Ұлы тойға дайындық қызу жүріп жатыр
08.09.2015 2025
2015 жылдың 11 қыркүйегінде Астананың жаңа мұз айдынында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған театрланған қойылым өтеді. Кешенде аталмыш кеңауқымды шараға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр

Ең алдымен, мерекені ұйымдастыру жұмысына тартылған қатысушылардың көптігі таңғалдырды. Тек сахнаның өзіне 2500 әртіс көтерілетін көрінеді, бұл ұйымдастырушылар, режиссерлер мен қоюшыларды, техникалық қызметшілерді, сондай-ақ 100-ден аса ерікті жасты қоспағандағы қатысушылар саны. Олардың бірлескен еңбегінің арқасында сахнада сақ, ғұн, сармат тайпаларының тұрмысынан тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына дейінгі Ұлы Даланың 3000 жылға жуық жылнамасын қамтитын қойылым көрермен назарына жол тартады. Сценарийі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабына негізделіп құрылған. 

Жалпы, перфоманс жеті бөлімнен тұрады. Сондай-ақ шоуда тек қазақстандық өнерпаздар өнер көрсететінін атап өткен жөн. Олардың қатарында 500 домбырашы, 200 скрипкашы мен виолончелист, 450 әскери қызметкер, 200 жас хор әншісі, 200 студент, сонымен қатар М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев атындағы және ҚазҰӨУ, «Астана-Опера», қуыршақ театрлары мен ұйғыр, корей және басқа да ұлттық теарлардың әртістері бар. 

«Қазір Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ірі мерекелік іс-шараға қызу дайындық үстіндеміз. Қойылым барысында би де, «ханды таққа көтеретін» сахналанған көріністер де бар. Жалпы айтқанда, біз Керей мен Жәнібек хандардың мемлекет құрғанынан бергі 550 жылдық тарихымызды қамтымақпыз. Біз тек би билеп қана қоймай, актерлік шеберлік пен домбыраның құлағында ойнайтын күйшілеріміздің өнерін көп назарына паш ететін боламыз. Меніңше, таңғаларлық керемет шоу шығатын сияқты. Оны сөзбен жеткізгенше, көзбен көру ләзім», – деген пікірімен бөлісті Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Алтынай» халық биі ансамбілінің әртісі Ершат Шоқан. 

Тек қойылымның халықтар достығына арналған бөлімінде ғана Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан би ансамбльдері өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Оған қоса, шоуға қазақстандық эстраданың танымал шоқ жұлдыздары – «КешYou», «VoiceKZ» топтары, Жанар Дұғалова, Димаш Құдайберген, ағайынды Жүгінісовтер, Алмас Кішкенбай мен басқа да танымал тұлғалар тартылған. 

«Біз мерекелік шараның соңында бірнеше әртіс сахнаға көтеріліп, бір ән шырқайтын боламыз. Қандай ән екенін әзірге құпия сақтайық. Қызу жүріп жатқан дайындық жұмыстарын сырттай бақылап отырмын. Байқағанымдай, 100 пайыздық дайындық байқалып тұр. Мұндай деңгейдегі шоуды соңғы рет қашан көргенім есімде жоқ. Әлемдік стандартқа сай деңгейде деп толық айта аламын. Мұндай мереке – әрбір қазақстандық үшін зор мәртебе. Себебі бұл – біздің тарихымыз, ата-бабамыз және оларды танып білу – әрқайсымыздың міндетіміз. Сол тарихи тұлғалардың арқасында тәуелсіздігіміз баянды. Сондықтан да мерекені жоғары дәрежеде атап өту қажет», – деген пікірімен бөлісті әнші Алмас Кішкенбай. 

Оның айтуынша, театрланған шоу – бұл, біріншіден, қазақстандықтар үшін үлкен мереке, екіншіден, қоғамның Қазақ хандығы тарихымен танысып, маңызды рөлін айқындауына беріліп отырған зор мүмкіндік. Тарихи мерекелік кешке ҚР Президентімен қатар Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің мерейтойлық V саммитіне шақырылған бірқатар шет мемлекеттердің басшылары қатысады деп күтілуде.