Қазақ қоғамында сот билігі хан билігінен жоғары тұрды
24.08.2015 3054
Қазақ халқының ел басқаруы мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізуі ерте замандардан қалыптасқан. Сот билігі – қазақ даласында кең тараған дамыған мемлекеттік биліктің формасы

Қазақ қоғамында сот билігі хан билігінен жоғары тұрды. Алғашқы қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар еді. Олар қазақты жеке ел, ұлт ретінде қалыптастыруға ерен еңбек сіңірді. Осы негізі қаланған қазақ мемлекетін одан әрі дамытып, ішкі, сыртқы саясатын шебер жүргізіп, әлеуметтік, саяси, экономикалық жүйені реттеп отыратын жарғылар қабылдап, елдің салт-дәстүрін сақтаған қазақ хандарының бірі – Қасым хан есімі тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталатын заңдар жинағымен белгілі. Ел басқару жүйесінде ата жолын ұстанған Қасым хан заман ерекшелігіне орай, жаңа ортаға сәйкес жаңа низам жүйесін енгізеді. «Қасым ханның Қасқа жолы» аталатын бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптайды, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін тағайындайды. 

«Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай өз қызметін атқарған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645 жж.) тұсында «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдық жүйе өмірге келді. Аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы немесе ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет етті. 

Тәуке хандық құрған ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың басы – қазақ елінің абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Қазақ қоғамында біртұтастық пен ынтымақ орнатуға дәнекер болған ежелгі ереже – қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп низамының, салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» болды. 

«Жеті жарғы» – дана бабаларымыздың «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тірлігіне, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасын қалдырды. «Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдарын толықтырып, елеулі өзгерістер енгізіп, дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. «Жеті жарғыны» қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді. Ал кейбір нормалары Қазан төңкерісіне дейін толығынан қолданылып, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін тиімді атқарып келді. 

Қазақ хандығы дәуірі ХVІ-ХVІІІ ғасырларда, яғни, қасқа жолды Қасым хан, ескі жолды Есім хан, Жеті жарғыны шығарған Тәуке хан тұсында басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған, бірұтас, құқықтық мемлекет болды. Осы кезеңде қазақ хандығының көрші орналасқан мемлекеттермен байланыста болып, олармен сауда, саяси мәселелерін шешу заң жүйесі арқылы анықталды. Қазақ хандарының негізгі заңдары қазақ хандығын осы кезде мемлекет ретінде танытып қана қоймай, оның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына ықпал етті. 

«Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ, салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни, онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баян етілген. Қазақша «жарғы» – әділдік деген ұғымды білдіреді. Жеті жарғы – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар – жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 

«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деп аталып кеткен жиынға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Едіге би, Тайкелтір би, Байдали би, Қоқым би, Сасық би сияқты ірі, беделді билер қатысқан. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан, «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. 

ХVІІІ ғасырдан бастап Қазақстан жері Ресей отарына айналып, осыған орай жергілікті халықтың қазақы дәстүрі мен заң-жоралғылары ескерілместен отарлаушы елдің заң ережелері енгізіле бастады. Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен қайта құру міндетін алға қойды. Реформаны даярлау кезінде қалың бұқараның көңіл күйі назарға алынбады. Ш. Уәлиханов халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген әкімшілік жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы жөніндегі жазбаларында» ол қазақ халқы үшін әлеуметтік-экономикалық жаңашылдықтарды аса маңызды деп есептеді. 

Алаш қайраткерлерінің ұстанған Ата Заңы жайлы айтсақ, біріншісі Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттановтың жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген құжат. Екіншісі – партияның бағдарламалық құжаты. Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасады. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері – Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Е. Ғұмар, Е. Тұрмұхамедов, Ғ. Жүндібаев, Ғ. Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты. 10 бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі – бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы Ресей федеративтік мемлекетінің құрамындағы ел ретінде тани келіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. 

КСРО құрамындағы Қазақстан үшін келесі Конституция 1978 жылы қабылданса, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтардағы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. 

Елдің егемендігін танытатын бұл Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат болды. 

ҚР қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл жиырма жылдығын атап өтіп отырған Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. 

Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандықтары. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Оның айқын дәлелі – елімізде қазіргі таңда 140 этнос пен 46 діни қауымдастық келісім мен достықта өмір сүріп отыруы. Осы негізде басты конституциялық қағидаттар — бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкіл халық игілігі жолындағы экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Халықтың бірлігі, бұл, ең алдымен, мемлекеттік институттардың мызғымастығы. 

Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар, біз, яғни, ертеңі мол еліміздің азаматтары ел болашағы жарқын болуы үшін халықтың құқықтары мен тәлімін ең алдымен жас өскелең ұрпақ – балалардан бастағанымыз жөн. Жастар – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, оларды салауатты өмір салтына тәрбиелеу мен жағымсыз әдеттерге бой алдырмауына тыйым салу бүгіннен басталады. Ал осы міндетті жеткілікті деңгейде орындамаған жағдайда бұл ахуал ушығып, қоғамымыздың басты мәселесіне айналуы мүмкін. 

Ата-бабаларымыз «Еліңнің болашағы көркем болсын десең, балаңды азамат қыл» деп бекер айтпаған. Қандай дамыған ел болса да, егер олардың жастарының дамуы мен тәрбиесі дұрыс арнада, дұрыс бағытта жүргізілмесе, сол мемлекеттің болашағы жоқ деп айтуға болады. Сондықтан елдің мемлекеттік бірінші ұстанатын саяси қағидасы: «Ел болашағы – жастардың қолында». Бұл қағида біздің елімізде де өз бейнесін тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуда. 

Жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай. Міне, осылайша Отанымыздың түп қазығы – Ата Заңымыз мемлекетіміз бен халқымыздың тұрақты дамуына, экономикамыздың өркендеуіне, өркениетті ел ретінде танылуымызға кепіл болатынына сеніміміз мол. Сол үшін де оны ардақтап, құрметтеу – баршамыздың парызымыз. 

 Жазира ОШАҚБАЕВА, философия ғылымдарының кандидаты. 

«Алматы ақшамы» газеті