Қырғызстанда Халықаралық Түркі академиясының таныстырылымы өтеді
27.08.2015 1639
Халықаралық Түркі академиясының халықаралық байланыстарын нығайта түсу мақсатында Қырғызстан астанасында академияның таныстырылымы салтанатты жағдайда өтпек

Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары лауазымды тұлғалар және зиялы қауым өкілдері мен бір топ өнерпаздардың қатысуымен 2015 жылдың 28 тамызында Бішкек қаласында Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының үлкен залында Халықаралық Түркі академиясының таныстырылымы өтеді. 

Айта кету керек, бұл шара Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып отыр. Бұған дейін Халықаралық Түркі академиясының мұндай таныстырылымы Түркия астанасы Анкарада өткен болатын. Бұл жолы Бішкекте өтуінің де өзіндік себебі бар. Қырғызстан Академияны құрушы төрт мемлекеттің бірі. Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесі ІІ саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүл, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев пен Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Артур Расизаде Түркі академиясына халықаралық мәртебе беру жөніндегі келісімге қол қойған болатын. 

Бүгінде Халықаралық Түркі академиясында қырғыз тарихы мен мәдениетіне қатысты жобалар жүзеге асырылып, бірқатар кітаптар жарық көрді. Былтырғы жылы халық ақыны, қырғыз-қазаққа бірдей ортақ тұлға – Тоқтағұл Сатылғановтың туғанына 150 жыл толуына орай академия қабырғасында «Алатау бұлбұлы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп, оған түркі әлемі елдерінің көрнекті өнер, мәдениет қайраткерлері қатысты. Жиын барысында арнайы қарар қабылданып, сол қарар бойынша жыл сайын «Түркінің тарлан тұлғалары» деген атаумен түркі жұртының арғы-бергі тарихындағы ұлы қайраткерлердің (Абай, Мақтымқұлы, Тоқтоғұл, т.б.) арналған атаулы шаралар өткізіп тұруды дәстүрге енгізу, әдеби-тарихи мұраларын басып шығару қажет деп атап көрсетілген. 

Ал осы өткізілетін салтанатты іс-шарада академияның мұрындық болуымен жарық көрген түркі елдеріне ортақ әдеби мұралар: «Манас. Сағымбай энциклопедиясы», «Манас» эпосының түсіндірме сөздігі, «Тоқтағұл Сатылғановтың таңдамалы шығармалар жинағы» мен «Шыңғыс Айтматов және қазіргі түркі әлемі» кітаптарының тұсаукесері өткізілмек. Келешекте де осы мақсатта ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын айта кету керек. 

Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының басшысы А.Эркебаевтың модераторлығымен өтетін салтанатты жиында Қазақстаннан арнайы қатысатын белгілі тарихшылар мен ғалымдар Қазақ хандығының тарихы мен бауырлас қырғыз-қазақ елдерінің байланысы, мәдени ынтымақтастығы туралы кеңінен баяндайды деп күтілуде. 

Халықаралық Түркі академиясының Баспасөз қызметі