Мұсылмандар Ораза айт мейрамын атап өтті
20.07.2015 3031
Қазақ елінде қасиетті ай Рамазанның аяқталуына байланысты ораза айт күндері басталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 17 шілдеде кіретін Ораза айт мерекесімен құттықтады.

Мұсылмандар жұмада басты мерекелердің бірі – Ораза айт мейрамын атап өтті. 

Ораза айт (арабша Ид аль-Фитр) бір айға созылған қасиетті Рамазан айының аяқталғандығын білдіреді. Ислам ғылымына сәйкес дәл осы күні Аллаһ адамдарға Құран жіберіпті.

Оразаның айт намазында Астананың 35 мыңнан астам тұрғыны бір мезетте тізе бүгіп, сәждеге бас иді. Ең үлкен деп саналатын Әзірет Сұлтан мешітінің ішіне сыймаған жамағат сыртында да құлшылықтарын жалғастырды. 

Ал  қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасқан астаналықтар мешітке келіп, айт намазын оқыған соң, «Нұр Астана» орталық мешітінің арнайы ұйымдастырылған мерекелік дастарханынан дәм татты. Ұлық мерекеге орай дәстүрлі жәрмеңке өткізіліп, таң сәріден мешітке аяқ басқан халық мешіт алдындағы қазақ үйлерде жайылған дастарханда бас қосты. Мерекелік көңіл күйдің соңы тағылымды концерттер мен ұлттық ойындар жарысына ұласты.

Мереке үш күн бойы атап өтіледі. Бұл күндері дін ұстанушылар мешітке барып, уақыттарын Құран оқуға арнайды. Әр үй қонақ күтіп, мерекелік дастархан жаяды, бір-біріне сыйлық жасайды. Салтанатты шараға бәрі қатыса алатындай жағдайы төмендерге көмек көрсетіледі. Ораза айт кезінде мұсылмандарға жақсы, таза киімдерін киіп, иіс су сеуіп, садақа беріп, жақындары мен көрші-қолаңды аралау сүннет болып есептеледі. Егер араларында ренжіскендері болса, бір-бірінен кешірім сұрау да – сауапты амал.

Мұсылмандар бұл күндері зиратқа барып, ата-бабаларына құран бағыштауды парыз деп санайды.