Тұңғыш Президент музейінде алғашқы қоңырау соғылды
28.08.2015 2268
Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде №48 мектеп-лицейінің бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндері үшін алғашқы қоңырау соғылып, мерекелік тәрбие сағаты өтті

Бүгін Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде №48 мектеп-лицейінің бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндері үшін алғашқы қоңырау соғылып, мерекелік тәрбие сағаты өтті. 

Іс-шара Ата Заңымыздың 20 жылдығы қарсаңында «Менің Қазақстаным — менің болашағым» атты мерекелік сабақ түрінде өткізілді. Мерекені ұйымдастырушы ҚР Тұңғыш Президентінің музейі. Мерекелік әрі тәрбие сағаты ретінде өткен шараға алғаш мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер, ұстаздар мен ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты. 

«Міне, 20 жылдан аса уақыт бойы тәуелсіз Қазақстан өз Конституциясының құқықтық нормаларына сүйене отырып, тұрақты түрде дамып келеді. Еліміздің Негізгі Заңы – ұлттық-мемлекеттік дамудың іргетасы болған ерекше тарихи маңызы бар құжат. Бұл ұзақ жылдар бойғы ұжымдық жұмыстың нәтижесі, оның басында айналасына миллиондаған қазақстандықтарды жұмылдыра білген және Конституцияның жобасын жасауда идеялардың генераторы болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев болды», – деп сынып жетекшісі Үкіжан Талғатқызы Ата Заң туралы тоқтала келе, бүгінгі сабағын бастады. 

Ұйымдастырылып отырған мерекелік сабақ барысында балалар ойын элементтері арқылы «Мен – Қазақстан азаматымын» бөлімінде жаттығулар орындап, өз топтарымен сурет салып жобалар қорғады. Музей педагогтары мектеп мұғалімімен бірлесе отырып, ата-аналарға да арнайы жаттығулар дайындалды. Аталған мектептің 4-сынып оқушылары әннен шашу шашып, мерекелік сабақты көңілді өткізуге бар күштерін салды. Мектеп табалдырығын бірінші аттайын деп отырған бүлдіршіндер тәрбиелік сабақ арқылы Ата Заңымыздың құрылу тарихымен танысып, Конституцияда бекітілген өз құқықтары мен міндеттерін білуге құштар болды. Оны өздері жаттап келген тақпақтары арқылы білдірді. Қазақстанның кішкентай азаматтары өзін-өзі тану элементтері арқылы Отан, ана тілі, еркіндік, мемлекеттің тарихы мен дәстүрі сияқты ұғымдар туралы өз білімдерін бөлісті. Мектеп – кеме, білім – теңіз деген ұғымды түсіне білді. 

Шара соңында №48 мектеп-лицейдің бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндері үшін алғашқы қоңырау соғылып, мектеп деген дарияға қадам басталды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі қорытынды кеште мектеп бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оқуда озат, тәрбиеде алда, ертеңгі елдің жарқын болашағы болуды тіледі. Балаларға арнайы кәде сыйлықтар ұйымдастырып, №48 мектеп-лицейінің директоры Зәуре Садықоваға және сынып жетекшісі Үкіжан Талғатқызына да алғыс хат жариялады. 

Ботагөз Каипова, ҚР Тұңғыш Президентінің Музей директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты: «Бүгінгі ҚР Тұңғыш Президентінің музейі ұйымдастырып отырған шара 48 мәрте өткізіліп отыр. Жылда біздің музеймен бір жыл бойы жақсы қарым-қатынас жасап, өзара байланыс орнатқан білім ордалары Ата Заңымыздың күні және де білім күні қарсаңында мерекелік тәрбие сағатын ұйымдастырады. Бұл дегеніміз Елбасының ізі қалған музей төрінде ел ертеңі болатын бүлдіршіндерге жарқын қадам, үлкен ізеттілік деп білемін. Осы орайда барша № 48 мектеп-лицей ұжымына бүгінгі мерекелік шарасы үшін рахмет. Зәуре Жақанқызы басқарып отырған білім ордасы талай биіктен көрініп, үздік білімнің қарашаңырағы болсын». 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