Күләш Шәмшидинова: Тарихтың өнегесімен тәрбиеленген ұрпақ – бақытты ұрпақ
21.09.2015 1643
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейлі тойына байланысты республика жұртшылығын құттықтаған лауазымды тұлғалар мен қоғам, мемлекет қайраткерлерінің лебіздерін жариялауды жалғастырамыз

Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы: 

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің жастарды тәрбиелеудегі маңызы зор. Себебі біздің мемлекеттілігіміздің тарихы – терең, күрделі, сан ғасырлар тарихы. Елдігіміздің тарихынан жастардың алар өнегесі көп. 

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ», – деп атап өткен болатын. 

Өскелең ұрпақ біздің мемлекеттің қалыптасу тарихының терең екендігін, Ұлы дала – Еуразия құрлығының аймақтағы айбарлы ролін, осы кеңістікте болған талай маңызды оқиғалар тарихын танып, тұлғаларды біліп, оларды үлгі етіп өсуі қажет. Сол арқылы жастардың бойында елдің өткеніне мақтаныш, келешегіне жауапкершілік сезімін қалыптастырамыз. 

 Бұдан 50 жыл бұрын, Қазақ хандығының 500 жылдығын атап өту кезеңінде біздің мемлекет ССРО-ның құрамында едік. Ол мерекені мемлекеттік тұрғыда атап өту тұрмақ, Ғылым академиясында кішігірім мәжілістің өткізілмегендігін тарихшыларымыз талай рет жазған болатын. Сондықтан, елдігіміздің абыройлы белесі – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту ұлан асыр территориясы, бабалардан қалған ұлы тарихы, болашаққа көз тіккен Мәңгілік елі бар ұрпақ үшін үлкен аманат. Бұл бабалар арманының ақиқаты. 

Бүгінде, тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымызды құрметтеуге бағытталған патриоттық жобаларды да жүзеге асырудамыз. Атап айтар болсақ, биылғы «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясының маршруттары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Қызылорда, Тараз, Өскемен, Атырау, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы Зияткерлік мектептердің жас өрендері Жошы хан, Алаша хан, Тоқтамыс және Едіге батырлар жүріп өткен, былтыр Елбасы сұхбат берген қазақ хандығының бастауы қиелі де қасиетті Ұлытауға барды. 

Семей, Ақтөбе, Көкшетау қалаларындағы Зияткерлік мектептердің оқушылары Сауран, Сығанақ қалаларында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оқушылардың жобаларын оқи отырып, Сауранның ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы болғандығын, археологиялық қазба жұмыстары арқылы шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары, қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне су құбырлары жүргізілгендігі туралы деректер мен тың мәліметтерді білуге болады. 

Ал, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Тараз – ғасырлар куәсі» маршруты негізінде арғы ғасырлардан бері сақталған ескерткіштер, атап айтқанда «Ерте Ислам дәуірінің мешіті», «Айша бибі», «Қарахан», «Бабаджа Хатун», «Мәмбет батыр», «Тектұрмас» кесенелерімен, керемет суреттерге толы «Қали Жүніс» моншасы және «Ақыртас», «Төрткөл» қалашықтарын көріп қайтты. Соған қатысты оқушылар «Тараз өңіріндегі мәдени мұралар», «Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің аймақтық ерекшеліктері», «Жамбыл облысының жер, су аттарының тарихы», «Құсбегілік-ұлттық өнер» тақырыптарына зерттеу жобаларын жазуда. Жалпы, экспедиция барысында оқушылар 152 тарихи, географиялық, индустриялық, мәдени нысандарымен танысып, тақырыптық зерттеулер жүргізді, 15 нысанда далалық зерттеулер жұмыстары жасалды. 

Сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жоғары мектептің 11-12 сыныбында жаңа «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәні енгізілген. Пән бағдарламасын игеру барысында оқушы қазіргі әлемдегі Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік ұстанымдарын түсінеді, еліміздің әлемде алатын бірегей орны мен атқаратын рөлін зерттейді, мемлекеттің болашақ дамуына жеке азаматтық жауапкершілігін қалыптастырады. 

Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы — Мәңгілік еліміздің болашақ дамуының кепілі. Биылғы еліміздегі атаулы мерекелер мемлекеттің тарихи стратегия саласындағы табанды еңбегінің нәтижесі. Осы жолда тәуелсіздігіміздің көк Туын ХХІ ғасырда биік ұстайтын білімді, дарынды жастар көп болсын деп тілеймін!