Музейде ерекше қор көрмесі ашылды
08.09.2015 1380
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып ерекше қор көрмесі ашылды

Көрменің мақсаты – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюында маңызды орын алған, Қазақ хандығы тарихындағы айтулы оқиғалар мен жарқын тұлғаларды көрсету. 

Экспозиция музейдің күмбезді залында орналасуы символ мәнді: себебі дәл осы жерде 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Қазақстанның жаңа астанасын жария еткен болатын. 

Көрменің ашылу күнінен бастап экспозицияда жинақталған жәдігерлердің бірегейлігі бірден көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Бұның дәлелі көрмеге келушілер ағымының үнемі көбеюі, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеушілер қатарынан жәдігерлер бойынша түскен сұраулардың саны растайды. 

«Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының қор көрмесі алғаш рет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи және мәдени мұраларын айғақтайтын бірнеше музейлік жинақтарды ұсынып отыр. Белгілі қазақстандық суретшілердің, зергерлердің, мүсіншілердің туындылары Қазақ хандығының тарихын қайта жандандырып көрермен назарына ұсынды. 

Экспозицияда бірқатар тарихи артефактілерді: Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ. Алтынбековтың тарихи дәлдікпен орындаған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А. Абдубаиттің алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары маңызды орын алған. 

Көптеген жәдігерлер көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Осылардың қатарында Қытайлық Цин династиясының кезеңіне жататын бірегей панно маңызды орын алады. Онда Қытай императорының әртүрлі мемлекет өкілдерімен дипломатиялық сыйлық алмасу рәсімі бейнеленген. Осы дипломаттар қатарында Қазақ хандығының да өкілдері бар. Осындай бірегей, мұрағаттық-бейнелеу дереккөздері ҚХР мұрағаттарынан табылған, ал олардың дәл көшірмелері ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің бастамасымен жасалған болатын. 

«Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» көрмесі жеті ай бойы музейге келушілерді – Астана тұрғындарының және қала қонақтарының назарын қуантуды. Осы уақыт ішінде экспозиция көптеген қонақтардың алғысын алды. Бірегей жәдігерлердің тағдыры, тақырыптық экскурсиялардың ерекшелігі, Күмбезді залдың Қазақстан халқының еркіндігі мен бірлігінің рухына тұнып тұрған ахуалын сезіну мүмкіндігі музей қонақтарын тартады. 

Елордамыздың тұрғындары мен қала қонақтары «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» көрмесімен 2015 жылдың қыркүйек айының соңына дейін танысып үлгеруге мүмкіндіктері бар.