Қазақ хандығы қазақ тайпаларының саяси, экономикалық және рухани бірігуі мен нығаю процесінің жедел дамуында, сондай-ақ, этникалық бірлігі мен тұтастығы, әр алуан мәдени өмірінің үйлесім табуында маңызды рөл атқарған.
XV-ші ғасырдың ортасында Орта Азияның ұлан-ғайыр даласында, тарихи алаңда өздерін «Қазақ» деп атаған қауымдастық құрылған. Қазақстанның тарихы дәл осы кезеңнен, қазақ хандығының құрылуынан бастау алған.
Бір ерекшелігі – көптеген тарихи оқиғалар Ұлытау тауларының маңында өтті.
Ұлытау – қазақтар үшін ата-бабаларының атамекені. Бұл жердің ұлылығы оның географиялық маңызында ғана емес, Қазақстанның тарихи орталығы және қазақ жүздерін біріктірген ұлт тарихындағы аса маңызды ұлы оқиғалардың осы жерде орын алуында.
Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы тақырыбына арналған конференцияға
кәсіби тарихшылар мен мұражай мамандары, танымал қоғам қайраткерлері қатысады, форумда соңғы жылдар мұғдарында жүргізілген ғылыми экспедициялар нәтижесінде табылған олжалар мен сол дәуір оқиғасының маңыздылығына баға берілмек.
Конференцияның мақсаты:
• Қоғамдық (әлеуметтік) маңызы – ұлт бірлігін тарихи тағылым, үлгі ете отырып, патриоттықты нығайту, мақтаныш сезімін қалыптастыру және жас ұрпақты жаңа мемлекетті құруда өз үлесін қосуға, еліміз бен оның халқының алдындағы жауапкершілігін сезінуге шақыру;
• Ғылыми – Қазақ хандығы тарихы бойынша анықталған және зерттелген материалдардың жүйеленуі мен жариялануы;
• Мұражай – ғылыми талдау негізінде тарихи фактілердің мазмұны мен мағынасын коммуникациялық тіркеу, дамыту және тұжырымдамалық негіздерін тереңдету.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғат қорық-мұражайы 1990 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қаулысы бойынша құрылды. Қорық-мұражай аумағы: 147246 мың га. Аудан территориясында 636 ескерткіш бар. Оның 282-сі «Ұлытау» қорық-мұражайының тарихи-мәдени картасының қорына енді.
Қорық-мұражайдың аумағында Алаша хан, Жошы хан, Теректі әулие, Байқоңыр, Хан ордасы, Басқамыр секілді көптеген әйгілі ескерткіштер мен тас дәуірінің көптеген жәдігерлері бар.
Ұлытау қорық-мұражайының міндеті: Ұлытаудың айрықша тарихи мәдениетін әлемдік қауымдастыққа тарату.
Ұлытаудың неолит заманынан орта ғасырға дейін және қазіргі заманға шекті тарихындағы тарихи-мәдени бейнесі Еуразияның ешбір далалық аумақтарынан кездеспейді, оның әлемде еш теңдесі, ұқсасы жоқ.
Конференцияны өткізудегі бас серіктестік – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС.
Қосымша ақпаратты 8(71035)2-16-16, 8(705)-313-33-00 телефон нөмірлері мен alashahan-1@mail. ru e-mail арқылы Әбжаппаров Талғат Мұсылманбекұлынан алуға болады.