«Абырой мен парыз» монографиясының тұсаукесері өтуде
05.05.2015 1471
2015 жылы 5 мамыр күні сағат 16.00-де ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ҚР Ұлттық кітапханасында «Абырой мен парыз» кітабының тұсаукесері басталады.

2015 жылы 5 мамыр күні сағат 16.00-де ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ҚР  Ұлттық кітапханасында «Абырой мен парыз» (Еуропа елдеріндегі Екінші Дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы) атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтеді.

2015 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленеді. Келер ұрпақ үшін осы жылы Ұлы Отан соғысының белгісіз парақтары мен нəтижелері сарапқа салынады. 

2014 жылдың 9-мамырында, ардагерлердің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті — Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ə. Назарбаев: «Жеңіс күні — ұлы мейрам. Əкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспанның астында өмір сүріп жатырмыз, мықты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қараймыз. Отанымыздың миллион сегіз жүз мың ұл мен қыздары шайқастарда күресті. Миллиондаған қазақстандықтар жұмыс істеп, майдан үшін, жеңіс үшін бəрін берді», — деген болатын. 

Ұлы Отан соғысындағы Ұлы жеңіске Кеңес Одағының барлық халықтары бірдей үлес қосты. Антигитлерлік коалиция құрамына кірген мемлекеттердің құрамындағы ұлттардың да жеңіске қосқан үлесі зор. Сондықтан да Екінші дүниежүзілік соғыс қасіреті барлық адамзатқа ортақ, сонымен қатар қазақ халқы үшін. 

Кітапты дайындап, жазу барысындағы басты мақсат — соғыстың шын мəнінде қалай болғанын көрсету. Мемлекет тарихы институтының авторлық ұжымы деректердің мол қорын — мұрағаттық деректерден бастап, кеңестік жəне неміс генералдары мен маршалдарының мемуарлық əдебиеттері, саяси қайраткерлер мен дипломаттардың зерттеулерін пайдалану арқылы, соғыстың басынан бастап, оның Токиолық əскери трибуналмен аяқталуына дейінгі кезеңді толығынан көрсетуге əрекет жасады. Кітапта 1939 жылдан 1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік жəне Ұлы Отан соғысында болған маңызды кезеңдер көрсетілген. 

Кітапты дайындау барысында авторлық құрамы Алматы, Мәскеу, Украина, Белоруссия қалалары ғалымдарының зерттеулерімен толықтырылды. 

Көптеген суреттер, құжаттар ғылыми айналымға бірінші рет берілуде. Ғалымдардың таңдаған құрылымы оқиғаларды жылдар бойынша баяндап, оқырманға соғыстардың толық хронологиясын көрсетуге мүмкіндік жасайды. 

Кітапта мұрағат деректеріне сүйеніп, тыл еңбеккерлерінің ерлігі жəне жер аударылған халықтар тағдыры да көрініс тапқан. 

Шетелдік мұрағат мəліметтерін пайдалану арқылы «Түркістан легионының» тағдыры, соғыс тұтқындарының қайғылы қасіреті көрсетілген. Авторлар отандық тарихнамада алғаш рет «хиви» деп аталатындарға қатысты жабық тақырыпқа қалам тартты. Мамандардың есептеуіне қарағанда, «хиви» құрамына 600 мыңнан 1 миллионға дейін кеңес азаматтары кірген. 

Өңдегеннен соң кітаптың электрондық мəтіні ғаламторға арнайы файлға орналастырылады, тəуелсіз қол жетімділік тəртібінде кез келген адам өзінің ұсыныстары мен толықтыруларын енгізе алады. 

Соғыста қаза тапқан солдаттарды жадымызда сақтау үшін Мемлекет тарихы институтының ғалымдары үш бөлімнен тұратын зерттеулер: ұжымдық монография, соғыс ұрыстарының планшет-сілтемесі және Интернет-альбом дайындады, интернет-альбомда құжаттар, суреттер, соғыс тұтқындарының суреттері, қаза тапқан солдаттардың тізімдері және тағы басқа көптеген құжаттар берілген. Әрбір адам Мемлекет тарихы институтының саитына кіріп бұл құжаттармен «Абырой мен парыз» айдарында таныс бола алады.

Тұсаукесер жұмысына ҚР Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ЖОО басшылары, тарих пәнінің мұғалімдері, мектеп мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысады.