Астананың ең алғашқы марапаты: 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғарғы атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланды. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарих басталды. Қазақстан халқы өз тарихында тұңғыш рет ел астанасын айқындады. Бұл – тәуелсіздігіміздің ең басты жеңісі. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Елорданы Ақмолаға көшіру туралы ұлы идеясы тарих беттерінде алтын əріптермен жазылды.
Қазақстанның бүгінгі төрткүл дүниені өзіне қаратқан жеңістерінің, негізінде ел Президентінің туған топырағына қылаусыз арналған осынау перзенттік махаббаты жатқандығы күн мен айдай ақиқат. Өтпелі жылдардың қатпарлы қиындықтары мен азаматтар санасындағы толқуларды сарапқа салар болсаңыз, халықтың тағдырына жауапты тұлғаның қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан да сол сүйіспеншілік екендігіне көз жеткізе түсесіз.
Жаратылыстың тылсымы көп, адамның өзгелер түгілі өзін өзі түсінуі – қиынның қиыны. Қазанат көңіл қанатты ойларға кез келген бауырын жазбай жатып барлығады. Бүгінді ертеңге, ертеңді болашаққа адастырмай, жақсылықты жалғастыратын терең пайымдар көптің кейін көкейіне қонғанша уақыт та, төзім де керек. Мезгілінен жылдар бойы озық кеткен кең тынысты, заманалық идеялар өзіне күрес үстінде жол ашады. Президенттің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі ұсынысы нақ осындай халді басынан кешірді.
«Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Қазақстан Республикасы Президенті 1995 жылғы 15 қыркүйектегі Заң күші бар Жарлығына, «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі №106 қаулысына сәйкес жарлықты пленарлық мәжілісте жариялағаны белгілі. Ашығын айтқанда, жарлық жарық көрген күннен бастап, түрлі басылымдар тар шеңбердегі, жергілікті мүдделерді күйттеген пікірлер шыға бастады. Бірі астананы ауыстыру елді экономикалық тұралату деп даурықты, екіншілері оның астарынан республика басшылығының сол кездегі əлеуметтік-шаруашылық қиындықтардан халықтың назарын аударып əкетудің амалын іздеп əуреленді. Қайсыбір саяси топтар ашық қарсылыққа көшіп, жекелеген ұлт өкілдерінің этникалық жөнсіз талаптарына ұлардай шулатты.
Президент тәуекелінің астарындағы көрегендікті жылжымалы өткен жылдар айқындап жатыр. Астана қасқағымдай жылдар ішінде ел экономикасының қозғаушы күшіне, рухани қуатқа, халық мақтанышына айналды. Елорда арқылы өңірлер бой түзеді, республика көлемінде бұрын-соңды болмаған алып құрылыс тоқырай бастаған өндірісті қайта жандандырды, жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, ел экономикасына миллардтаған доллар инвестиция құйылды, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Республика тоқырау кезеңін артқа тастады. Ежелгі Есілдің жағасында көрікті шаһары қанат жайды, қазақ елі үшінші мыңжылдыққа сай кесек қимылдай алатын, əлемдік өркениетке үлес қосуға қабілетті ел екенін паш етті.
Халық пен елдің тарихы үшін жиырма жыл дегеніңіз – уақыттың қысқа ғана кезеңі. Алайда Астанада ол кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы болды. Осы уақыт аралығындағы тындырылған ұйымдастыру жұмыстарыны мен жеткен жетістіктеріне тоқталайық:
Бірінші кезең, 1998-2005 жылдарды қамтыды. 1996 жылы Президент жарлығымен Ақмолада еркін экономикалық аймақ құрылды. Еркін экономикалық аймақ қала құрылысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катализатор болды. Табысты жұмыс нәтижесінде аймақ жұмысынан түскен табыстың 60 пайызын алып отырды. Бұл кезеңде республика Үкіметі 2001 жылғы тамыз айында бекіткен, Кисе Курокаваның шығармашылық тобы әзірлеген ескі қаланы қайта салу жоспары бас жоспарға өзгертулер енгізуге мәжбүрледі. Астаналық мәртебеге ие болған сәттен бері салынған инвестиция мөлшері іс жүзінде 30 есе, ал өңірлік жалпы өнім 90 есе өсті. Үдемелі индустриялдық инновациялық дамудың бағдарламасы бастау алды. Астананың ең алғашқы марапаты: 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғарғы атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды. Осы жылы елімізде алғаш рет халық санағы жүргізілді. Республика бойынша 14 953 123 адам тіркелсе, бұл кезде Астана тұрғындарының саны 319324 адамға жетті. 2000 жылы Астана «Халықаралық астаналар мен ірі қалалардың ассамблеясына» мүше болды. Көп ұзамай Астана айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселен, 2001 жылы Астанаға Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалықтың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик шіркеуі басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2003 және 2006 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбашыларының екі съезі өтті. 2003 жылы дүниежүзіндегі алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. Біз әлемге діндер арасындағы үнқатысу мүмкін екендігін көрсеттік, өйткені, олардың бәрі жасампаздық пен адамзаттың игілігі идеясына негізделді.
