«Көшпенділер өркениеті»: Қазақ мысықты кие тұтқан ба?
23.06.2015 3804
Бағзы заманнан бізге келіп жеткен фотосуреттер қазақ даласын мысық мекендегенін айғақтайды

Қазақ қай заманда да абсолюттік көшпелі мал шаруашылығымен ғана айналыспағаны белгілі. Барлық кезде халықтың аз бөлігі отырықшыланып, дәнді-дақылдар еккен. Әрине, қамбаға тышқан түсіп, мысық ұстауға қажеттілік туған. 

Қазақта  «мысық тілеу»  (теріс пиғылды), «сүтке тиген мысықтай» (айыпты болып, содан қымсыну), «мысық болды» (таяқ жеп немесе сөз естіп сабасына түсті), «мысық жанды» (өміршең), «мысықтанды» (жағымпазданды), «мәуленім» (мәулен – мысықтың баласы, еркелету) деген сөз тіркестері бар. Әлі бала сүймеген жас отаулар мысық асырамауға тырысады, өйткені бұл жануар әйелдің мейірімін өзіне тартып алып, дүниеге сәбидің келуіне кедергі болады дейді. Біреулер мысықты ниеті жаман, пейілі тар жануар ретінде жақтырмаса, енді біреулер мысық десе ішкен асын жерге қойып, осы бір жанға жұмсақ жануарды күтіп баптап, ерекше жылулық танытады. Яғни, жақсы көрсе де, жек көрсе де, мысыққа ешкім бей-жай қарамайды.

Қазақ отбасы мысығымен бірге

Қазақтың бізге келіп жеткен ауыз-әдебиетінде, фольклор және тұрмыс мәдениетінде мысық туралы мәліметтер аса сирек кездеседі. Халқымыз мысықтың іс-әрекетіне қарап, ауы-райындағы және табиғаттағы өзгерістерге болжам жасаған деседі. Бұл жануар адамға сезілмейтін тылсым дүниелерді көру қабілетіне ие екендігі де ел арасында көп айтылады. Мысық мазасызданып, мияулап, жер тырналаған кезде ата-апаларымыз бісмілләсін айтып, есік-терезені қымтай бастаған... 

Киіз үйдің ішінде тазаланып отырған мысық


Сондай-ақ, қазақтың ырым-тыйымдарында мысықты тебуге, қорлық көрсетуге болмайды, киесі ұрады деген түсінік бар. Бұл, бәлкім, кейін қазақ даласына ислам дінінің келуімен байланысты болар. Мысық – үнемі дәрет алып, таза жүретін, маңғаз, әрі тәкаппар жануар. Оны жер бетіне түскен пайғамбарлардың барлығы жақсы көрген дейді. Дәуіт пайғамбар үстіндегі шапанының етегінде пырылдап, тәтті ұйқыға батып кеткен мысықты оятпау үшін, шапанының етегін кесіп қалдырған екен. Осы тұста, мына көне аңыздың мәні тереңде жатқанын аңғарамыз: жер жаһанды су басқан заманда Нұх пайғамбардың кемесіне барлық жан-жауарлар жұп-жұбымен мінеді. Судан келген зұламаттан аман қалған барлық тіршілік иелері кемені паналап, жүзіп келе жатады. Бір кезде тышқандар көбейіп, кеменің түбін кеміре бастайды. Кеме тесілсе, барлығы суға батып кету қаупі туындайды. Осы кезде мысық көмекке келіп, тышқандарды аулап, бүкіл адамзат баласын және жан-жануарларды ажалдан аман алып қалады. Нұх пайғамбар мысықтың бұл ерлігіне риза болғаны соншалық, бата беріп, арқасынан сипайды. Содан бері, Нұх пайғамбардың қолы тигендіктен мысық ешқашан арқасымен құламайды. Өте өміршең келетін бұл жауар биіктіктен құлағанда төрт аяқтап түсетін ерекше қабілетке ие. Оған қоса, Нұх пайғамбардың алақанын сағынып, адамдарға арқасымен сипаланып, еркелеп, жылу іздейді екен. 

Бертін келе ел арасына тараған «Мақта қыз бен мысық» ертегісі балалардың ерекше сүйікті оқиғасына айналды. Қысқаша еске алсақ, Мақта қызға ызаланып, кектенген мысық Мақта қыздың сүтін төгіп кетеді. Мақта қыз да қарап тұрмай, мысықтың құйрығын кепілге алады. Сосын ұзақ оқиғалар желісі орын алып, әркім өзінде жоқты басқаның барына ауыстырады. Осылай мысық өз құйрығына жетіп, жаны жай табады. 

Сонымен, қазақ мысықты кие тұтқан ба? Бәлкім, тұтас халық кие тұтпаған болар, алайда адамдардың бір бөлігі үшін мысық – жылулықтың, нәзіктік пен тазалықтың және көтеріңкі көңіл-күйдің символы. 

Гүлжанат ӘБДІМОМЫНОВА

Мақала «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында жазылды.