Елордада «Жыр алыбы – Жамбыл» әдеби ревюі өтті
22.06.2021 2095

Елордадағы Жамбыл атындағы саябақта «Жыр алыбы – Жамбыл» әдеби ревюі өтті. Аталған іс-шара Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысының басталуының  80 жылдығы, «Ленинградтық өренім!» өлеңінің 80 жылдығына арналаған.


Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Жамбыл Жабаев саябағында «Жыр алыбы – Жамбыл» әдеби ревюі өтті. Іс-шара Елбасы кітапханасының «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Әдеби ревю Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар қатарында өтті. Маусымның 22-сі – ақын өмірінде де, халық тарихында да көптеген мағыналық, белгілік реңк бар күн. Біріншіден, бұл Еске алу және аза тұту күні, себебі, 80 жыл бұрын, 1941 жылы адамзат тарихындағы ең қанды соғыс басталды.

Осы соғыстың тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі – Ленинград құрсауы еді. 80 жыл бұрын Ұлы дала елінен қала қорғаушыларына «Ленинградтық өренім!» атты жалынды сәлемін жолдаған қос ғасырдың куәгері Жамбыл ақын 1945 жылдың 22 маусымында 99 жасында өмірден озды.

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Жамбыл – туған халқының күнгейі мен көлеңкесін тарихи талғам таразысына салып, шабыттың шырқау биігіне көтерген ақын. Халық тағдырының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білгендіктен, «халықтан шыққан дана ақын» деген атаққа ие болған. Бұл – шындап келгенде, халықтың дара туған перзентіне берер ең жоғары бағасы. Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жыршысы – Жамбыл да мәңгі жасай бермек».

2021 жылғы 22 ақпанда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» арнайы Жарлық қабылдаған болатын. Ақын мерейтойын атап өтудің ресми шешімі үстіміздегі жылдың 26 ақпанында жарияланды.


– ХХ ғасырдың Гомері атанған ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. 90 жылдары тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін ақынның 150 жылдығын атап өту – көптен бері аңсаған егемендіктің белгісі еді... Жыраудың әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған шығармалары 50-ге жуық жаһан тіліне аударылған. Есімі әлем тарихына алтын әріппен ойылған ақынның шығармашылығы – қазақ халқының мұрасы. Оны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу – ортақ борышымыз болмақ. Бүгінгі кездесу қазақ халқының ұлы данасы Жамбыл Жабаевтың рухани-мәдени мұрасын сақтау ісіне өз үлесін қосуы тиіс, – деп Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат іс-шараны ашты.

– Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен халықтың махаббатына бөленген Жамбыл бабамыздің есімі елордамыз үшін ерекше ыстық. Мәселен, ұлы ақынның құрметіне тұрғызылған бұл ескерткіш астананың 2008 жылы, 10 жылдығын атап өту тұсында бой көтеріп, бас қаланың санаулы әдеби ескерткіштері қатарына кірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Жамбыл Жабаев көшесі мен Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия да жыршының құрметіне атау алған. Оның шығармашылығы – ХХ ғасыр әдебиетінің асыл маржаны, - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов.


– Жамбыл бабамыз халықтың ақыны болған соң, өз басына түскен қиындықтарға қарамастан, ел тарихының сын сәттерінде, әсіресе соғыс жылдарында өлең-жырларымен ұлттың рухын, ата-баба қанымен берілген батырлығын оятуға тырысқан. Жыраудың баласы Алғадай соғыста көз жұмса, майданға аттанған екінші перзенті Ізбасар хабарсыз кеткен. Қартайған шағында мұндай қайғымен бетпе-бет кездескен Жамбыл балаларының есімін өлеңдеріне қосып, халықтың да жүрек жарасын жыр жолдарымен емдейді. Бір емес, қос ғасырдың тарихынан сыр шерткен ақынның шығармашылығы ұлт үшін қашан да өзекті, қашан да құнды, - деді Қазақстан Республикасы жазушылар одағының мүшесі Ерқожа Тілепбердиев.


Әдеби ревю барысында ақынның өшпес өлеңдері мен әндері шырқалды. Қатысушыларға соғыс және тыл ардагерлері үндеу жолдап, Қазақстанның қазіргі жазушылары мен ақындары сөз сөйледі.

Олардың бірі, Ұлы Отан соғысының 101 жасар ардагері Абдурахман Сафаров фронттағы естеліктерімен бөлісіп, жастарға батасын берді.

Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған шараны Алматы облысындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі туралы бейнеролик пен Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі архивінен алынған бейнематериалдар толықтырды.





Іс-шараны Елбасы кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімдігі мен Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі (Алматы облысы) бірлесе ұйымдастырды.