Түркі академиясы Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн-конференция өткізді
03.07.2020 1974
Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған "Домбыра мәдениеті: дәстүр сабақтастығы және білім берудегі мәселелер" атты онлайн-конференция өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Онлайн форматта өткен конференцияға Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры, өнертану ғылымдарының докторы Тойжан Егінбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Жанғали Жүзбаев, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы, Дәстүрлі музыка факультетінің деканы, Өнертану ғылымдары Phd докторы Ержан Жәмеңкеев, Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнертану ғылымдарының магистры Әлқуат Қазақбай, Нұрсұлтан қаласындағы оқушылар сарайының бас директоры Ербол Іргебай, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры Сержан Мұсайынов, "Қазақконцерт" Мемлекеттік концерттік бірлестігінің "Халық қазынасы" ұжымының жетекшісі Ерлан Рысқали және белгілі ғалымдар, бірқатар салалық, оқу орындары мен өнер саласындағы ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Алқалы жиын аясында Халықаралық Түркі академиясы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша дайындап шығарған “Домбыра” оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті. Өскелең ұрпаққа арналған оқулықтың авторы белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры – Жанғали Жүзбаев.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 7 маусымында "Ұлттық домбыра күні" мерекесінде домбыраны арнайы пән ретінде мектептерге енгізу керектігі жөніндегі пікірі жарияланған болатын. Осыған орай жалпы білім беретін мектептерде қасиетті аспабымызды оқыту жұмыстары қарқын алып, "Домбыра" пәніне арналған оқу құралына қажеттілік туындады. Аталған оқу құралын өткен жылдың қараша айында Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында "Домбыра" оқу құралының жобасын таныстырған еді.