Көшпенділер өркениеті: қазақ және бақсылық
09.07.2015 3994
Ежелгі түркі әлемінен бастау алған бақсы-балгерліктің белгілері біздің заманға да келіп жетті

Бақсылық — әлемнің барлық елдерінің тарихына терең бойлаған құбылыс

Қай халықтың өміріне көз жүгіртсеңіз де, шаманизм сенімінен бастау алған бақсылықтың белгілерін айқын аңғарасыз. Өз заманында озық дала өркениетімен ерекшеленген түркілерде де бақсылық басты қасиет саналып, абыздар мен қағандар ел басқару барысында олардың көмегіне жүгініп отырды. Және адамдар табиғаттың алдында өз дәрменсіздігін сезініп, ауру-сырқаудан, бәле-жаладан құтылудың басқа жолын білмеді. Бұл бақсылардың ел арасындағы «билігін» нығайта түсіп, Түркі заманынан көшпенділер өркениетіне өтті. Қазақ даласына ислам дінінің келуімен бәсеңсіп барып, патша үкіметі мен кеңес заманында тасаға тығылды. Ислам бақсылар шақыратын жын, пері, шайтан, рухты жоққа шығармады. Алайда олармен байланысуды ауыр күнәлардың қатарына қосты. Кеңес үкіметінің саясаты да бақсы-балгерлікке тосқауыл қойды. Кейін, тәуелсіздік тұсында бақсылық белгілері бой көтеріп, әлсін-әлсін белгілері біліне бастады. 

Қазақ даласындағы бақсылыққа ғылыми көзқарас

Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Байтенова «Ежелгі түркілердің наным-сенімдері» мақаласында бақсылық туралы төмендегі фактілерді келтіреді: 

«Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Қазақ халқының арасында шаман атауына қарағанда бақсы атауы кең таралды. Біздің пайымдауымызша, бақсылық шамандықтың инварианттылығы, яғни халық тұрмысына икемделген нұсқасы болып табылады. 

Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек. Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған. Орталық Азия мен Қазақстанда ислам діні таралу бастайды. Енді олар жын-шайтандармен байланысқа түсе алатын адамдар ретінде қабылданады. 

Қоғамда шамандарға қатысты екі ұшты ұстаным қалыптасады. Бір жағынан, олардан қорқады, өйткені олар адамға кесір келтіруі мүмкін. Сондықтан бақсылар ауылдың шетіне оңаша қоныстанады. Күнделікті тұрмыста мұқтаждықсыз оларға бара бермейді. Екінші жағынан, сыры беймәлім сырқатты тек бақсы ғана емдей алады деп саналады. Сондықтан бақсысыз аурудың алдын алу мүмкін емес. Ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады». 

Бақсылардың көмекшілері жын-перілер

Бақсы — шағатай тілінің «бақшы» сөзінен шыққан. Тылсым әлеммен байланыс жасай алатын, тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық сияқты ерекше қасиеттері бар адам бақсылықпен айналысқан. Қазақ халқы «әруақ», «періште», «перизатты» таза күштерге теңесе, «пері», «шайтан», «жын», «албасты», «жезтырнаққа» үрке қарап, қорғануға тырысқан. Бақсының осы «жын-рухтарының» өз атары болады. Олар бақсыға кез-келген кейіпке еніп келеді. Бақсы сол шақырған жындарының «көмегімен» гипноздық өнер де көрсете алады. 

Бақсылар балгерлікпен де шұғылданған

Олардың келешекті болжайтынына, адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді.

Бақсыларға тән тағы бір қасиет — емшілік

Мысалы, қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, «жынын шақырып» зікір салу немесе гипноздық, жонглерлік тағы басқа «керемет» көрініс, әрекеттер жасау арқылы жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді.

Бақсылардың тарихи-саяси оқиғаларға әсері туралы бір мысал

V ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты Бақсылар болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын Бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. 

Бақсылық сарын ұлттық музыкада сақталған

Ерте кездерде бақсылар асатаяқ, кепшік, дауылпаз секілді ұрмалы аспаптарды пайдаланса да, негізгі құралы — құлағына қоңырау, шанағына айна орнатқан қасиетті қобыз. Бақсы сарыны ұлттық музыка мәдениетінің тарихи негіздерін, стильдік ерекшеліктер зерттеу үшін аса қажетті, маңызды мұра болып табылады. Бір-біріне ұқсай бермесе де, сол негізде бақсы сарынының кейбір стильдік ерекшеліктерін саралауға болады. Олар: музыка-әуендік — сөздік құрылымы, октава көлемінен аспайтын шектеулі диапазоны, аралас метрикалық өлшемі және бірде диатоник, бірде хроматик, жүйеге жуық әуендік негізі.

Бақсылардың  өмір салты мен киім киісі бір бөлек

Түркі-моңғол бақсылары бас киімді көбіне Америка құрлығындағы үндістердің көсемі киетін «тымаққа» ұқсас етіп, құс қауырсындарынан қадап жасайды. Сондай-ақ, бақсылардың ажырамас атрибуты - түрлі музыкалық аспаптар. Бақсылардың үйлері елден жырақ, ауылдың шетінде орналасқан. Үлкен қажеттілік туындамаса, бақсыларды мазалауға ешкімнің батылы бармаған. 

Дайындаған Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА