Орбұлақ шайқасының теңдессіз тарихы жаңғыртылды
06.10.2015 1777
Жер жәннаты Жетісудың төрінде Қазақ хандығы тарихының ең бір атақты оқиғасын сахналау бұйырыпты

Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен тарихта ерекше орны бар Орбұлақ шайқасының республикалық деңгейдегі театрландырылған қойылымы көрсетілді. 

Қойылым басында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов: «Елім, жерім, халқым деп жаны күйзеліп, елінің ертеңіне алаңдап, бабаларымыз бірлікке ұмтылды, намысқа шапты. Ұлтының ұйытқысы болған хандар, қол бастаған батырлар, дуалы ауыз шешендер, билер тарих сахнасына шықты. Бұланты, Білеуті, Шұбартеңіз, Аягөз, Түркістан, Аңырақайда өткен шайқастарда қазақ халқы шынығып, шыңдалды, бірлігі нығайды. Сондай ерекше оқиғаның бірі, елдік пен ерлік сынға түскен – «Орбұлақ шайқасы». 

Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті. Шайқаста Самарқаннан Жалаңтөс батырдың 20 мың сарбазы көмекке келген соң, 10 мың басқыншының көзін жойды. 

Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – Қазақ хандығының құрылу тарихын жас ұрпаққа жеткізу, олардың патриоттық сезімін қалыптастыру. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыздың дәстүріне адал болсақ, сонда ғана халқымыз өркениет көшінен қалмай,әлемдік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алары хақ», – деп атап өтті. 

1643 жылы болған Жәңгір ханның Жоңғардың 50000 жауынгеріне қарсы тұрған 600 әскері Талдықорғандағы атшабарда сахналанды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген іс-шараға белгілі әртістер мен кәсіби кино мамандары атсалысты. 

Олардың ішінде белгілі кино маманы Бауыржан Әбішев бастаған «Kazakh union action team» каскадерлар тобы мен танымал кино әртістері Асылхан Төлепов, Мұрат Бисенбин, Аян Өтепберген болды. 

Қазақстанда тұңғыш рет жасалған реконструкцияланған тарихи сәт үш бөлімнен тұрды. Қойылымда жүз атты жауынгер және 500 жаяу әскер көрсетілді. Жалпы бұл қойылымды тамашалағандардың қарасы екі мыңға жуық болған. Келгендердің көңілінен шыққан ашық аспан астындағы қойылымды келер, арғы жылдары да дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұруға ниетті екендіктерін жеткізді. 

Жекпе-жектегі қазақ жауынгерінің жеңісіне, Жалаңтөс баһадүрдің қосымша әскерімен шаңы шығып жатқан шайқас алаңына еніп кеткендегі көріністеріне ел ықыласы ерекше болды. Ауқымы кең шарада қонақтар мен келген көремендерге көптеген ойын-сауықтық бағдараламалар ұсынылды. Салт-дәстүрлеріміздің иісі аңқып тұрған спорттық ойындар ұйымдастырылды. Садақ пен жамбы атудан «Алтын жебе» турнирі, ұлттық спорт түрлерінен (қазақ күресі, бұқа тартыс, асық ату, қол күрес) жарыстар, кәуап пен күріш, бауырсақ пати және қымыз фестивальдері, ұлттық әшекей бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің көрмесі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы қару-жарақтар мен теникалар көрмесі, интерактивті аулалар мен қолданбалы өнерден шеберлік сабақтары және басқа да түрлі шаралар көпшілік қауымның көңілінен шықты. 

Қойылым соңын бойға рух сыйлай білетін әндердің орындаушылары Ибрагим Ескендір мен «Тигарахауд» этникалық әуен тобының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен аяқталды. Рухты көтеріп, намысты оятып, қайратымызды өсіретін осындай керемет дүниелер бізге керек-ақ. Бұл жолғы ұйымдастырылған шара көптің көңілінде ұзақ уақытқа сақталары анық. 

Серік Қантаев

Фотосуреттерді түсірген – белгілі фотограф Жеңіс Ысқабай.