Наурызды қалай тойлап жүрміз
21.03.2021 1387

Еуразияның орталық бөлігіндегі халықтардың жыл басы межесі ретінде тойланып келе жатқан Наурыз мейрамының қадір-қасиеті ерекше. Күн мен түннің теңелуімен байланысты болғандықтан, Наурыз – жаңа еңбек маусымы басталуын білдіретін мереке. Яғни әр дәуірлерде қалыптасқан кейбір дінисалт-жоралғыларды есепке алмағанда, Наурыз – халықтардың астрономиялық білімі негізіндегі шаруашылық жүргізу межесі.

Еуразия төсіндегі түркі, славиян, парсы, күрд халықтарына тән бұл мереке ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі бекер емес.

Аталған халықтар бұл мерекені қай дәуірден бері тойлап келе жатыр деген сұраққа жауап беру қиын. Дегенмен, кемі екі мың жылдан бері атап өтіп келе жатыр деуге болады. «Наурыз» атауының өзі үндіеуропа тілдерінің «ноу» жаңа, «руз» күн деген сөздерінің бірігуінен шыққаны белгілі. Кейінгі кезде кейбір қазақтардың бұл сөзді «нуырыс», «нәруыз» т.б. дегендей поэтикалық құрылымдар ретінде қарастыруларын негізсіз деп білеміз. Арғы ахеменидтерден бастап, Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) заманының өзінде үндіеуропа халықтары мен Ұлы Дала халқы өзара байланыста болғанын ескерсек, «Наурыз» мейрамының таралу кезеңі осы тұс деп шамалауға болады.

Ұлы Даланың төл перзенті қазақтар да «Наурызды» асыға күтіп, тойлатып келгенін білеміз. Коммунизм құру үшін ескі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, діни жоралғыларды халық санасынан өшіру керек деп тапқан Кеңес Одағы 1926 жылы Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салуы – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрдің бұзылуына әкеліп соқты. 


1988 жылы қайтадан жаңғыртылған сәтке дейінгі 62 жыл ішінде әлденеше ұрпақ ауысып, көп дәстүр-салт ұмыт болды. Кезінде Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы Наурыз мерекесінің Дала халқы үшін қадірлілігі туралы былай деп жазған екен: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. «Наурызды» күншығыс жұрттарының көбі: Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда «Наурызды» біздің қазақтың мейрам етуі айырықшы сыйымды, артықша дәлелді... ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – «Наурыз». Демек, «Наурыз» ХХ ғасырдың басына, нақтылай айтқанда совет дәуіріне дейін тойланып келген халықтық төл мерекеміз.

Оқи отырыңыз: КӨРІСУ – ТҮРІК-МОҢҒОЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ДӘСТҮРІ


Әлемдік тәжірибеге қарағанда, мерекелер сипатына орай негізінен діни танымдық, тарихи оқиғаларға, кәсіптік-шаруашылықтық болып бөлінетінін байқаймыз. «Наурыз» – кәсіптік-шаруашылықтық мереке. Мұны нақтылай айтып отырған себебіміз – кейбір діни ұшқары ойлаушылар «Наурызды» тәңіршілерді мерекесі ретінде қарастырып, атап өтуге қарсы болып жататыны бар. Иә, «Наурыз» салт-жоралғыларында зороастризмнің де, тәңіршілдіктің де, исламның да элементтері бар. Ол – біздің Ұлы Даладағы ғасырлар жүзіндегі діни таным-түсінігіміздің хроникасы.

Наурыз айының 21-22-сі күні күн мен түн теңелетін сәтке орайластырып «Наурыз» мейрамын Қазақстанда атап өту дәстүрі қалыптасқалы да 2021 жылы 33 жылдың жүзі болған екен. Ежелде «Ұлыстың ұлы күні» аталғандын ескерсек, «Наурыздың» мәртебесі ұлық мерекелердің қатарында болуы тиіс. «Наурыз» халқымыз асыға күтетін дәстүрлі төл мереке ретінде Қазақстанда жыл сайын лайықты атап өтіліп келе жатыр. Кез келген мемлекеттің даталы күндер тізбесіндегі әр мерекенің өзіндік орны бар. Мысалы, Қазақстан үшін 16 желтоқсан – ең қастерлі ұғым – Тәуелсіздік жарияланған күн. Біз үшін – шын мәніндегі Ұлыстың ұлы күні – 16 желтоқсан. Бұл мейраммен өзге ешқайсысы теңеспек емес. Ал «Наурыз» – қазіргі 1 қаңтар – Жаңа жылмен сипаттас мереке. Бірақ мерекелік атмосфераның ауқымы, жалпыхалыққа етенелігі, үлкен мен кішіге әсер-ықпалы т.б. тұрғыда «Наурыздың» әлі де болса «Жаңа жылдан» кемшін түсіп жатқаны рас. 


