Асық – көшпенділерден келе жатқан көне ойынның түрі...
18.02.2021 2930

Қанат Забайұлы тарихшы, «Қазақтың ұлттық асық ойындары» кітабының авторы.


-Қанат аға, қазақтың көне ойындарын зерттеп, зерделеп  жүрген жансыз ғой. Әуелгі әңгімеміздің әлхамын өзіңіз зерттеп жүрген асық ойынынан бастасақ деймін?

- Жарайды келістік. Асық – тек қазақтың ғана емес көшпенділердің ертеден келе жатқан ойындарының бір түрі. Әр елде өз ерекшелігімен қалыптасып, сан алуан түрмен айшықталған ойын түрлері болады ғой. Олардың біразы бізге жетті, ұмыт болғаны да бар шығар. Мүмкін, әлемде қой етін жеп, асығымен өзге ойындар ойнаған халықтар да бар шығар. Асықтың қазақ халқының ұлттық спорттық ойыны болып қалыптасқаны да қаншама. Асық ойындары әрине, ол біздің ұлттық құндылығымыз екендігі сөзсіз.

Асық – төрт түліктен өзге мал мен аша тұяқ аңдар тілерсегінде асықты жілік аталатын жілікке бекіген, қызметі аса күрделі, пішіні ықшамды, бейнесі әсем, буынға біткен шымыр сүйек,

Халқымыз асықты ерекше қастерлеген. Әр баланың өзіндік асығы мен сақасы болған. Асықтың құндылығын талай ертегіде, жыр, дастандарда жырлаған, сан қилы аңыздар да бар емес пе. Асық, «Алтын сақа» туралы қазақ халқының ертегі мен жырларында бар. «Алтын сақа» туралы ертегіні естімеген қазақ баласы жоқ та шығар.  Өзіңіз төр алдында асығын шашып тастап ойнап жатқан балаларды елестетіп көріңізші. Сол асығын шашып ойнап жатқан балаларды көргенде іштей разы боламыз, тіпті ойнағың да келіп кетеді ғой. Мал асығы бар үйдің сәні де келіп, ұрпағын ұқыптылыққа, ұлтжандылыққа баулып отырған ата-анаға разы боп қызығып та қаласың.

Қазақ халқы асықты ерте кезде қолына алып ойнай бастаған. Қазірдің өзінде кейбір үйлерде құмарта ойнайды, қазақтың қыз-келіншектерінде, бұрынғы аға буын өкілдерінде, біздің тұрғыластарымыз арасында да асық ойнамай өскен адам жоққа тән.

Ғаламторды шарлап көрсең асықтың құндылығын түсінген, зерттеу жасаған еңбектер аздап болса да баршылық, солардан түйгендерімді қағаз бетіне түсіре кеткенді де жөн көрдім.

Тіпті бала тумай жатып, жас нәрестеге арнап асық жинайтын да дәстүр болған екен. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрінің асығын пәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын деп ырымдап ілсе, қыз үшін кішкентай, сынды асықты сұлу, көрікті болып бойжетсін деп тағады екен. Келіні құрсақ салғанда, атасы мен әжесі асық жинайтын рым да бар көрінеді. Онысы – ұл, не қыз тілегені, арнаулы асық сетерлейді екен.  Бұл енді келінге көз тимесін, аман-есен босансын дегені.

Қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Ойындағысы, арманы орындалып, жолы болу, ісі өрге басу деген мағынаға саяды. Мысалы «құмар» иіргенде төртеуі бірдей түссе төрт құбыласы тең деп, төрт түлігің қатар өсер, төбедегің алдыңа түсер дейді.

Асықпен ұштастырған балама сөз, мақал, мәтелдер де  өте көп. «Таламақайда ұпай жоқ» - бейберекеттік туралы болса, «Асықтай шымыр, оқтаудай мінсіз»  сөзі сұлулық, қуаттылық жайында, «Алшылы шік, тауғалы бүк» – ұлығы мен кішігі аралас, жақсысы мен жаманы аралас сөзінен мағына берсе, «Алшы түсіп ақырып, сақа болып жапырып» сөзі – кейбір адамдардың дәулет бітіп, билікке ие болдым деп күпиетін жайсыз мінезі, менменсіген оғаш қылықтары жайында, «Аяғын алшысынан басу» – аяғын маңғаздана басу, өзіне сену, еркінсу, мейманасы тасу, «Бүге-шігесіне дейін» – түгін қалдырмай, тәптіштеу, «Бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі» – бір нәрсеге тәуекел деп кірісіп кету, бастаған да, шығыны мен жауапкершіліген де мойныма алам дегені, «Омпа ойын бұзар, жынды жиын бұзар» – есерсоқ мінезді адамның кез келген жиынды, жақсы бастаманы бұзып шырқын кетіретіні жайлы айтылған.

