Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау. Арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді
09.04.2021 1727
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-дегі онлайн брифингте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы Baq.kz АА сілтеме жасап. 



Тоғжанов айтып өткендей, кеше мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті. Күн тәртібінде жүрген сұрақтар талқыланды. Оның ішінде аймақтардағы комиссияның жұмыстары қаралды.

Осы ретте премьер-министрдің орынбасары комиссия шеңберінде жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

Біріншіден, мемлекеттік комиссия қызметін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстанда ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі бірыңғай деректер базасын қалыптастыру» тақырыбында арнайы ғылыми бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама дайын. Қаржы мәселесі толықтай шешілді, - деді ол.

Бағдарлама келесі аптада Жоғарғы ғылыми-техникалық кеңестің отырысында қарастырылады.

Екіншіден, мемлекеттік комиссияның жұмыс бағыттары бойынша 11 жұмыс тобы құрылды.
Бұл топтардың жұмысына еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-ның ғылыми қызметкерлерін қосқанда 57 ғылыми қызметкер жұмылдырылды, - деп түсіндірді Үкімет мүшесі.

Үшіншіден, барлық мемлекеттік орган мен комиссияның жұмыс топтарының бірлескен жұмысын қамтамасыз ету бойынша арнайы жобалық офис құрылды. Офис құрамында 11 мемлекеттік орган өкілдері, 6 ғалым жұмыс істейді.

Төртіншіден, барлық өңірде әкімнің орынбасарлары басқаратын арнайы өңірлік комиссиялар құрылды. Оған да ғалымдар, Мәслихат депутаттары кіреді. Жергілікті әкімдік осы азаматтардың жұмысына жағдай жасауға міндетті.