Қазақстан Конституциясының 20 жылдығына орай «Конституция» залы ашылды
24.08.2015 2256
Бүгін ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың қатысуымен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Конституция» залының ашылу салтанаты өтті

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына жылдығына орай ашылған зал кітапхана қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде Қазақстан Республикасы Ата-заңы және еліміздің мемлекеттік бейнелемесі туралы оқырмандардың таным-түсінігін қалыптастыру, сондай-ақ Ата Заңды құрметтеуге тәрбиелеп, белсенді азаматтық ұстанымдарын әрі құқықтық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында жұмыс істейді. 

Осылайша елордадағы кітапхана тағы бір танымдық залмен толықты. «Конституция» залы қазақтың әдет-ғұрып ережелері мен Қазақстан Конституциясының, сондай-ақ шет елдердің Конституцияларының тарихына қатысты 300-ден аса кітап, кітапша, кино, фото-бейне құжаттарымен толтырылды. 

«Конституция» залы 4 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім қазақ халқының әдет-ғұрып ережелері, екінші бөлім – Қазақстан Конституциясының тарихы, үшінші бөлім – 1995 жылғы ҚР Конституциясы деп аталады. Соңғы бөлім – шет елдердің Конституцияларына арналды. 

Залды салтанатты түрде лентасын қиып, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева мен ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов ашты. Әсем безендірілген «Конституция» залы түрлі құжаттар мен көрме материалдарына тұнып тұр. Ортаға мәжіліс өткізетін кең стол орнатылып, жағалай қонақтар мен баспасөз мамандары жайғасты. Конституциялық кеңес төрағасы И. Рогов сөз алып, залдың ашылу құрметіне алғысын жаудырды.

Залға тарту ретінде қазақтың тұңғыш заң ғылымдарының кандидаты Тайыр Күлтелеевтің жаңа баспадан шыққан «Қазақтардың қарапайым қылмыстық құқығы» атты кітабын табыстады. 

Анар Нұралықызы Жайылғанова, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты: «Биыл ҚР Конституциясына 20 жыл толып отыр. Бұл біздіңше аз уақыт емес. Осы жылдар аралығында Ата Заңымыз бірнеше рет өзгертіліп, жаңартылды. Көптеген құжаттар өз мәнін жоймай, халықтың құқықтық жауапкершілігіне мейлінше қызмет атқарды. 

Осы орайда мерейтой қарсаңында Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханамызда «Конституция» залы ашылып отыр. Бұл дегеніміз кітапхана қызметкерлерінің Ата заңымызға деген құрметі деп білеміз. Кез келген білімнің қайнар көзі – кітапхана. Сондықтан біздер үшін, әсіресе Конституциялық кеңес мүшелері үшін бұл қуанышты жағдай. Конституциялық кеңестің мүшесі ретінде барлықтарыңызды келе жатқан Конституция күнімен құттықтаймын! Бұл күн — мемлекетіміз үшін ең маңызды мейрамдардың бірі». 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