-Осы жерде асықтың адамды ептілікке үйретуінен өзге тәрбиелік тұсына да үңіліп көрсек?

- Асықтың тәрбиелік мән ерекше. Бұл әрине, рухани тәрбие десек болады.

Асық ойыны спорттық ойын, баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді, сергектікке баулиды. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, барлық бұлшық еттері қимылдайды. Асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Жүгіреді, секіреді, көздейді, дәлдеп тигізеді, Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу үлкендердің де, жас балалардың да денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Баланы ынтымақшыл етіп қауымдастыққа бейім тәрбиелеуде мәні зор. Аға мен іні, үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнайды, бір - біріне бәсекелесіп ойнайды, ерегеседі, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұтылыды, асыққа байыйды, жоқ болады, бар болады, үлкен мен кіші бір бірін сынай да ойнайды. Баланың намысын жанып, талпынысты бойға сіңіретін қасиет сіңіреді. Бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді сондай-ақ топтан озып шығу қабілетіне де ие болады.

Әділдікке баулиды жалғандықты, өтірік, арамдық, қаралықты қылықты сынайды, түзейді. Іске епті, жауапкершілігі мол жұмыскер шығады. Мұның сыртында баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа тәрбиелейді. Өзгелердей шебер ойнап, ұтам, жеңем деп  алға талпынады.

Міне, асық ойынының кереметі деп осыны айтуға болады.

Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейді. Шетелден келген қымбат дәрі-дәрмекті сатып алғанша, балаға әр күні бір сағатын бөліп асық ойнатса, баланың жүйке жүйесі ауруынан айығатын болады.

Күнде теледидиар алдында кешкі уақытын өткізетін үлкендер мен  телефонға байланған жас ұрпақ буыны босап, аурудың аз-ақ алдында тұрған адамдарға бір мезгіл асық ойнатса, қабылеті артып, денелері шынығар еді.

Асықтың атауларын тек ойнаушы ғана емес баршамыз біліп ұрпаққа ұғындыру басты міндеттіміз.


-Асықтың атаулары деп айтып қалдыңыз. Енді соларды әр түрлі түсуіне орай жекелей жіліктеп айтып берсеңіз?

-Асықты ойнамас бұрын оның түрлері мен бейнелерінің, іс қимылдарының атауларын білген жөн.

Алшы - асықтың «ат» жағы. Алшы – асықтың иірілгенде тегіс табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.

Бүге- «Қой» немесе дөңі үстіне қарап жығылу. Бүге – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі.

Тәйке- асықтың «түйе» жағы. Тәйке – асықтың иірілгенде шұңқырлау табаны жерге тиіп, тұрық түсуі.  «Тұрық» – асықтың алшы не тәйке түсуі, «табан» – асықтың тәйке жағы,

Шіге - «ешкі» немесе шұңқыры үстіне қарап жығылу. Шіге – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі.

Оңқы (Омпы) - асықтың арты жоғары қарап тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Шоңқы (Сомпы) - Оңқының керісінше түсуі – асықтың тұмсығының көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі,

Шіге - «ешкі» немесе шұңқыры үстіне қарап жығылу. Шіге – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Міне, осы секілді атаулары өте көп.

Бұл асықтың ойын барысындағы атаулары. Енді асықтың түрлері туралы айтайын.

 Кеней (кентай) - асық ойынында ұпайға тігілетін асық.  Шамасы «кішкентай», «кіші» сөздерінен шықса керек.

Сақа - асықтың ең үлкені, ірісі.

Шүкейт -жас малдың асығы.

Көктабан — қорғасын құйылған салмақты сақа асық.

Ешкімер - ешкінің асығы.

Қойлақ - қойдың асығы.

Құлжаз- құлжаның асығы.

Топай, сомпай - сиырдың асығы.  

Шүкейт - киіктің асығы.

Пүш- тәйке түспесін деп, алшы жағы жонылған асық. «Пұшайман болу» деген сөз осыдан шықса керек.

Түйе асығы – бунасын.

Жылқы асығы – қидасап, киік асығы – кигат.

Арқардың асығы – қоңқар, қасқыр асығы бунақ деп аталады.

-Сақа - асықтың ең үлкені дедіңіз ғой. Сақаның қандай түрлері бар?

-Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады. Қызыл сақа- қызыл түске боялған сақа. Оңқай сақа – тұмсығы оң жаққа қарап тұрған сақа. Ал сақа-бата – оңқай сақа; оң қолмен атуға өте оңтайлы. Сары сақа – сары түске боялған сақа. Солақай сақа – тұмсығы сол жаққа қарап тұрған сақа. Сол солақай сақа – сол қолмен атуға өте оңтайлы сақа. Шикі сақа деп шикі жіліктен алынған сақаны атайды.

-Асықпен ойналатын ойынның біз білетін бір түрі «бүркіт» немесе «құс қағу» ойыны. Осы ойынның шығу тарихын кеңінен таратып айтып бересеңіз?

-Бұл ойын халық арасында «Құс қағу», «Құс салу», «Бүркіт салу», «Қаршу», «Бүркіт», «Бестас» деген атауларға ие. Жалпысы бүркітті «құс» деп тергейді ғой. Ойын аңшылық, құсбегілік өнермен сабақтас, құс салу, құсбегілердің дәстүр, жоралғысын бейнелейді, кезекпен томаға тарту, олжаны байлау, қыран бүркіттің аспандағы таңғажайып қылықтары іспетті. Сол себепті бұдан былай бұл ойынды «Бүркіт» деп бір ұғыммен ғана атаған жөн шығар.

Ойынның мәніне оралар болсақ, құсбегілер  бұрыннан еткен аңшылығы, нәтиже – олжалары, жетістігіне жарай томаға тарту кезегін тоқтатады, немесе жеребе тартады. Бұл жора ойында алғаш ойын басталарда қол сыртына түсірген асықтың санына бағыну сәті. Қол сыртына иірудің өзі жасы үлкен жаннан басталады. Ойыншылыр кезекпен қол сыртына түсіру арқылы кімнің бұрын томаға тартатындығын яғни «құсты» кімнің ұстайтындығын анықтайды.

Қол сыртындағы асық «құстың» қырандығын анықтайтын көрсеткіш, бүркіт тек жалғыз аңға түседі, ал «құс» екі мен төрт аң - асықты ұстайды, бұл -ойынның негізгі төл шарты.

Бүркіт, яки «құс» барлық аң - асықты теріп алуға тиіс, құржайлақ, қаралық сияқты ережеде көрсетілген қателіктер жіберсе ойын келесі құсбегі – ойыншыға ауысады. Барлық асықты түгел ала алса ол олжасының біреуін малға айырбастап «тайынша» етіп жанкүйер – қағушысына ұсынады. Ойын барлық асық «тайынша» болып біткенше жалғасады. Ең көп аң аулап, көп тайынша байлаған құсбегі ойыншы жеңеді.

Бір асық түссе «темше» болатыны «құсты» шыңдап баулу, «шынашақ» -тегеуірінділігін сынау деген мағынада. «Қаршу», «қармау» - бүркіттің шүйілуі, ілуі, «жинау» - қағушының әрекеті.

Бұл жерде ойыншы ереже бойынша асықтарды толық қағып (қармап) алуға тиіс. Олардың біреуін «тайынша» етіп қанжығалайды. Ойын барлық асық қанжығаланып біткенше жалғасады. Кім көп «тайыншалы»  болады мінекей, сол жеңіске жетеді.

-Осы жерде оқырманға түсінікті болу үшін «құржайлақ», «қаралық», «тайынша» тәрізді  ұғымдарға да тоқтала кетсеңіз?

-Тайынша- ойынның әр кезінде барлық асықты жинап біткен соң ойнаушы бір асықты әлгіден алып өзінің жанкүйеріне ұстатады, немесе қазанына салып алады. Бұл – тайынша деп аталады.

Қаралық – ойыншы асық ойыны ережесіне сай келмейтін әділетсіз іс-әрекеттерді қолданғанда айтады. Бұл қарсылас ойыншылар, төрешілер тарапынан ескерту беру арқылы жөнге келтіріледі.

Құс - асық қағушының «томаға тартып» жоғары лақтырып жіберіп, ол төмен түскенше теруге тиісті аң - асығын теріп алғаннан кейін қайтадан тосып алатын өзгелерден гөрі салмақты, бөлек түсті асық.

Құржайлақ - қол сыртына иіру кезінде ешбір асық қолға тоқтамай, құр қол қалу. Әр кезекте бір рет қана құржайлақты қайталап иіруге рұқсат етіледі.

Қол сыртына қағу - алғаш ойнарда алақандағы асықты ептеп жоғары лақтырып, қайтар жолына әлгі қолдың сыртын төсеп, қолдың үстіне иіріп түсіріп алу.

Темше - қол сыртына жалғыз асық түскен кезде ойнаушы қаға отырып жердегі асықтарды бір бірден теріп алады. Қолдығы асық беске жеткенге дейін теріледі.

Қол күю-темше кезінде алаңдағы жатқан асықты екінші қолымен түзесе бұл қол күю болады.

Шынашақ - ең соңғы асық жалғыз болса, оны қарсыласы шынашағымен басып отырады да ойнаушы құсын лақтырып жіберген соң құс келгенше әлгі асықты тартып алып дайын тұру. Темше терген ойында «шынашақ» атымен болмайды.

Қармау-жоғары лақтырған асықты жерден терген асығы бар қолмен қағып алу.

Сауу -қол сыртындағы асықты лақтырып жіберіп астынан алақанмен тосып алу.

Жинау - егер ойыншының асығының арасы алшақ жатса 2 асық үшін 1 рет лақтырып жинайды, 4 және 3 асық үшін 2 рет жию жасауға болады.

Қаршу -қол сыртындағы асықты жоғары атып жіберіп үстінен төмен қарай қармап алуды айтады.

-Ендігі сұрақты «Хан ату» ойыны хақында қойсам деймін?

-Бұл ойын «Хан ату», «Хан тұтқындау», «Кім мерген», «Мерген сыналту» деген атауларға да ие. Ойын қырағылық, ептілік, мергендікке негізделген.

Жауынгерлік сыпаттағы бұл ойында ойыншы – сардар,  ал асықтар – сарбаздар, мергендер, «хан» аталатын басқасынан өзгеше асық  қарсыластың қолбасшысы және оның жанында біздің сарбаздардан еш айырмашылығы жоқ өз «жансызы» бар.

Алғаш жеребе тарту үшін ойнаушылардың жеке-жеке иіріп «ханға» ұқсас асықты             салыстырып санауы уақиғаны  қай          сардардың жетегімен бастайтындығын анықтайды.

Ойынды бастаған ойыншы, яғни жетекші сардар «хан» - қолбасшыны ататын мергенді тағайындайды, ол мерген сарбаздар арасында жүрген «жансыз-ды анықтап атып тұтқындайды.

«Хан» мен «жансызды» тұтқындаған соң мал сойылып той жасалады. «Қой бауыздау» рәсімі өтеді. Қой бауыздау деп хан қолға алынған соң әлгі «хан» ды атқан асық – «мерген» - мен өзіне ұқсас келесі бір асықты атады.  Мұны қай қолымен де таңдап атуға болады.

Ендігі кезекте әлгі сардардың басшылығында мергендер сайысы болады. Жеңілгендері ойыннан шығып сардарына келе бастайды. Ойыннан қателік шықса, қалған сарбазлар келесі сардардың қарамағына өтіп сайыс жалғасады.

Сайыс соңында сардарлар ұтылған сарбаздарын өз ұпай етіп қайтарып алады. Енді ойынның ойналу шартына келер болсақ, ойын тақтасына асықты еппен    шашу, ойыншы асықты аса ептілікпен қос қолдап немесе бір қолмен иіреді. Қолды төңкеріп немесе ойын алаңының ортасын көздеп шиырлата иірген асық дұрыс орындалған    болып есептеледі. Егер ойыншы асықты дұрыс     иірмесе  төреші     немесе қарсыласы      тарапынан      ескерту алады.

Ескертуді қатарынан үш рет алған    жағдайда    асықты    келесі ойыншыға ауыстырады. Бұл жердегі Хан деп ерекше белгілі айқын түсті асықты айтады. Ал мерген «хан» мен «жансыздан» өзге асықтар яғни сарбаздар деп аталады. Иірім-хан атқаннан бастап хан алынғанға дейінгі аралықты айтады. Ойынды бастау шарты былай болады. Әр ойыншы бес немесе он асық алады. Би, егер би болмаса ойнаушының біреуі «ханды» иіреді. «Хан» алшы, тәйке, шіге, бүге түсуі керек. Ойыншылар кезекпен өз асықтарын иіріп отырады. «Ханға» ұқсас асық кімде көп болса ол ойыншы ойын бастайды. Ол алдымен «хан»-ды соған ұқсас асықпен атады, атылған «ханды» өзге асыққа зәбір тигізбейтіндей атыс жасамаған қолмен алады. Асық ойыны барысында іс қимылмен шертудің де өз рөлі зор.

Осы жерде асықтың ату түрлеріне де тоқтала кетсем деймін.

Асықты атуға ыңғайлы саусақ бүгіліп, екінші бір саусақтың тіреуінен шертіліп барып асыққа тигені дұрыс.