«Наурыз» мерекесін 1926 жылға дейін халқымыз қалай тойлады деген сұраққа бас қатырудың да біздіше, қажеті шамалы болар. Ең бастысы, Наурыз – түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың жыл басы, жаңа еңбек маусымының басталу межесі, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағында көктемге аман-есен жеткен қуаныш ретінде заманауи леппен тойлатуға тиіспіз. 

Оқи отырыңыз: Наурыз көже – ұлыс дәмі


Отыз үш жылдық тарихында «Наурызды» мерекелеудің белгілі бір дәстүрлері қалыптасып жолға түсті деп айтуға болады. Дегенмен, «Әз-Наурызды» әлі де болса нағыз халықтық мереке ретіндегі мәртебесіне жеткізе алмай отырған сияқты болып сезіледі. 

Жыл сайын «Наурыз» мерекесіне орай қазақша киім кию, көже пісіріп дастарқан жасау, салт-дәстүрден көріністер қою, киіз үй тігу, алтыбақан құрып ұлттық ойындар ойнату, қазақша күрес, айтыс, түрлі ұлттардың концертін ұйымдастыру – жалпы ұзын-ырғасы осындай. Бәрі де жақсы ғой. Бірақ түптеп келгенде, мұның бәрі де жаттанды, жасанды көріністер ғой. Біз осы жаттандылықтар арыла алмай отырмыз. 

Себебі, «Жаңа жылды»біздің елімізде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қалай асыға күтетінін, зор серпінмен қарсы алатынын білеміз. «Наурыз» мейрамының ықпал-әсерін де осы қалыпқа түсіріп, оған бішама маңыз үстесек тамаша емес пе? Ұлыстың ұлы күні ұлысымыздағы ұлыс істердің белгілі дәрежедегі қорытындысы жасалып, еңбегі ерен адамдарға мемлекеттік марапаттар тапсырылып жатса қандай ғанибет! 

Ұлттық спорт түрлерінен жыл бойы өтетін жарыстарды да осы күні қорытындыланып, ақтық сайыстардың үздіктері анықталып, «Ұлыс арғымағы», «Ұлыс шабандозы», «Ұлыс көкпаршысы» т.б. сыналтылып, марапатқа ие болып жатса, қанеки. Ұлттық қазақ күресіміздің мәрелік бәсекесінде аймақтардан сыналтылған алыптары арысқа түсіп «Ұлыс палуаны» немесе «Наурыз түйепалуаны» кім болатыны анықталып жатса, ұлттық спортымыздың мерейі өспес пе еді? Сондай-ақ мәдениет, өнер саңлақтарына, жаңа маусымын бастағалы отырған ауылшаруашылық қызметкерлерін де ұмыт қалдырмай еңбектері ескерілсе, сонымен қатар жазатайым жаңылыс басып қылмыстық жазасын өтеп жатқандарға Ұлыстың ұлы күніне орай кешірім жарияланса игілікті қадам болар еді ау.

Бұл арада айта кетерлігі – «ұлыс» сөзінің біздегі қазіргі қолданысы. Ұлыс – мемлекет сөзінің түркі-монғолдық баламасы. Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Ноғай ұлысы т.б., бұлар – алып мемлекеттер. Олай болса қазіргі күні Қазақстандағы диаспораларға қатысты «ұлттар мен ұлыстар» деген атаудың еш мәнісі жоқ. Наурыз – Қазақстан ұлысының ұлы мерекесі. Ұлыс, оң, ақ мол болсын!