Шетелдік көрнекті ғалымдар Қазақстандағы музей фестиваліне қатысты
15.06.2015 2295
13 маусымда Көкшетауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі өтті

«Ақмола облысының Мәдениет басқармасы» ММ басшысы Сәуле Бөкейханқызы Бурбаева «Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалінің шымылдығын ашу барысында: «Италия, Мажарстан, Ресей ғалымдары мен ғылыми қызметкерлерін, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген музей жетекшілерін көруге қуаныштымын. Ақмола облысының Мәдениет басқармасы еліміздің маңызды тарихи оқиғасына арналған өңіраралық музей фестивалін алғаш рет өтікізуде», – деді.

Шараға еліміздегі музейлердің ғылыми қызметкерлері, Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары және тарихшылар, Италияның Болон университетінің профессоры Жан Лука Бонора, Венгриядағы «Мажар-Тұран» халықаралық қорының жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт, Ресей, Еуропа және Азия қару-жарақ жинағы мен бұйымдары бойынша Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің сарапшысы Алексей Пастухов секілді алыс-жақын шетел ғалымдары қатысты.

Конференция барысында мынадай тақырыптар бойынша баяндамалар жасалды: 

• «Орталық Азиядағы көшпенділердің әскери символдарының (ту, мойшақ (еск. – казак, поляк атамандарының, гетмандарының, түрік патшаларының өздерінің өктемдігін көрсету үшін шоқпар бас ұзын таяққа ілетін қыл құйрық), т.б.) феномені туралы» (А.К. Кушкумбаев); 

• «Қазақ хандығына дейінгі тарихи мемлекеттер: Ақ Орда мен Алтын Орданың мәселесі» (Ж.М. Сабитов);

• «Музей экспозициясындағы Абылай ханның өмірі және мемлекеттік қызметі» (Қ.К. Әбуев) «Музейлік жәдігерлер ғылыми тарихи-мәдени дереккөздер ретінде» (В.Ф. Зайберт).

Конференцияның екінші бөлімінде «Қазына Prezent» музей жобаларының мультимедиялық таныстырылымы өтті. 

Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров атақты Жәнібек ханның дулығасын көпшілікке таныстырды. Ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақтаулы тұр. 

Италияның Болон университетінің профессоры Жан Лука Бонора және Марал Қылымжанқызы Хабдуллина «Қазақ хандығы құрылу кезеңіндегі Сарыарқаның мәдени сәулет өнері» таныстырымын ұсынды.

ҚР Тұңғыш Президенті музейінің қызметкері Серік Қазкенұлы Сағымбаев Абылай ханның қылышы туралы айтып берді. Қылыш ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде сақтаулы тұр. 

Сонымен бірге, ҚР Тұңғыш Президенті музейіндегі қорлардың меңгерушісі Ұлжан Тұрсынқызы Садықова «Қазыбек бидің шапаны. Жаңғырту мен консервациялаудың әдістері» тақарыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар, түстен кейін фестиваль қатысушылары мен қонақтарына сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің «Өнер — Fest» көрме-жәрмеңкесі ұсынылып, Ақмола тарихи-өлкетану музейінің залдарында театрландырылған экскурсия, «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі өткізілді.

Барлық фотосуреттер мұнда

Алена ДЕМЧЕНКО