Шерту - сұқ саусақ немесе ортан қолды басбармақ арқылы серпіп шерту.

Ал қиялап (ыршытып) шерту дегеніміз- сұқ саусақ пен ортан қолды бір біріне сүйей іліп олардың қайбіреуімен шерту. Бармақпен шерту-сұқ саусақ немесе ортан қолға басбармақты іле серпу арқылы шертуді айтады.

-«Қазақтың ұлттық асық ойындары» еңбегіңізде «Ат жарыстыру» мен «Тымпи» ойыны туралы да мол мағұлұмат беріпсіз?

-Иә, бұл ойындар туралы да қысқаша ғана айта кетейін. «Ат жарыстыру» ойыны халық арасында «Бәйге», «Алшы санау», «Иірмекіл», «Атқұмар», «Құмар иіру» деген атауларға да ие.

Ойын кәдімгі аламан бәйге есебінде. Ойнаушының саны, ойынның мәніне байланысты ара қашықтық белгіленеді. Ара қашықтық тізілген асықтардың санымен салыстырылады. Әр ойнаушы – шабандоз өз жүйрігін өзі қосып, шабысына дем береді. Көнбеге келген ретімен сый сыяпат ұсынылады – ұпай беріледі.

Жеребе тартылмайды, шабандоздың жас, дәрежесіне қарай бағынады.

Әр ойыншы бәйгеге қосатын «жүйрік» асығын алады. Ойыншылар өзара келісіп бәйге қашықтығына арнаған барлық асықты алшы жағымен шұбатып, не дөңгелентіп тізеді. Ортаға «айдаушы» деп аталатын төрт асықты иіруге арнап дайындайды. Жасы үлкен ойыншы ойынды бастағаны абзал. Немесе төрт асықты әрқайсысы бір-бір рет иіріп, түскен алшының санына қарай кезек-кезек ретін тоқтатады. Ойыншылар кезекпен өз асықтарын иіреді. Олардың бір, немесе бірнешеуі алшы түсуі мүмкін. Түскен алшының санымен «жүйрік» ілгері жүреді.

Ойын ары қарай алмакезек жалғасып отырады Ешбірі алшы түспесе «болдыру» болады, «жүйрік» қозғалмайды. Бір немесе екі, үш, төрт алшы түссе бір рет қайталап иіріп «сорпа» ішеді. Көнбеге жеткен ретімен орын иеленіп, бәйге алады. Ал «Тымпи» ойынына келер болсам, бұл сан жасырып ойнайтын ойын. «Тымпи», «Санамақ», «Сауда», «Тапқыр» деген атауларға да ие. Ойын қырағылық, ептілік, мергендікке негізделген.

Ойынның негізгі мағынасы әділ сауда жасау арқылы дәулет жинау. Ойын мақсаты ойыншы асықтарының санын жасырып қарсыластарының жасырын сыры, жасырған асықтарының санын      тауып  ұтып алу. Қарсыластарының барлық асығын ұтып өз қоржынына салу мақсатында ойнайды. Барлық асықты ұтып жинап алғаны әр ойыннан соң олардың асығын ұпай етіп қайтарады. Межелі ұпайға жеткені жеңіске жетеді. Әр ойыншы бес немесе он асық алады. Саудаға салғысы келген асығын уысына жасырып ұстайды да, барлығы сұқ саусағымен алаң ортасына тіреп барлық ойыншы-саудагердің асықтарының қосындысын атайды. Алдымен аталған сан  қайыра қайталанбайды, яғни айтылған сандар қабаттаспау керек. Барлық ойыншылар сандарын айтып болған соң, дау тумас үшін бәрі пысықтайды да алақандарын жаяды. Қосынды есептелініп, ұтыс иесіне алақандардағы барлық асық беріледі.Осы ойын ретімен қайталап асық жасырылады. Біраздан соң бір ойыншының асығы, біртіндеп келесінікі таусылады. Ол бәріне мәлім. Ешкім оның асығы таусылып қалғанын білмесе бір рет құржайлақ ұстап ұтысқа қатысады. Бұл жолы таба алмаса ойыннан шығады. Ойын әрі қарай жалғасын барлық асық бір ойыншы-саудагерге жиналғанша ойын жалғасады. Сол айналымның жеңімпазы ұтқан асықтарын ұпаймен айырбастап таратып беріп, келесі oйынды қайыра жалғастырады.

-Қанат аға осы бір аз ғана сұхбатымызда көп дүниелер айтылды деп есептеймін. Тұшымды әңгімеңіз үшін көп-көп рахметімді айтамын.