«Мәңгі есімізде» акциясы мәреге жетті
08.05.2015 1455
«Отан қорғаушылар» монументінде өткен «Мәңгі есімізде» акциясы өз мәресіне жетті.

6 мамыр күні 11.00-де Астана қаласының «Отан қорғаушылар» монументінде «Мәңгі есімізде» акциясы өз мәресіне жетті. Оған соғыс ардагерлері және ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметкерлері қатысты.

2015 жылдың қаңтар айында ҚР Қарулы Күштерінің ұйытқы болуымен аталмыш акция бастау алған еді. Ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Бұл іс-шара қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы – қанды соғыстың қиямет-қайымын өз көзімен көріп, жүрегімен сезінгендер және майдан туралы мәліметті аға ұрпақтан естіп қана білгендердің басын бір ортаға біріктірді.

Акция аясында ҚР Қарулы Күштері ҚР ҚК аймақтық командованиелерінің және ҰОС ардагерлерінің суреттерінің фотогалереясын жасады. Майдан даласында қаза тапқандар мен ардагер-жауынгерлердің суреттері арнайы баннерге салынып, барлық әскери бөлімдер мен бөлімшелерге қойылды.

Ол 1930 жылдан бастап біздің заманымызға дейінгі фотосуреттер баннерлерде көрініс тапты. «Мәңгі есімізде» акциясы ұрпақтар сабақтастығына ұйытқы болып қана қоймай, әр ардагердің тарихына, өмір жолына үңіліп қарауға үндеді. Сонымен қатар акцияға қатысушылардың фотосуреттерінен мозаика жасалып, бүгінгі іс-шарада көрсетілді.

Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері мен әскери қызметкерлер «Отар қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен қан соғыстан қайтпаған жауынгерлерді еске алды.

«Мен – соғыс баласымын. Алматыда 1932 жылы дүниеге келгенмін. Соғыстың басталғанынан аяқталған уақытына дейін бәрі есімде. Молотов фашисттік Германияның басып кіргенін жарияласа, Сталин Жеңісімізді айтып жеткізді. Мәлик Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы секілді батырлар бізге нағыз үлгі еді, олар мәңгі үлгі болып қала бермек… Міне, бүгінгі іс-шарада әсіресе көңілім толқып, кеудемді қуаныш кернеп тұр!», – деді бізге берген сұхбатында запастағы подполковник Борис Халтурин.

Акция ҚР Қарулы Күштерінің 600 офицерінен құралған желаяқтардың жеңілатлетикалық жүгіруімен жалғасып, Бауыржан Момышұлы ескерткішінде өз мәресіне жетті.