Конституциялық Кеңес мүшелері жастармен кездесті
26.08.2015 2977
Бүгін Елорда төрінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында ҚР Конституциялық кеңесі мүшелерінің жастармен кездесуі өтті

Ата Заңымыздың 20 жылдығы қарсаңында өткен игі шара «Азамат әліпбиі» тақырыбында өрбіді. Іс-шараға Конституциялық кеңес мүшелері, Елбасы кітапханасы қызметкерлері, жастар ұйымдары мен жалынды көшбасшы жастар қатысты. 

«Конституциямыздың 20 жылдығы» қарсаңында өткен шараның мақсаты – еліміз Конституциясының құқықтық мемлекеттің қалыптасып, дамуындағы маңызын зерделейтін диалог алаңын ұйымдастыру және де жастарға Конституциямыздың алғашқы жылдарындағы қалыптасу тарихын түсіндіру. 

«Жастар – еліміздің ертеңі, жарқын болашақтың кепілі» дегендей Елбасы кітапханасына жиылған көзі қарақты, көкірегі ояу жастардың қарасы көп болды. Сондықтан игі шараның жастар үшін маңыздылығы жоғары екенін айтпай-ақ түсіндік. «Бүгінгі кездесуіміз Ата Заңымыздың Қазақстанда құқықтық мемлекет құрудағы және елде конституционализм принциптерін орнықтырудағы айрықша маңызына арналады», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев. 

Игі шарада алдымен сөз алған – Конституциялық Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы Виктор Малиновский. Ол «ҚР Прензиденті Н.Ә. Назарбаев – қазақстандық мемлекеттің негізін салушы, 1995 жылғы Конституцияның авторы» деген тақырыпта баяндамасын оқыды. Қазақстан Конституциясының 1995 жылғы бүкілхалықтық референдумда дауысқа салып, ел тарихында өшпес із қалдырған тарихына тоқтала келе, Конституциямызды жасаудағы Елбасы рөліне толықтай тоқталып өтті. 

«ҚР Конституциясы – Н.Ә.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыру контексінде» атты тақырыпта аталған Кеңестің тағы бір мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Анар Жайылғанова сөз сөйледі. «Құрметті жастармен бүгінгі маңызды шараның барысында жиналып, Конституция туралы білуге құштарланып отырғандарына қуаныштымын. Өйткені сендер біздің ертеңімізсіңдер. Конституциямызды құрметтеуді, құқықтық сана-сезімді, құқықтық мәдениетті қаншалықты бойларыңызға сіңіресіздер – соншалықты Конституция жолымен жүре аласыздар. Сіздер Ата Заңымызды біле отыра экономикалық, саяси, әлеуметтік, демократиялық құқықтық сауаттылыққа бейімделесіздер. Ендеше олардың барлығы сіздерге байланысты. Қазіргі Конституциямыздың басты ерекшелігі – қоғамдық келісім принципінде құрылуы. Ол біздің Конституциямыздың бірінші бапта көрсетілген. Қоғамдық келісім кез келген елдің Конституциясында басты жолға қойылған», – деді заңгер. 

Ата Заңымыздың үстемдігін қамтамасыз етуде Конституциялық Кеңестің алар орны ерекше. Ол туралы, Конституциялық Кеңестің мүшелерінің қызметі жайында заң ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Нұрмағанбетов баяндап кетті. 

Іс-шара соңында жастар түсінбеген сұрақтарын Конституциялық Кеңес мүшелеріне қойып, сауалдарына жауап іздеді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