«Біз бір халықпыз» тақырыбында фестиваль-сабақ өтті
05.03.2015 3416
4 наурызда ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде ҚХА-ның 20 жылдығына арналған «Біз бір халықпыз» тақырыбында фестиваль-сабақ өтті.

Шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі мен Астана қаласының Білім басқармасы. 

Фестиваль-сабаққа Дарынды ер балаларға қазақ-түрік лицей-интернаты, «№ 47 балабақша-мектеп-гимназия» кешені, «АСУ» гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері қатысты. 

Оқушылар әртүрлі ұлттың салт-дәстүрлерін көрсете отырып, өздеріне көп мағлұмат алды және жұртшылыққа өте жақсы жеткізе білді.

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына үңілу, қазақ жеріндегі әр түрлі ұлттардың бірлігі мен достастығын көрсетуді мақсат етті. Сабаққа қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасу тарихына қысқаша шолу жасай отырып, оның даму кезеңіне талдау жасап, республикада ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау үшін аталған институтты құру идеясы бірегей және дер кезінде қабылданған шешім екенін атап өтті. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

Бұл шара дүние жүзіндегі татулық пен түсіністікті сақтаудағы теңдесіз ұйым ретінде бағаланатын Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына арналады. Шараның тілегі бір жүздеген ұлт елдегі бірлікті бекемдей түсуге негіз қалаған достық пен татулықты ту етіп ұстанып, ұлттық-мәдени салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрып, өнер мен мәдениетті қалыптастыра отырып дамыту, кейінгі ұрпаққа өнегесі мол тәлім тәрбие беру.

Қазақстан жеріндегі басқа ұлттардың мәдениетіне, салт-дәстүріне құрмет пен толеранттылық таныту негізінде қазақ, украин, кәріс, тәжік, армян, әзірбайжан тілдерінде әндер шырқалып, би биленді. «Ұрпақтар үндестігі», «Бірлік» тақырыбында сахналандырылған көріністер арқылы Қазақстан халқының құрамындағы 130-дан астам ұлттың салт-дәстүр жалғастығы мен мәдениеттердің өзара байланысын көрсете білді. 

Олардың көптегендері патша өкіметінің көші-қон саясатының нәтижесінде Қазақстанға келген, ал басқалары кейінгі сталиндік саясатқа ұшырап, жер аударып жіберілген. Ал олардың кейбіреулері тың игеру үшін Қазақстанға өз бетімен көшіп келген. 

Фестиваль-сабақтың соңында № 1 балалар музыкалық мектебінің оқушылары «Отандастар» әнін орындап шықты.