Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейіне – 80 жыл
21.09.2015 3124
2015 жылғы 23 қыркүйекте Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында 80 жылдығына арналған мерейтойлық деректі фильм мен альбомның таныстырылымы бойынша баспасөз конференциясы өтеді

2015 жылғы 23 қыркүйекте сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында мұражайдың 80 жылдығына арналған мерейтойлық деректі фильм мен альбомның таныстырылымы бойынша баспасөз конференциясы өтеді 

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайы – Қазақстан мен Орта Азиядағы аса ірі көркемсурет мұражайы. Мұражайда Қазақстанның сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерімен, Ресей өнерімен, 16-19 ғасырлардағы Батыс Еуропа өнері және заманауи шет ел өнерімен танысып, тамашалауға болады. Мұражай жинақтамасында кескіндеме, графика, мүсін және қолданбалы өнер бойынша 24 мыңнан астам экспонат бар. 

Мұражайдың басты міндеті – әлемдік өнер туындыларын жинақтау, сақтау және оларды сұлулықты қадір тұтатындардың кең аудиториясына көрсету. 

Бүкіл коллекцияның 30%-ын құрайтын мұражайдың тұрақты экспозициясы жиі жаңартылып тұрады. Бүгінде қалалықтардың сүйікті суретшілері Сергей Калмыков пен Жанатай Шәрденовтің экспозициялары кеңейтілген, сондай-ақ залдардың біріне Қазақстан бейнелеу өнеріндегі аға буын суретшілердің әрі үздік импрессионистердің бірі Владимир Эйферттің жұмыстары қойылды. Сұлулыққа жаны құмар жандарды барлық коллекциямен таныстыру үшін мұражайда мұражай қорынан ұдайы уақытша көрмелер ұйымдастырылып тұрады. 

Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында олар Дюрер, Рембранд, Лукас Кранах пен өткен ғасырлардағы өзге да еуропалық суретшілердің гравюраларын көріп, қызықтай алды. Тамыз-қыркүйек айларында мұражай коллекциясынан жасақталған «Ежелгі Шығыс аңыздары мен мифтері» көрмесінде Қытай, Жапония, Үндістан сурет өнері шеберлерінің тамаша туындылары көрсетілді. Қазақстан кескіндемесі мен графикасының хас шеберлері Гүлфайрус Ысмайылова, Евгений Сидоркин, Молдахмет Кенбаев, Борис Пак, Нағымбек Нұрмұхаммедов, Зайнитдин Юсуповтың ретроспективті көрмелері көрермендерді олардың тұрақты экспозицияға қойылмай, мұражай қорында сақталып тұрған туындыларымен танысуына мүмкіндік берді. Мұражайдың уақытша көрмелерінде Қазақстан мен басқа елдердің қазіргі заман суретшілері мен фотосуретшілерінің де жұмыстары қойылады. Қазақстандық белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұловтың «Жеке коллекцияның жауһарлары» көрмесі Қазақстан бейнелеу өнерінің жеке жинақтамасын ұсынды. 

Мұражай экспозиция-көрме жұмысынан басқа ғылыми және ағарту жұмысын кеңінен жүргізіп келеді. Қазақстан өнеріне қолданбалы және іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көркем туындыларды сақтап, қонсервациялау – мұражай жұмысының маңызды аспектісі. Ағарту жұмысы экскурсия, лекция, семинарларды, ғылыми конференциялар мен басқа да инновациялық шараларды қамтиды. 

25-26 қыркүйекте Эрмитаж, Сотбис, Орыс музейі, Санкт-Петербург көркемсурет академиясы, Мәскеу заманауи өнер музейі, Өзбекстан Ұлттық көркемсурет және дизайн институты сияқты әлемдегі басқа да жетекші мұражайлар мен көркемсурет институттарының өкілдері қатысатын «21 ғасыр мұражайы. Даму стратегиясы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Конференция аясында 25 қыркүйекте сағат 18.30-да зергер әрі дизайнер Зохра Доксидің (Париж) көрмесі ашылады.