Қасым-Жомарт Тоқаев Абай музейінде
15.10.2020 2376

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 қазан күні Абай музейінің жаңа экспозициясын ашты. Ел Президентімен бірге ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ақынның өмірі мен шығармашылығына арналып, заманауи үлгіде жаңартылған музей эскпозициясымен танысты.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 қазан күні Абай музейінің жаңа экспозициясын ашты. Ел Президентімен бірге ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ақынның өмірі мен шығармашылығына арналып, заманауи үлгіде жаңартылған музей эскпозициясымен танысты.

– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Сондай-ақ Мемлекет басшысы музей залдарын аралау кезінде «Ақынның отбасы» залында Абай Құнанбайұлының ұрпағы Айдос Эрнестұлы Ақылбаевпен жүздесті. Артынша, барлық заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен жасақталған музей залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді.

Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байланысты екеніне тоқталып, мультимедиялық залдың жұмысына оң баға берді.


Іргетасының қаланғанына 80 жыл толған мекемелердің бірі - Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі. Абай өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау жұмыстарын атқарып отырған музей қорында қазіргі таңда жалпы экспонаттардың саны – 21832 болса, кітап қорында 14743 кітап бар. Абай музейі қазақтың ұлы жазушысы М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазанда ашылды.



Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей болып табылады. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық музейі Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта құрылды. Қазіргі кезде музей әдеби-мемориалдық музейден Республикадағы ірі қорық-музейдің біріне айналды. Қорық-музей құрамында Семей қаласы және Шығыс Қазақстан облысының Абай және Үржар аудандарында орналасқан 8 музей бар.

Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 30 мамырдағы қаулысы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай музейі толықтай жаңартылды. Сондай-ақ, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында көрсетілгендей музей құрамындағы көпес үйі ғимаратында ғылыми-танымдық орталық ұйымдастырылды. Музей аумағындағы Абай оқыған Ахмет Риза медресесі де жаңғыртылды.

Күмбезді ғимараттағы музейдің жаңа экспозициясы 11 залда орналасқан. Атап айтар болсақ: «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуендері», «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы», «Мультимедиялық зал» және «Балалар бөлмесі».


Көпес үйі ғимаратындағы ғылыми-танымдық орталықта «Абайтану», «Тәуелсіздік және абайтану», «Галерея. Абай бейнелеу өнерінде», «Көрме залы» болып жасалса, медреседе «Медресе тарихы», «Абай және Шығыс», «Балалар шығармашылығы» залдары көрермен назарына ұсынылады.

Әр залда ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында ақпарат беріледі. Сонымен қатар заманауи қондырғылар арқылы жаңа форматта келушілерге ақынның мұрасы насихатталады. Тач-экрандардан Абайдың әні мен күйін, асыл қазынасын үш тілде көріп-тыңдауға болады. 360 градустық проектор орнатылып, ол арқылы көрермендер ақынның қара сөздерінен алынған даналық сөздерін оқып, арнайы қондырғы арқылы хакімнің батасын алуға мүмкіндік жасалған. Тіпті, музейдің кішкентай көрермендеріне арналған ойын алаңы ашылып, Абайдың сүйікті ойыны тоғызқұмалақты үйренуге жағдай жасалған.

Музейдің жаңғырту жұмыстарын жасауға келісім жасалған мердігер «BF CREАGROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Абай музейінің ғылыми құрамының бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде ақын музейі жаңаша кейіпке еніп, көрермендерін қабылдауға дайын.



«ҰЛЫ АҚЫН АБАЙ ҰЛДАРЫМЕН» ЕСКЕРТКІШ АШЫЛДЫ

Семей қаласына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев музей аумағындағы «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашты. Ақынның фотосуреті негізінде бой көтерген ескеркіштің авторы – ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен, мүсінші Нұрбол Қалиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.

Композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген.

Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.



Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

– Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталғандығын айта кетсек, соның бірі 1896 жылы Семей қаласында фотограф Н.Г.Кузнецов салонында ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен суреті. Ескерткішке негіз болған бұл суретте Абай Құнанбайұлы 51 жаста. Ел ағасы атанып, би-болыстық қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған, жан-жақтағы ел-жұртқа аты мәшһүр кезі. Ақылбай 35, Тұрағұл 21 жаста. Ақылбай бұл жылға дейін 5 баланың әкесі атанып үлгерсе, Тұрағұлдың жігіттік жас шағы.

Сонымен қатар ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, абайтанушы ғалымдар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Арай Талғатқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің баспасөз қызметі