«Абырой мен парыз» монографиясының тұсауы кесілді
06.05.2015 1786

5 мамыр күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Абырой мен парыз» ұжымдық монографиясының тұсаукесер рәсімінде ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО басшылары, тарих пәнінің мұғалімдері басқосты. Іс-шара барысында жаңадан жарық көрген монографияның мазмұны мен маңызы айтылды. 

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев модераторлық еткен жиында монографияның авторлары мен тарихшылардың пікірі тыңдалды. Атап айтқанда, Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев; аталмыш институттың ғалым хатшысы мен бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаттары Анара Ғабдуллина мен Николай Лапин; тарих ғылымдарының докторы, профессор Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Зиябек Қабылдинов, Украина мәдениет және ғылым орталығының директоры, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің шақырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Петр Токарь өз пікірлерін ортаға салды.

Бұрын хабарлағанымыздай, кітапты дайындап, жазу барысындағы басты мақсат – соғыстың шын мәнінде қалай болғанын көрсету. Мемлекет тарихы институтының авторлық ұжымы деректердің мол қорын – мұрағаттық деректерден бастап, советтік және неміс генералдары мен маршалдарының мемуарлық әдебиеттері, саяси қайраткерлер мен дипломаттардың зерттеулерін пайдалану арқылы, соғыстың басынан бастап, оның токиолық әскери трибуналармен аяқталуына дейінгі кезеңді толығынан көрсетуге әрекет жасады. Кітапта 1939 жылдан 1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысында болған маңызды кезеңдер көрсетілген.

– Бұл монография – архив материалдарынан құралған құрғақ жиынтық қана емес, бір топ ғалымдардың зерттеу жұмыстары мен ортақ пайымдары көрсетілген еңбек. Онда тыл еңбеккерлерінің ерлігі және жер аударылған халықтар тағдыры да көрініс тапқан. Кітапты бүгін өзімізде алғаш рет қолымызға алып отырмыз. Болашақта монографиялық еңбекті барлық оқу орындарының кітапханаларында және арнайы кітап дүкендерінен алып оқуға болады, – деді бізге берген сұхбатында Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Сергеевич Лапин.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ұжымдық монографияның жауапты редакторы Бүркітбай Аяған қорытындылап, тарихи зерттеулер толықтырылып, ары қарай жалғасатындығын айтты.