Қазақтардың Аңырақайда асырған айласы
09.12.2016 3941
Аңырақай шайқасы – қазақтардың қалың қалмақ қолына қарсы тұрған ерліктің сипаты. Бұл бүгінгі ұрпаққа тарлан тарих бетіндегі дерек пен дәйек ретінде емес, үлгі – өнеге тұрғысында берілуі тиіс

Аңырақай шайқасына қатысты сенімді халық аузындағы фольклорлық дерек көздеріне қарасақ, жоңғарлармен отан қорғау жолындағы атышулы Аңырақай шайқасы болған жер Алакөл жазығында Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде болған. Ал Аңырақайдың табиғи шекарасын межелер болсақ оңтүстік-батысында су айыратын сала, солтүстік-шығыста Бескөл, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып, барлығы 210 шаршы шақырымдық жерді құрады. Дәл осы жер жоңғарлардың сойқын жорығына нүкте қойған әскери қимыл орталығы болды.

Зерттеушілер Аңырақай шайқасы өткен жер үшбұрышты түрде екенін анықтаған. «Аңырақай үшбұрышын» мекендеген халық өз жерін шет жаулардан сенімді түрде қорғаған. Бір ғана осал тұсы тек солтүстік-шығыс жағы Қопалы, Қаракемер, Сарыбұлақ алқаптары бөліктері жау кіре алатындай әлсіз қорғаныс болған. Осы өңірден қазақ даласының оңтүстік бөлігі мен солтүстік-батысын алып жататын ұзындығы 8-10 шақырымдай Үлкен Қалмақ жолы өтетін. Міне осы тұрғыда Аңырақай әскери-стратегиялық маңызға ие болғанды.

XVII ғасырдың екінші жартысынан XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы Жоңғар хандығының Шу мен Талас өзендері аралығында 19 немесе одан да көп әскери-қорғанысы болғанын айтады. 1728 жылы сол жердегі 5 мыңдай жауынгердің бас командирі етіп жоңғар ханы Қалдан Серен күйеу баласы Лацзан Серенді тағайындаған. Сол басқарған ойраттардың қалың қолы Аңырақай түбінде қазақ әскеріне қарсы шықты.

Сол заманда жоңғарлардың Жетісудің оңтүстігіндегі ең қуатты бекінісі болған. 1653-1667 жылдары салынған жергілікті халық арасында Қалмақтөбе аталып кеткен бекінісі Аңырақай тауының солтүстігінде орналасқан.

Тағы бір Аңырақайға қатысты шешуін таппаған сұрақ болған уақыты себебі тарихшы зерттеушілер бізге екі түрлі жылды алға тартады, бірі 1729 жыл, екіншісі 1730 жыл. Осыған толығырақ толығырақ тоқталсақ.

1729 жылы Қытай Жоңғар хандығымен соғыс ашатынын жария етіп, жыл соңында әскери күшін шоғырландырды. Содан келіп Жоңғар мемлекеті Қытайға қарсы Жетісудағы сенім артқан, қуаты мықты Аңырақай түбіндегі қолын қозғады, дәл осы уақытты сәтті пайдаланған Әбілқайыр хан бастаған қазақтар 1730 жылы Шу, Талас өзендері арқылы, оңтүстік-батыс Балқаш маңына қарай ығысып Аңырақай түбіндегі шешуші шайқас өрті осылай тұтанды. Айта кету керек осы жерде Әбілқайыр хан сол кездегі әскери тактиканың озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.

Қазақтың қалың қолы Аңырақай жеріне Үлкен Қалмақ жолы арқылы емес, қарама-қарсы екі бағыттан Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы Шу алқабынан келді. Мұндағы негізгі мақсат Аңырақайды сыртынан қоршап алып жоңғардың негізгі әскері орналасқан (5-6 мың) Қалмақтөбе бекінісін жою болатын.

Жоғарыда айтып кеткендей Әбілқайыр хан осы жерде халық арасында көпғасырлық тарихы «дала соғысы» тәсіліне сүйенді. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болары ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып, ойраттарды тысқыра қуып тауға қашуға мәжбүрледі. Қашқан жауды Аңырақай шатқалынан садақшылар қарсы алды. Күтпеген қарсылыққа тап болған жоңғар қолы осы жерде күл-талқаны шығып жеңілді, қазақтың кең байтақ жеріне көз тіккен қалмақтар арасындағы осы жерде біржола нүкте қойылды.

Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серенмен бейбіт келісімшарт жасады. Артынша Әбілқайыр солтүстік-батыс шекараға қайтадан қауіп төндіріп тұрған орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен, қалмақ және башқұртпен қатынасты реттеуге аттанды.

Аңырақай шайқасын қазақ тарихында алатын орны айрықша себебі, біріншіден кезек күттірмес Отан қорғау жолындағы ерлігі десек, екіншіден 2-3 мың қазақ жасағының өзінен әскері көп қалмақ қолына қарсы тұрып оны жеңуі. Яғни олар осы уақытқа дейін бекем қалыптасып кеткен деректерді - шешуші шайқасқа екі жақтан да кемі отыз-қырық мыңнан жауынгер қатысқандығын және ұрыстың бір жарым айдай уақытқа созылғандығын салқынқанды пайымдауларымен жоққа шығарады.

Үш ғасырлық тарихы бар Аңырақай шайқасы тек ХХ ғасырдың басында ғана қағазға түсірілген. Оған дейін атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауызша тарих түрінде жеткізілген.

Аңырақай шайқасы сегіз жылға жуық уақытқа созылған қазақ-ойрат соғысындағы шешуші ұрыс болды, ол қазақ халқын өзінің байырғы күшті қарсыласын біржолата жеңуге алып келді, сөйтіп, үш жүздің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы жоңғарларды бұрын жаулап алған аумақтарынан қуып шыққан қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде аяқтады. Ол қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға септесті.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)