Астанада әскери шеру өтті
08.05.2015 2736
Биылғы әскери шеру кейінгі жылдарда өткізілген парадтармен салыстырғанда ауқымдылығымен әрі көркемділігімен ерекшеленді.

Жеңіс күні қарсанында, 7 мамырда Республикамызда Отан қорғаушылар күні атап өтіледі. Отан қорғаушының зор мәртебесі – мемлекет қауіпсіздігі және азаматтарымыздың тыныштығын қамтамасыз ету саласындағы армияның еңбегін мойындау. Сонымен бірге, бұл Қарулы Күштеріміз және погондары бар адамдарға деген ерекше құрметтің белгісі болып табылады.  


Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруді ҚР Президенті, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ашты: 

«Қымбатты отандастар, қазақстандықтар, құрметті әскери шеруге қатысушылар, жауынгерлер мен офицерлер, сіздерді Отан қорғаушылар күні және келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын! Екі мерекенің қатар келуі кездейсоқ емес. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгінгі буынның әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек – Жеңістің басты негізіне айналды. Барлық соғыс және еңбек ардагерлерін Ұлы Жеңістің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің жауынгерлігіңіз, еңбектегі ерлігіңіз халқымыздың барлық буынының жадында мәңгі сақталады.

Құрметті қазақстандықтар, біз 5 халықтық реформаның жоспарын жүзеге асыра бастадық. Олар жаңа ұрпақ үшін келешектегі көп жылдарға ілгері жол ашады. Бұл – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолы. Біздің барлық жетістіктеріміз – жаңа биіктерге бастайтын ынталандыру.

Биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Конституцияның бірінші сөзі «Біз, Қазақстан халқы…» – бұл көпұлтты халық бірлігінің мызғымас формуласы. Біз ең басты құндылықтарымыз – тәуелсіздікті, татулық пен тұрақтылықты ғасырдан ғасырларға сақтауға тиіспіз…

Отан қорғаушылардың қатарында біздің айбарлы Қарулы Күштеріміз тұр. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде еліміздің әрбір әскери қызметшісіне айтарым, сіздерге биік міндет – Қазақстан егемендігі мен азаматтардың тыныштығын қорғау жүктелген. Осы қасиетті парызды адал орындаңыздар.

Бүгін біздің айбынды жауынгерлеріміз осы алаңнан салтанатты шеру тартып өтеді. Бұл – Ұлы Жеңіске және Отан қорғаушылар күніне көрсетілген құрмет. Мерекелеріңізбен, құрметті қазақстандықтар! Айбарлы армиямыз жасасын! Қазақстан жасасын!»

Шеруге еліміздің Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлері мен әскери техника санының рекордтық көрсеткіші тартылған. 5000-ға жуық әскери қызметкер, 200 бірлік шамасында қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Қазіргі заманғы ҚР Қарулы Күштерімен қатар Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері көрсетілді.  

Ту ұстаушы топтардың ҚР Мемлекеттік Туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рахымжан Қошқарбаев және оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің Қызыл туын алаңға алып келу мен алып шығу рәсімі ұсынылды. Әскери Ту Қазақстанға Мәскеудегі «Тағзым тауынан» әкелінген болатын.

Жаяу колонналардың сапын Республикалық «Жас Ұлан» мектебінің барабаншылар ротасы бастады.


Одан соң Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери киім киген үш парадтық топ жүрді. Бірінші топтың құрамы Ұлы Отан соғысы жылдарында отандастарымыз шайқасқан 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери туын алып өтті.


Әскери шеруді ҚР Қорғаныс министрлігі, Құрлық әскері, Әуе қорғанысы күштері және Теңіз әскери күштері офицерлерінің парадтық топтары жалғастырды.


Парадтың тарихи бөліміндегі әскери техниканың сапын Т-34 танкі бастады. Сонымен бірге, тарихи бөлімде ЗИС-2 зеңбіректері мен М-30 гаубицалары бар ЗиЛ-157, атақты БМ-13 РС-30 «Катюшасы» мен «Максим» пулеметі көрсетілді.


Парадтың заманауи бөлімінде әскери техникасы қашықтықтан басқарылатын қарумен жарақтандырылған Т-72Б танкі бастады. Сонымен бірге алаңда танктерді қолдау жауынгерлік машиналары, «Солнцепек», жаяу әскер жауынгерлік машиналары, БТР-82 бронетранспортерлері, Д-30, «МСТА» гаубицалары, КамАЗ автокөліктері, «Тигр» броньды көліктері, «Кобра» жауынгерлік барлау көліктері және Қазақстан армиясының қарулануына алынған басқа да заманауи әскери техника өтті. 


Шерудегі ерекше көріністің бірі авиа-шоу болды. 


Парад өз мәресіне жеткенде авиаторлар көк аспанда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап «70» санын сомдап өтті. 


Барлық фотосуреттер мұнда

Алена ДЕМЧЕНКО