Астанада Түркі кеңесі Білім министрліктерінің басшылары кездеседі
04.09.2015 1820
Астанада 2015 жылғы 4-5 қыркүйекте Түркі кеңесі Білім министрлерінің аға лауазымды тұлғаларының бесінші отырысы және Түркі кеңесінің Білім министрлерінің төртінші отырысы өтеді

4 қыркүйекте «Hilton Garden Inn Astana» қонақ үйінде өтетін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің Білім министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларының V кездесуіне Әзірбайжанның, Қазақстанның, Қырғызстанның, Түркияның білім беру саласының 26 басшысы және Түркі кеңесінің өкілдері қатысады. 

Ал 5 қыркүйек сенбі күні Түркі кеңесінің Білім министрлерінің IV отырысы өтеді. «Rixos Hotel» қонақ үйінің «Orda» залында өткізілетін Отырысқа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Рамиль Хасанов, Әзірбайжан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фирудин Гурбанов, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Әділет Бекбоев, Түркияның Ұлттық білім беру министрі Наби Авджы қатысады. 

Кеңестің қатысушылары бағдарламалардың мазмұны және жалпы түркі тарихы оқулықтарын дайындау (15 ғасырға дейінгі кезең және 15 ғасырдан 21 ғасырға дейінгі кезең аралығы), география мен әдебиет бойынша бірқатар мәселелерді талқылайды. Қазір оқулықтар әзірлену сатысында, мүше-елдер бағдарламаны қайта қарау және мазмұны туралы өз ұсыныстарын енгізуде. Өңдеу аяқталғаннан кейін оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізіледі. 

Түркі кеңесі елдерінің өкілдері одан әрі орта мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттерін алмастырудың бағдарламасын және қаржылық жағын қарастырады. Түрік Республикасы осы жобаны іске асырушы алғашқы мемлекет болмақ. 

Сондай-ақ, білім беру саласының басшылары Түркі академиясы мен Түркі тілдес елдер университеттерінің Одағы арасындағы ынтымақтастықтың шарттарын және басқа да мәселелерді талқылайды. 

Қосымша ақпарат ретінде айта кетейік: Түркі кеңесі. Түркі тілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесі – қазіргі заманғы түркі мемлекеттерін біріктіретін, негізгі мақсаты мүше мемлекеттердің арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылатын халықаралық ұйым. Түркі Кеңесі 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжанда, Нахчыван қаласында құрылды. Түркі кеңесінің мүшелері: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия. 

Халықаралық Түркі академиясы. 2009 жылғы 3 қазанда Әзірбайжандағы түркі тілдес мемлекеттердің басшыларының ІХ саммитінде, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, түркі әлемін зерттеу мақсатында ғылыми орталық құру туралы ұсыныс енгізді. 2010 жылғы 25 мамырда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Құрылтай елдер: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия. 

Мақсаты: үйлестіру және түркі әлемінің тарихы туралы зерттеулерге ықпал ету, ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі, түркі тілі мен әдебиетін, мәдениетін, сондай-ақ өте сирек кездесетін деректер негізінде жалпы түркі әлемін зерттеу және әлемдік кеңістіктегі түркі мемлекеттерінің маңызы мен орнын анықтау. Міндеті: түркі халықтарының ғылыми қауымдастықтарының ғылыми және білім беру қызметін дамыту, сондай-ақ түркі тілдес мемлекеттердің мемлекеттік қайраткерлерінің бастамаларын қолдауға жағдай жасау мен біріктіру.