Түркі академиясы «Мажарстан түркологиясы» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді
11.11.2020 1641

Халықаралық Түркі академиясы белгілі түрколог Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай «Мажарстан түркологиясы» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы


Алқалы жиынға Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак, ТүркПА Бас Хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілі Янош Ховари, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михай Галошфай Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жәнібек Жарасқанұлы, Е.А. Бөкетов атындағы Карағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен бірқатар мемлекеттерден ғылымдар қатысты.

Басқосу аясында Түркі Академиясы мен Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Бұдан кейін жиын секциялық отырысқа жалғасты. Секциялық отырысқа, Түркі Кеңесінің Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, РФ ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институты жетекшісі, ф.ғ.д,. профессор Фирдаус Хисамитдинова, Мажарстан Шығыстану институтының директоры, түрік филологиясы бөлімінің меңгерушісі Пери Бенедик, «Мажар-Тұран» қорының төрағасы, антрополог Биро Андраш, Қырғызстанның танымал түркологы, филология ғылымдарынын докторы, профессор Қадыралы Қонқобаев, «Мажар-Тұран» қорының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят, Мажар ғылым академиясы, Этнография институының ғылыми қызметкері, түрколог Дәуіт Шомфай Қара қатысты.


Айта кету керек, Академия Мажарстан мен Түркі әлемі ықпалдастығын арттыру мақсатында бірқатар жобалар мен іс-шараларды жүзеге асырды. 

Атап айтқанда, Немет Дьюла, Дьёрд Алмаши, Қоңыр Мандоки сынды Мажар түркологтарының мирасы мен тағылымына қатысты ғылыми жобаларды қолға алып, бірқатар еңбектерін жарыққа шығарды.

Биыл түркі әлемінде мажар түркологиясының негізін қалаушылардың бірі ретінде саналы ғұмырын ғылымға арнап, көптеген іргелі зерттеулер жүргізген көрнекті тұлға, белгілі ғалым, шоқтығы биік шығыстанушы, түрколог Дьюла Неметтің 130 жылдық мерейтойы аталып өтуде.

Академия Мажарстан бағытында жарыө көрген жаңа кітаптарды таныстырды.


   Бүгін Түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен «Мажарстан түркологиясы»  атты  халықаралық онлайн-конференция аясында жаңа кітаптар таныстырылды.

Атап айтқанда, түркология саласына  сүбелі үлес қосқан танымал мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мандокидің «Үзілмес тамырлар» атты монографиясы және  оның еңбектерінің толық библиографиялық көрсеткіші (Мандоки Қоңыр Иштван: «Библиография») көпшілікке жол тартты.


Көрнекті ғалымның алғаш рет қазақ тілінде жарық көріп отырған  «Үзілмес тамырлар» еңбегінде Мажарстандағы ежелгі құман-қыпшақтардың байырғы тілі, географиялық атаулары және оларға тарихи-мәдени жақтан етене жақын тұрған Дунайдың төменгі сағасындағы Добружа өңіріндегі татар-ноғай қауымының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты зерттеулері қамтылған. Ал библиографиялық  көрсеткіште атты кітапта ғалымның саналы ғұмырында жарыққа шығарған еңбектері туралы мәліметтер жинақталған.

«Халықаралық Түркі академиясы жарыққа шығарған екі еңбектің  аударма және жинақтау жұмыстарына белгілі түрколог Қадыралы Қоңқабаев, Қ. Мандокидың жары Оңайша Мақсымқызы, этнограф Бабақұмар Қинаятұлы мен библиограф-маман Лаура Әбенова  атсалысты», - делінген хабарламада.