Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласында бастама көтерген жаңа жобаларын іске асыру жоспарларын талқылауға арналды
Бүгін Ақордада Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Отырыстың жұмыс күн тәртібі Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласында бастама көтерген жаңа жобаларын іске асыру жоспарларын талқылауға арналды.
Отырысты ашқан Ә.Исекешев Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа бағдарламалық мақаласының ерекше маңызына тоқталып, оны тез арада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпы ұстанымдары арнасында практикалық толықтыру қажеттігін баса атап өтті.
«Мемлекет басшысының мақаласында ұсынылған жобалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылады.Сондықтан жаңа бағдарламаны іске асыру жұмысын үйлестіру Ұлттық комиссия аясында ұйымдастырылатын болады», – деп атап өтті Ә.Исекешев.
Негізгі баяндама жасағандар: В.Божко, С.Көшкімбаев, Б.Әбдіғалиұлы, Д.Кәлетаев, А.Мұхамедиұлы және Ж.Түймебаев.
Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Үкіметке «Ұлы даланың жеті қыры»мақаласының өзекті міндеттерін ескере отырып 2019-2020 жылдарға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірыңғай іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды.
Министрліктер мен өңірлер басшыларына «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» және т.б. жаңа жобаларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Еске сала кетер болсақ, Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру, елдің одан әрі ілгерілемелі мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
Комиссия құрамына танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңірлердің, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, саяси партиялар өкілдері кірген.