«Ұлы Дала елі» экспедициясы
22.09.2015 1714
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, республика бойынша 4 бағытты қамтитын «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясы жүріп жатыр

Қыркүйектің 11-інен бастау алған жоба әр қилы бағытпен жүріп отырып, 9 қазан күні Тараз қаласында сапарды түйіндемек. Айтулы іс-шара 11 қыркүйек күні сағат 12.30-да үш қаладан, атап айтқанда Астана, Ақтау және Павлодардан бастау алды. 

Астана бағытындағы экспедиция Солтүстік және Орталық Қазақстан аумағын қамтиды, бас қаладан шыққан топ Бурабай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарын басып өтіп, сол өңірлердегі тарихи-мәдени нысандармен танысады. 

Ал Ақтаудан шыққан екінші топ алдымен Атырауға беттеп, кейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарын көктей өтіп, торқалы тойға мол олжамен жетпекші. 

Павлодар қаласынан басталатын үшін бағыт Қазақстанның шығыс және оңтүстік шығыс аймағын қамтымақ. Жетісу жерінің сұлу табиғатына тамсанумен қатар өлкедегі тарихи-мәдени, киелі жерлерге тоқтап, тағзым ету жоспарланған. 

Бұл ауқымды да ілкімді акцияның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасының Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі болып табылады. Сонымен қатар жергілікті жердегі ішкі саясат басқармалары мен бөлімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының бөлімшелері тарапынан аталған жобаның жұмысына атсалысып, қолдау көрсетіледі. 

Шараның аясында өңірдегі тарихи жағдайдармен танысып, олардың жай-күйі, болашағы талқыланады. Әсіресе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша жергілікті жердегі тарихи туризмның дамуы жайында пікір алмасулар өтеді. Сондай-ақ белгілі тарихшы ғалымдардың дербес дәрістері, сол өңірдегі тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайында соны ақпараттар жарияланады деп күтілуде. 

«Ұлы дала елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы 15-19 қыркүйек аралығында Ақтаудан басталған батыс бөлігі бойынша Атырау облысында болды. Экспедициялық топ үш күн бойы Махамбет, Жылыой және Индер аудандарында болып, керуен көшінің символына айналған күнделік-кітабын Батыс Қазақстан облысына тапсырды. Экспедиция мүшелері алдымен Махамбет аудандық кітапханасында бас қосып, «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында салиқалы әңгіме өрбітті. Одан әрі Махамбет аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне «Жер тарихы – ел тарихы» атты экскурсия ұйымдастырылды. Келесі күні экспедиция сапары Жылой өңірінде жалғасты. Аудандық «Атамұра» мұражайында жергілікті жәдігерлер таныстырылымы өтті. Осыдан кейін экспедиция мүшелері «Ақмешіт» кесенесіне қарай бет алды. Соңында «Алтын адам» табылған орын мен «Құлшан ата» бор күмбездері таныстырылды. 

Экспедиция Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында болған кезде Алаш қайраткерлерінің іздері сайрап жатқан тарихи орындармен танысып қана қоймай, Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушыларымен жүздесті. Мұнда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ұлы дала төсін дүбірлетіп өткен батырлар мен хандар, бірегей тұлғалар жөнінде тебірене сөз қозғаса, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, «Мәңгілік елге» бет алған Қазақстанда ел тарихын барлық ұлт өкілдері біліп, қыр-сырына қаныға түсуінің маңызы зор екенін, сондықтан осындай шараларға Ассамблея бастамашы болып отырғанын атап өтті. Жиын аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы қойған шағын концертпен аяқталды. 

Астанадан бастау алған «Ұлы Дала елі» тарихи-мәдени экспедициясының ортаңғы бөлігінің сапары Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын басып өтіп, Қостанай облысында жалғасуда. Қазіргі таңда Торғай өңіріне жеткен экспедицияның қоржыны тоқ. Түс ауа облыс орталығына келіп жеткен экспедиция мүшелері бірден ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ескерткішінің басына барып, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин кесенесінде және тарихи өлкетану мұражайында болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды шараның мақсаты – халқымыздың тарихи-рухани мұрасын насихаттау. Сол арқылы қазақстандықтардың бірегейлігі мен ұлттық бірлігін нығайту. Тобыл-Торғай өңірі болса көне тарихи ескерткіштерге бай. Экспедиция мүшелері төрт күн ішінде солардың бірқатарын аралап шығып, тың деректер жинайды. 

Ал «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының Павлодар қаласында басталған үшінші бағыты алдымен Май және Баянауыл аудандарында болды. Нақтырақ айтқанда, экспедиция мүшелері 14-қыркүйек күні Май ауданының Ақшиман ауылындағы әйгілі Қылмаққырылған тауына көтерілді. Бұл Олжабай, Едіге және Жалаңтөс батырлардың жоңғарларды ойсырата жеңген тарихи шайқас болған жер. Әлбетте, қазақ даласында «Қалмаққырылған» атауы көп кездеседі. Өйткені, сол жерлердің бәрінде жоңғарлар қазақтардың қатты қарсылығына ұшырап, жеңіліс тапқан. 

Бұдан кейін экспедиция Семейге жетті. Павлодар облысынан жеткен топты Семей қалалық Достық үйіндегі этнобірлестік өкілдері ән-жырмен қарсы алды. Құрамында тарихшылар, этнографтар, мәдениет қайраткерлері бар экспедиция Шығыс Қазақстан облысында 25 қыркүйекке дейін болады. Олар Семей, Өскемен қалалары мен Аягөз ауданын аралап, эстафетаны Үшарал қаласында Алматы облысына тапсырады.