Екінші кезең, 2005-2010 жылдар аралығын қамтиды. 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді. Астана экономикасының қарқынды дамуы қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға жеткізді. Орташа айлық жалақы 6 еседен астам өсіп, 80 мың теңгеге жақындады. Жұмыссыздықтың деңгейі 1999 жылғы 14 пайыздан 2007 жылы 7 пайызға түсті. 2008 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бұл күні барша қазақстандықтар Астана күнін тойлайды. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» атты байқау-конкурста Астана 16 жүлденің 9-ын алды. Сол жылы Астана тұрақты да сенімді дамуға, жаңа технологияларды енгізуге, әлеуметтік қорғауға, тарихи- мәдени мұраны сақтауға, көркейтуге және көгалдандыруға қатысты категорияларда үздік қала болып танылды. 2009 жылы Астанада республика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген дарынды балалар қабылданды. Елордамыз Астана болғалы бері ұлы ғалым және еуразияшыл азамат Лев Гумилев атындағы жаңа Еуразия университеті ашылды. Астана тез арада-ақ Қазақстанның ғана емес, ТМД-ның көптеген елдері мен алыс шет елдерден келген студенттер мен ғалымдардың қаласы болып алды. 2010 жылы арадағы он жылдық үзілісті жалғаған ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын қосқан Астана саммиті өтті.
Үшінші кезең, 2011-2017 жылдар аралығында Астананың жеткен жетістіктері көз қуантады. Әлемнің 27 елінен келген мыңнан аса спортшы қатысқан Азияда ойындарының ашылу салтанатын, 2011 жылы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының бой көтеруін, 2012 жылы Орталық Азиядағы ең үлкен «Әзірет Сұлтан» орталық мешітінің ел игілігіне берілуін, 2013 жылы «Астана Опера» театрының тұсаукесерін, 2014 жылы Ұлттық мұражайдың ашылуын, 2015 жылы Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойын тойлауын, 2016 жылдың 4 шілдесіне миллионыншы тұрғынның дүниеге келуін қалай айтсақ та жарасады. Күні кеше «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Ұлы Дала төрінде таныстырылып, 114 ел мен 14 халықаралық ұйымның басқосуы да керемет жағдай.
Биылғы жылы Елорданы Астанаға көшіру тарихи шешіміне жиырма жыл толуын атап өтудеміз, ал 2018 жылы 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесеріне 20 жыл толуына дайындалу үстіндеміз. Соған орай, мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының елордасы Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімге қол қойды.
Елбасымыз Астананың он жылдық мерейтойына арналған жиында елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берген «Астана – Қазақстан халқының орындалған үміті мен арманының көрінісі. Тәуелсіз Қазақстан өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын ескере отырып, табысты даму жолына шықты. Бұл жеңіс – біздің елдің көп ұлтты халқының бірлігінің, адамдар арасындағы шынайы достықтың, қоғамдағы тұрақтылықтың нәтижесі. Біз өзіміздің күшіміз саналуандықта деген қағидат бойынша өмір сүрудеміз. Тарих этностық белгілері бойынша артықшылық идеясы оны уағыздаған халықтарға үлкен қырсық, бақытсыздық пен қасірет қана әкелгенін үйретеді. Сондықтан да біз Қазақстан қоғамының көпэтностылығына ұқыпты қараймыз. Бізде бір этностардың басқаларынан артықшылығы жоқ. Қазақстан – өзінің азаматтарының Отаны. Астана – жаңа Қазақстанның күш-қуаты және оның көпұлтты халқының жасампаз энергиясының көзі. Астана – біздің барлық азаматтардың үміті мен болашаққа деген сенімінің символы», – деген еді Елбасы мерейтойлық жиында.
Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің нышаны, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеудің айқын дәлелі. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен алып шаһарда әлем елдерінің көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдерді қабылдайды. Елдің мақтанышы саналатын көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрегімізді тебірентеді, мерейімізді тасытады. Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар таңданыспен қарауда. Астана ТМД бойынша ең қолайлы, ғажайып қала ретінде танылды. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз.
Айдана БӨДЕНЕЕВА