, билікте отырсын, баспасөзде болсын өз ойын ашық айтып, тайсалмай күресіп жүрген Сәкеннің де соңында қаншама жала мен көрсетінді қатталып жатты. «Біздің қазақ коммунистерінің кейбіреуі қазақ тілі туралы қатты кірісуге: «біреу ұлтшыл деп айтады…» деп бой тартады. Бірақ бұл қулық, …, ол – жарамсақтық, жағымпаздық. Кейбір сасық, жалмауыз демагог өзін «жақсы коммунист екен» деп айтсын деп, қазақ тілін кіргіземін деп жүрген белсенді адамдарды «анау ұлтшыл, мынау ұлтшыл» деп жүр, одан қымсынбай, айылын жимай іске кірісе беру керек» деп бар қайратын жұмсап, кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізуді жүзеге асырғанда, «қазақты қазақ дейік, саяси қатені түзетейік» деп ұлттың атын қайта қайтарып әпергенде, Ахмет Байтұрсыновты ұлықтап, елу жылдық мерейтойын өткізгенде Сәкен өзінің де қара тізімге еніп кеткенін білген жоқ. «Жиырма жылдың ішінде қазақ өнерлі халықтардың қатарына қосылуы керек» деп армандап, Кеңес үкіметінің оған жеткізетініне сенді. Өзі үкіметті басқарған екі жыл ішінде ол бар күшін ұлт болашағына арнады. Оқу-ағарту саласын күшейтуге, халықты сауаттандыруға тырысты. Бірақ Сәкен алданған еді. Кеңес үкіметі ақыры дегеніне жетті. Қазақтың тектілерінің тамырын бірден-бірден үзді де, айтқанына көніп, айдағанына жүретін көнпіс басшылар билікке келді.


Бұған дейін Колчактың қамауын көрген, түрме азабын татса да мойымаған Сәкенді өзі құрған үкіметі 1937 жылдың 24 қыркүйегінде абақтыға қамады. Сәкентанушы ғалым Амантай Кәкен: «КСРО Жоғары сотының көшпелі әскери коллегиясы Алматыда, 1938 жылдың 25 ақпанында, 16 сағат 40 минутта Сәкеннің қылмыстық ісін қарады. Сот істі 20 минуттың ішінде қарап, Сәкен Сейфуллинды ату жазасына кесті. Архив құжаттарына сенсек, сол күні 39 адамның ісі қаралып, бәрі атылып, құжаттары қатталған» дейді. Арыстардың өзінің ғана көзін жоюды аз көрген жауыз үкімет, құрбандардың бүкіл әулетін құртып жіберуге тырысқан. Сәкеннің әкесі Сейфолла да көп өтпей қолға алынып, КарЛАГ-та атылған. Інісі Мәлік із-тозсыз жоғалған. Сәкеннің өзге де туыстары, қарындасы, күйеу балаларына дейін қудалауға ұшырайды.

XX ғасырдың басы қазақ үшін жаппай ояну дәуірі болды және жаппай қудалауға ұшырады. Отаршыл саясатқа қарсы жүйелі ақылмен, саяси тәсілдермен және халықты ағарту жолымен күрестер жүріп өтті. Ұлы мұраттың соңына жете алмады десек те 30-40 жыл ішінде арыстарымыз артына мол мұра қалтырып, болшақты аманаттап кетті. Алаш пен Сәкеннің жолы бөлек болды десек те, ортақ бір мүдде – ұлт мүддесі үшін тілектері тоғысып жатқан. Сакентанушы, филолог-ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Сәкеннен кейін бірде-бір үкімет басшысы қазақ тілінде іс жүргізу былай тұрсын, қазақша сөйлеуден қалды» деп көрсетеді. Бүгінгі таңда тәуелсіздік алып, өз алдымызға ту тіккенімізбен де, саңлақ Сәкендер көтерген мәселелердің әлі де бір түйіні шешілмей жатқанын көзімізбен көріп отырмыз.

Ғабиден Қуанышбай

С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері.