2 мамырда «MEGA Astana» және «Керуен» ойын-сауда орталықтарында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккеннен кейін 70 жыл өтті. Тарих беттеріндегі кеңес әскерлері мен олардың аналарының, әйелдері мен қарындастарының ерлігі есте сақталып, батырларға құрмет көрсетілуде. Алайда, өкінішке орай, ортақ жеңісіміздің жолында өз өмірі мен денсаулығын тәрк еткен мыңдаған, жүздеген, миллиондаған тұлғалардың тағдыры тарих тасасында қалып қоюда...
«Бір суреттің тарихы» фотокөрмесінің басты ерекшелігі де осы.
2015 жылдың 9 ақпанынан бастап «Қазақстан тарихы» веб-порталы (e-history. kz) Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Бір суреттің тарихы» жобасын жүзеге асыра бастады. Қазақстандықтар үш ай бойы веб-порталдың редакциясына Ұлы Отан соғысына қатысқан туған-туыстарының, таныстарының және көршілерінің фотосуреттерін жолдады. Редакцияға келіп түскен жүзге жуық хаттар мен суреттер бізді фотокөрме ұйымдастыруға шабыттандырды. Осылай, «Бір суреттің тарихы» бірегей көрмесінің кешенінде ҰОС ардагерлерінің және тылдағы еңбеккерлердің фотосуреттері мен оқиғалары жиналды.
ҚазҰӨУ студенттерінің қатысуымен концерт ұйымдастырылып, фотокөрменің шымылдығы ашылды. Көпшілікке белгілі «Әлия», «Тырналар», «Жеңіс күні», «Құлпынай» соғыс әндері шырқалды.
Көрмеге келгендердің барлығы Ұлы Отан соғысында шайқасқан қарапайым қазақстандықтардың тағдырымен танысуға, тылдағы қариялардың, әйелдердің және балалардың қайғы-қасіретін сезінуге, олардың суреттегі жүздерін көре отырып, оқиғаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Әр фотосуретте орналастырылған QR коды арқылы батыр туралы толық оқиға оқуға болады.
«Бір суреттің тарихы» көрмесі 2015 жылдың 11 мамырына дейін жалғасады.
«MEGA Astana» ОСО және «Керуен» ОСО, ҚазҰӨУ-не шараны ұйымдастыру мен өткізу барысындағы көмегі үшін алғысымызды білдіреміз.
Әр жіберілген фотосурет және оқиғамен МҰНДА танысуға болады.