Рухани жаңғыру – ой-сананың кемелденуі
02.04.2021 3384
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы әлі де өзінің өзектілігін жойған жоқ. 

Себебі рухани жаңғыру – бүтіндей адам болмысы мен сана сезімінің кемелденіп, жаңаша формалану деңгейін анықтайтын көрсеткіш деуге болады. Өйткені кемелді болашаққа ұмтылған кез-келген қоғамның негізгі ұстанымы - өткеннен сабақ алып, болашаққа жоспарлы қадам жасау екені даусыз. Яғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш мақаласы басып өткен жолымыздың ақтаңдақтары мен кемшіліктерін саралап қана қоймай, болашаққа батыл бағдар сілтейтін стратегиялық бағдарлама іспетті үлкен дүние.

Рас кез-келген іргелі елдің ертеңі мен баяндылығы білімді әрі заманауи жастардың қолында екенін даусыз. Әсіресі ұлттық рух пен табандылықты жаһандық үрдіспен үйлестіре алған жас буынның орны ерекше-ақ. Елбасы өзінің бұл мақаласында ұлттық сана мен болмыс категориясына айрықша мән беретіні де осыдан болса керек. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - дейді Н.Назарбаев.

Тағы бір сөзінде әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болатынын айтқан. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаң­ғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жа­манның бәрін, яғни болашаққа сенімді ны­ғайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға бол­­майтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сын­ынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айнал­дыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», - дейді.


Яғни Елбасының бұл сөзінен рухани жаңғыру ұғымының жай құр сөз емес, нақты іс жүзінде іске асырылуы тиіс үрдіс екенін аңғаруға болады. Рас еліміз егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болған 30 жылдың ішінде үш жүз жылға татырлық іс атқара алмайды. Бірақ тоқмейілсіп қалуға бола ма? Әрине жоқ. Мың жылға татырлық іс қылса да сәл масайрап, мақтанға берілген елдің ертеңі белгісіз, болашағы бұлыңғыр. Өйткені замана желі бір орында тұрмайды.

Рухани жаңғыру бүгін ғана басталған іс емес екені білгілі. Ол сонау жеке ел болып, егемендік алған тұстан, көк туымызды тіктеп, әнұранымыз шырқалған сәттен бастау алады. Шегарамызды шегендеп, жұмыр жердің әр түкпірінде жүрген қазақ баласын көк туымызды бір тудың астына жинап, атамекеніне шақыру ісімен ұласты. Әлемдік қауымдастық алдында ҚАЗАҚ деген барын таныту секілді ұлы істерге жалғасты. Сан ғасырлық тарихымызды түгендеген «Мәдени мұра» бағдарламасы мен 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» секілді үлкен жобалар да осы лектегі дүниелер. Еліміздің елордасын орталыққа көшіріп, Астана деген ару қаланың бой көтеруі де рухани жаңғырудың биік шыңына айналғанын айта кету керек.

Енді міне, сол рухани жаңғырудың келесі кезеңін «Туған жер», «Казахстанның сакралды географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» және «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» секілді арнайы жобалар жалғастырып отыр.

Көптеген сарапшылар латын әліпбиіне көшу жобасының негізгі мақсаты кириллицадан құтылу емес, қазақ тілінің ауқымын кеңейтіп, замана желіне ілестіру үшін таптырмас дүние екенін айтып жатыр.

Сонымен қатар, қазақ қоғамында үлкен қолдауға ие болған «жүз жаңа оқулық» жобасының да бұрын-соңды бол­маған дүние екенін айта кету керек. Себебі, бұған дейін қазақ әдебиеті тарихында ешбір оқулық түп­нұсқадан аударылып көрмеген екен. Бүгінге дейін 77 оқулық ау­дарылып, басылып, еліміздегі 132 уни­верситетке та­ратылып отыр.

Тәуелсіздік жыл­да­ры Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың аты-жөнін күллі Қазақ даласына таныту мақсатында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы да елді рухани жаңғыртып өткені белгілі.

Оқи отырыңыз: Рухани жаңғыру

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған тағы бір қанатқақты жоба – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» идеясы. Басында айтып өткеніміздей, мұндай жоба да Тәуелсіздікке дейін қолға алнып көрмеген екен. Ұлттық құн­ды­лық­тарды ұлықтайтын жобалар тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана іске асырыла бастаған. Алайда «Қа­зақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» сынды көркем, рухани, қас­терлі жерлеріміздің біртұтас желісі бұрын-соңды бол­маған еді. Осы жобаның арқа­сында әліміздің әр қиырындағы қасиетті мекендер мен ны­сандардың тізімі жасалып, есепке алынып отыр. Мамандар мұндай жұмыстардың туризм үлкен леп әкелгенін айтып отыр.  

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы осындай сындырлы сәттерден сүрінбей өткен Қазақстанның мүлдем жаңа тарихи кезеңге аяқ басып отырғанын айтқан. Ол - саяси реформа мен экономикалық жаңғыру кезеңі. Әрі оған заман ағымына икемделу арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтады.

Ол үшін қоғамдық сананы жаңғыртудың 6 бағытына көңіл бөлу керек

1.     Бәсекелік қабілет;

2.     Прагматизм;      

3.     Ұлттық бірегейлікті сақтау;

4.     Білімнің салтанат құруы;

5.     Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

6.     Сананың ашықтығы.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев бұл жердегі рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін тағы бір мәрте еске салып өтеді.