Астанада Ассамблея жылы ашылды
09.02.2015 1264
Алтыншы ақпан күні Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуы өтті.

6 ақпан күні Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуы болып өтті. Ассамблея жылының салтанатты ашылу рәсімі Астана қаласында жергілікті уақытпен сағат 11.00-де басталды. Осыған орай Астанада ҚХА жылының туын көтеру салтанаты өтті. Бейбітшілік және келісім сарайынының алдында қоғамдық қайкаркерлер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, олимпиялық ойындардың чемпиондары, белсенді жастар, қала тұрғындары бас қосты.

Бейбітшілік және келісім сарайынының алдындағы алаңда «Жастар қоғамдық келісімді қолдайды» атты флеш-моб басталды. Флеш-мобқа 500-ге жуық әртүрлі ұлт өкілдері қатысты. Флеш-моб елімізде тұратын халықтар арасындағы достықтың бейнесін білдіреді.


ҚХА жылының Туын көтеру рәсімі орындалғаннан кейін, қатысушылардың назарына этномәдени бірлестіктердің қолөнер шеберлері туындылары қойылған «Халық мұрасы» атты халықтық-қолданбалы өнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұсынылды. Шағын көрмеде Қазақстанның көптеген аудандарынан келген шеберлер жиналды. Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі — қолөнердің туындылары көрсетілді.

Ұлттық кәдесыйларды жасаушы шебер, Астаналық Айнагүл Қуанғалиева 


«Негізінде, қазақ ұлттық киімі үлгісіндегі қуыршақтарды жасау — бұл менің үйреншікті ісім. Осымен 20 жылдан бері айналысып келе жатырмын. Композиция жасағанда, халқымыздың дәстүрлеріне ерекше көңіл аударамын. Бұл отбасыға арналған «Ажыратпайтын» тұмары, ол отбасының бір шаңырақтың астында тұрып жатқанын сақтайды».

Киізден бұйым жасаугы, Шымкенттік шебер Раушан Бопанова. 

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басталуы» синхрон-акциясы республикамыздың барлық облыстарында қатар ұйымдастырылды.

Астанада Ассамблеяның 20 жылдығына арналған этносаралық әрекеттестікті арттыруға бағытталған ірі мәдени іс-шараларды жыл бойы өткізу жоспарланған. Мерекелік этнофестивальдар, астаналық оқушылар үшін бейбітшілік және келісім дәрістері, балалар шығармашылығының сайыстары және мемлекеттік тілді меңгеру сайыстары өткізіледі. Сонымен қатар, қалалық ЖОО мен мектептерде мәдени бірлестіктер күндері болады. 

2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы тиісті Жарлыққа қол қойды. Ассамблея жылы аясында қазақ хандығының 550 жылдығы да атап өтіледі. Сондай-ақ Ата заңның 20 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдық мерейтойы да бар. 2015 жылы 1 желтоқсанда ҚХА жылының қорытындысы шығарылады.